ӘлеуметСаясат

НҰРЛЫ ЖОЛ НҰСҚАҒАН ҚҰЖАТ

ZAH_7697

Бүгінде Астана Тәуелсіз Қазақстанның символына айналып отыр. Миграциялық үдерістер нәтижесінде елорда тұрғындарының жылдан жылға көбеюі қала әкімдігінің жұмыс қарқынын өсіре түсуді талап етуде.
Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының мән-маңызын түсіндіру мақсатында Бейбітшілік және келісім сарайында өткен жиында Астана әкімінің орынбасары Аида Балаева осылай деді.
Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі Астана қалалық ақпараттық тобының бұл кездесуіне оқытушылар қауымы жиналды. Шараны Алматы ауданының әкімі Бекбол Сағын жүргізіп отырды.
Жолдау арқылы сілтенген жол елдің барлық азаматтарына, әсіресе, жастарға қажет. Бұл құжат кім-кімге де қатыссыз емес. Сондықтан да, жақсы идеяларды шәкірттеріне үйретсін, дамуға ықпал етсін деген ниетпен ұстаздар қауымынан құралған аудиторияға байыпты баяндамалар оқылды.

   

Аида БАЛАЕВА, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Кемеңгер отырған тақ –халықтың маңдайына біткен бақ 

Халқымызда «Кемеңгер отырған тақ – халықтың маңдайына біткен бақ» деген нақыл сөз бар. Бұл жағынан алғанда, біздің ел ең бақытты елдердің қатарында.

Бізге кең-байтақ жер берді, бірлігі күшті ел берді және сол елді сауатты басқара білетін Елбасыдай ер берді. 

Халықтың әр кезеңдегі тіршілік-тынысын сезініп, тұрмысын ба­ғамдап, соған сәйкес қажетті ша­­раларды қабылдай білу – көреген басшының, сарабдал саясаткердің ғана қолынан келе­тін басқару өнері. Тәуелсіздік алған кезеңнен бас­тап Президенті­міздің  жасаған әрбір шешімі, әр­бір ұсынысы тек халық игілігін көздеген шаралар болып келе жатқанына бүгінгі жетістігіміз куә.

Биылғы Жолдауда айтылған басты бағыттар мен міндеттер де осының кезекті дәлелі болғаны анық.

Көрші мемлекеттерде соңғы кездерде орын алған саяси-әлеуметтік жағдайлар мен экономикалық санкциялар бойынша қоғамда үлкен алаңдаушылық туындады. Халықтың осы алаң көңілін дер кезінде сезіне білген Елбасымыз – тұрақты дамуды тоқтатпай, экономикамызды одан ары көте­рудің кезекті стратегиялық жос­парын ұсынып отыр.  

Әр жылғы Жолдаудың – өз жаңалығы бар. Дегенмен, биылғы Үн­деудің мәні де, мағынасы да бөлек.  

Экономиканың қуаты – ең алдымен халықтың әл-ауқатының кепілі. Президентіміздің алысты болжай білетін көрегендігінің тағы бір көрінісі – ол уақытында Ұлттық Қор құру идеясы. Бұл идея бүгінде өзін толық ақтап отыр.

Бүгінде әлем елдерімен тығыз байланыс орнатқан еліміздің да­муы да жаһандық экономикаға байланысты екендігі даусыз. Әлемдік дағдарыстардың ұш­қыны сезілмей қоймайтыны белгілі. Осындай кездерде, эко­но­микамызға, халықтың әлеу­мет­тік ахуалына дер кезінде үлкен қолдау беретін Ұлттық қор құру идеясы да Елбасымыздың бірегей жобаларының қатарынан табылды. 

Жолдауда айтылғандай, Президентіміз алдағы жылдарға Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлуге шешім шығарып отыр. Бөлінген қаржы халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктеріне жұмсалатын болады.

Бұндай шаралар бұған дейін де қабылданған болатын. Соның арқасында, Президентіміз мем­лекетті әлемнің қаншама елін әлсіретіп кеткен өткен жыл­дардағы дағдарыстардан аман-есен алып шықты. Ең бастысы, еліміз өзінің даму қуаты мен қарқынын азайтпай, экономикасы екпінді дамып келе жатқан мемлекеттер қатарынан табыла білді. Мұның барлығы – сауатты саяси шешімдердің, жауапты экономикалық реформалардың жемісі. Ең бастысы – халықтың ертеңге деген, Елбасыға деген зор сенімінің нәтижесі.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, «Қазақстанның азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігінің президенті:

Жастар,  өздеріңе ғана сеніңдер!

Елбасымыздың жаңа Жолдауы мазмұны жағынан да, жүктелген мін­деттері жағынан да әдеттегідей терең болды. Алайда, мен осы құ­жаттағы толеранттық мәсе­лесіне тоқталғым келеді.

