Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы «Әлқисса-Нұрғиса» концертімен басталады

2025 жылдың 1 сәуірінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Орталық концерт залында көрнекті композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса-Нұрғиса» мерейтойлық концерті өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйымдастырады.
Дара тұлғаның мерейтойы ел шеңберінде ғана емес, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сияқты халықаралық ұйымдардың деңгейінде аталып өтеді.
Концертте еліміздің ең үздік әртістері өнер көрсетеді. Кеште Нұрғиса Тілендиевтің әндері орындалып, қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылар шырқалады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары халықтың ыстық ықыласына бөленген әндерді тыңдай алады. Концертте ерекше бағдарламалар ұсынылады.
Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесі орасан зор. Оның шығармалары ел мәдениетінің асыл мұрасына айналды.