«NURIS» ТАБЫСТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ТАЛПЫНАДЫ
XXI ғасырда инновация прогрестің шын мәніндегі баламасына айналғаны рас. Күн сайын өзгереді десе де күпірлік болмайтын технологиялық үдеріс көшіне ілесіп отырғандар ғана жеңімпаз екенін «соңғы жылдары әлемдік қаржы биржаларында қандай компаниялардың акциясы өсіп жатыр?» деген сұраққа жауап іздеп-ақ білуге болады.
Хош. Әріге кетіп қалдық па? Өзімізді мегзесек, ғылыми қамтымды инновацияға сүйенген өндірістерді көбейтпей, іргелі, қолданбалы ғылыми ізденіске жағдай тудырмай айтып тауыса алмайтын шикізаттық экономиканың шекпенінен шыға алмайтынымыз анық.
Сондықтан емес пе, 2012 жылдың қыркүйегінде Елбасы үлкен үміт, жарқын мұраттарға жету үдесімен ашылған Назарбаев университетінде оқыған дәрісінде: «Назарбаев университеті – интеллектуалды-инновациялық кластер боп қалыптасуы тиіс. Үкіметке халықаралық тәжірибені зерттей отырып, оқу орны базасында арнайы экономикалық аймақ құруды тапсырамын» деген болатын.
Ғылыми ізденістерді өндіріске ұластырып, одан шыққан нәтижелі өнімді нарыққа шығаруды көздеген әлгіндей кластердің бүгінде нұсқасы айқындалып қалды. Ол «NURIS» деп аталады (Nazarbayev University Reasearch and Innovation System). Құрамына Назарбаев университетінің ғылыми орталықтары мен мектептері, Ұлттық медициналық холдинг, бизнес-инкубатор, коммерциализация кеңсесі, технопарк және тәжірибелік-өнеркәсіптік цехтар кіреді. Ал, келесі жылы университет аумағында әлемдік үлгідегі «Astana Business Campus» салынады.
Үздіксіз қуат беру мен қауіпсіз батареяның нұсқасы бар
О бастан өз келешегін ғылыми-зерттеумен айналысатын автономиялық оқу орны ретінде көріп, академиялық еркіндік алған Назарбаев университетінде қазірдің өзінде бірнеше қызықты жобалар қолға алынуда.
Университеттің энергетикалық зерттеулер орталығы қуат үнемдеу, энергия тиімділігіне қатысты бірнеше жоба ұсынады.
Мәселен, Асан Досаев атты жас ғалым жетекшілік ететін жоба жоғары вольтты импульстерді бәсеңдету арқылы электр желісі үзілген кезде де қуат беруін тоқтатпайтын аппараттық-бағдарламалық кешенді жетілдіруде. Асанның айтуынша, тек бұл ғана емес, 10-1150 кВ электр желілерін мұздақтан қорғаудың амалдары табылды. Қысы қатал, құрғақ континентальды белдеуде орналасқан елімізде мұндай өнертабыс төтенше сұранысқа ие болуға тиіс.
Сол секілді жаңғыртпалы қуат көздерін кәдімгі электр жүйесімен жалғайтын және электрмобильдерде қолдануға болатын сыйымдылығы жоғары экологиялық батареялар ойлап табылды. Сулы электролитті, құймалы-ионды аккумулятордың қазіргі біз көріп жүрген өте улы, жарылу ықтималдылығы жоғары органикалық электролитті батареяларға қарағанда қолдану мен утилизация кезінде қаупі аздау. «ЭКСПО-2017» қарсаңында келесі жылы Астанада электрмобильдерді қуаттау стансалары салынатынын ескерсек, оларды отандық өніммен қамтамасыз етудің мүмкіндігі ашылған сияқты.