Бірлігі жоқ елді басып алу оңай. Әсіресе, қазіргі күні ынтымақсыз, ымырасыз кез келген мемлекетті ешқандай танк салып, оқ жұмсамай-ақ ыдыратуға болады. Ондай ел өзі-ақ іштей іріп, ыдырап кетеді. Сондықтан да, мен бізге ең керегі ішкі ауызбіршілік дер едім. Ұлттар достығы, татулық пен тұтастық біздің дәстүрімізге сіңген. Соның бір ғана дәлелі ретінде еліміздегі сан мыңдаған аралас некелерді айтуға
болады. Демек, толеранттық біз
үшін мәңгі мәнін жоймайтын құндылық болып қала береді.

Екіншіден, Елбасымыз үнемі айналып өтпейтін еңбек және жастар тақырыбына тоқталғым келеді. Мен ылғи да еліміздегі кітапханалар мен музейлерге барып тұрамын. Өкініштісі, ол жерлер бос тұр. Жас­тар келе бермейді. Есесіне жас­тар «Мега», «Керуен» сарайларында жүр. Неге? Жастарға мен «үлкендерге сенбеңдер» дегім келеді. Өз күштеріңе сеніңдер! Үлкендер  өмір бойы қастарыңда жүрмейді. Спортпен айналысыңдар. Бірақ, фитнес-клубтарға барып, шығын кетіргенше, таза ауада жүгіріп, далада жаттығыңдар. Бәріміз де сөйтіп өскенбіз. Ең бастысы, жастар уақытты ысырап қылмай, тиімді пайдалана білсе екен деймін. Адамның негізгі жемісті еңбегі жас кезінде жүзеге асады. Әлемде 25 жасында-ақ өзін мойындатып, Нобель сыйлығын алғандар бар.

Ал жастардың тәрбиесіне оң ықпал ету үшін еліміздегі телеарналар таңнан кешке дейін өнер жұлдыздарының қайда барып, не киіп, не ішіп-жегенін айта бергенше еңбек адамдарын, қарапайым жұмысшыларды көбірек насихат­тап, солардың жолы ізгілікті, игі­лікті болатынын жас өркендерге ұғындырса екен деймін.

Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

Міндетіміз еселенді

Тәуелсіздік алғаннан бергі барлық жеткен жетістіктерімізді саралап қарағанда, мен ең алдымен Қазақстанның  ТМД ішіндегі бірін­ші болып өз шекарасын демар­ка­циялағанын айтар едім. Кеңестік одақ ыдырағанда көптеген елдер митинг жасады, көшеге шықты, жалпы қолдан келгенін істеді. Ал біз тыныш қана өзіміздің ортақ үйімізді егістікпен көмкердік. Бола­­шақта жемісін беретін үлкен істермен айналыстық. Елба­сы­мыздың көрегендігі де осында болатын. Қазір біздің шекарамыз жай белгіленіп қана қоймаған, онда бағандар орнатылып, шекарашылар бекеттері ашылған. Ол шекара барлық көршілес елдерде ратификацияланып, БҰҰ-да құжаттамалық негізде бекітілген.

Барлық ақылды адамдар алда тығырыққа тірелгенде жыр­ты­ғына жамау болатын қаражат жинайды. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та өзі бас болып Ұлттық қорды құрған бола­тын. Ол мұнымен тағы да көре­гендік жасады. Егер біз сол уақытта кейбір азаматтарға құлақ асып, Ұлттық қордағы қаражатты жаңадан туған сәбилерден бастап, еліміздегі барлық азаматтарға теңдей үлестіріп беретін болсақ, қазіргідей қиынқыстау кезде қауіпсіздігімізге тірек табылар ма еді? Жоқ. Ал біз қазір жұрт дағдарысқа тіреліп, одан шығар жол іздеп жатқанда өзіміздің даму жолымызды жалғастырып отырмыз. Мәселен, Жолдауда ай­тылғандай, қомақты қаражат алдағы жылдары еліміздің жолдарын жөндеуге жұмсалғалы отыр. Жол жақсы болса, азаматтар елін аралап, солтүстіктен оңтүстікке, оңтүстіктен солтүстікке немесе шығыстан бастысқа жақсы жағдайда жете алатын болады. Елдің біртұтастығы, ішінара қарымқатынасы, барыс-келісі артады. Сол секілді, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы да жалғасын тауып, мектептер мен ауруханалар салынады. Баспана мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Ол демографияға ықпал етеді.

Сондықтан да, біздің ендігі міндетіміз еселенді. Баршамыз жұмылып, Жолдаудағы мақсат-міндетті жүзеге асыруымыз қажет.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button