Жаңалықтар

«Нұрлы жолда» – ерекше қонақүй

Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында футурологиялық қонақүй ашылды. Жобаның авторы Жібек Әділбақытқызының айтуынша, капсулалық қонақүйдің бір ерекшелігі – өте жайлы және арзан. Ол елордаға қыдырып келген туристер үшін де, іскер жандар үшін де қолайлы. Қонақүйдегі бір бөлменің құны – 2-5 мың теңге аралығында.

Нақтырақ айтсақ, бір бөлмені үш сағат пайдалансаңыз – 2 мың теңге, 6 сағатқа – 3 мың теңге, 12 сағатқа – 4 мың теңге және 24 сағатқа 5 мың теңге төлейсіз. 7 жасқа дейінгі бір балаға қонақүй қызметі тегін көрсетіледі. Ерлер мен әйелдер үшін екі бөлікке бөлінген. Әр бөлменің ауданы 3 шаршы метрді құрайды. Ені – 1,3 метр, ұзындығы – 2,26 метр.
Барлық бөлмелер желдеткіш жүйесімен және ауа баптағышпен, жарықтандырғышпен (оны әр адам өзінің көңіл күйіне қарай реттей алады), көптеген арналарды көрсететін Smart TV-мен, екі USB-слотпен, жылдамдығы жоғары интернетпен, сейфтермен жабдықталған. Қонақүйде өрт сөндіру және бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Шағын болғанына қарамастан, жуынатын бөлме де салынған. Оған кіруге ниет танытқандарға сүртінетін орамал, сусабын, баптағыш және тіс щеткасы беріледі.
«Қонақүйге келген адамға тіркеуден өткен соң арнайы карточка беріледі. Сол карточканың көмегімен ол өзінің шағын жиһазын ашып, жеке заттарын орналастырады. Сондай-ақ, карточка қонақүйдің бөлмесіндегі автоматтандырылған жүйені басқаруға мүмкіндік береді. Егер де электр жарығы өшіп қалатын болса, бөлменің есігі ішінен өзі ашылады» деп түсіндірді Ж.Әділбақытқызы.
Мұндай ерекше қонақүйлердің тарихына үңілсек, 1979 жылы 1 ақпанда Жапонияда ашылыпты. Оны әйгілі сәулетші Кисе Куракава ойлап тапқан. Көп ұзамай бұл тәжірибе басқа елдерге кеңінен таралады. Қазіргі кезде шағын қонақүйлер Лондондағы Хитроу, Мәскеудегі Шереметьево, Токиодағы Нарита, Бейжіңдегі Шоуду әуежайларында бар.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button