Роботты техника өндірісті автоматтандыруға атсалысады
Назарбаев университетіндегі маңызды зерттеу бағыттарының бірі – роботты техника. Өнеркәсіпті автоматтандыру, медицина саласындағы теле-операция және қолайсыз қоршаған ортада қолданылатын роботтарды ойлап табу бойынша бірнеше зерттеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанда тек жалғыз осы оқу орнында зерттеу барысында 3D-принтер, роботтық манипуляторлар мен қозғалысты қадағалау жүйесі қолданылады. Мультифункционалды құрылғы мәліметті өңдеп, әртүрлі формадағы нысандарды тану мен басқаруда жаңа алгоритмдерді пайдаланады. Осы арқылы біз өнеркәсіптерді автоматтандыруға өз септігімізді тигізгіміз келеді» дейді Назарбаев университетінің ғылым және технология мектебінің профессоры Атакан Варол.
Адамның тікелей араласуын азайтуды мақсат тұтқан қазіргі технологияның беталысы университеттің компьютерлік ғылым зертханасына да бөтен емес. Ғылыми қызметкер Қайрат Айтбаевтың жетекшілігімен былтыр сәуірден басталған интерактивті жарнама сөресі қимыл-қозғалысты, дауыс пен ымды сезіне алатын ерекшелігімен тартымды. Айталық, аталмыш мультимедиялық сөре көрмеде немесе сауда орталықтарында гид-навигатор, интерактивті католог қызметін атқара алады.
Жұқпалы дертке диагноз қою құрылғысы
Ұлттық медициналық холдинг базасында денсаулық сақтау саласындағы ізденістерге материалдық һәм ресурстық тұрғыда кең мүмкіндік алған NURIS жыныстық жолмен берілетін ауруларға диагноз қоюдың тиімді жолын ұсынуға бел байлап отыр.
Жасуша технологиялары зертханасының кіші ғылыми қызметкері Дәмелі Мектепбаева: «Көптеген елдерде жыныстық жолмен берілетін ауруларды халықтың барлығының бірдей қолы жете бермейтін қымбат әрі аса бір жағымсыз шара саналады. Біз мұны адам тәнін еш ауыртпайтын жолмен әрі тез диагноз қоятын сақина түріндегі шағын құрылғыны жасап жатырмыз. Мерез, соз, хламидиоз сияқты ауруларды анықтайтын тест қағаз түріндегі микрофлюидті чип негізінде жасалады. Қазір құрылғының электронды анестезия, қан алу жүйесі, жаппай қолдануға қажет картридж сияқты жабдықтары мен дизайнын жетілдіріп жатырмыз» дейді.
Айта кетерлігі, аталмыш құрылғы тек диагноз қоюмен шектелмейді, жоба авторлары оны қолданушылар тест нәтижесін өз бетінше біле алатын, сондай-ақ жыныс аурулары мен оларды емдейтін клиникалар туралы мол мағлұмат жинақталған мобильді қосымша жасамақ ойлары бар.
P.S.
Былтыр елімізде ғылымға 56 млрд теңге қаржы бөлініпті. Салыстырмалы түрде аздау, бірақ сол болмашының өзін төгіп-шашпай төте жеткізу – шешілмей келе жатқан мәселе еді. Ол енді үш жолмен: базалық, бағдарламалық-мақсатты және гранттық жолмен бөлінетін болды. Одан бөлек соңғы бес жылда ел аумағында құрылған 8 технопарк, 4 конструкторлық бюро мен түрлі технология трансферттеу орталықтары бұйығы жатқан саланы бұлқынтқаны рас. Нақты санмен сабақтасақ, 2010-2014 жылдары инновациялық грант бойынша 1400 өтінім қаралып, жалпы сомасы 9,9 млрд теңгеге 227 жоба мақұлданыпты. Сондықтан индустрияландырудың келесі бесжылдығында өндірістің инновациялық секторларын дамытуға айрықша мән беріледі. Ал, жоғарыда сипаттаған Назарбаев университетінің өнертабыстары – сол талпыныстың алғашқы нәтижелері болса игі.
Әділбек ЖАПАҚ