Ел тынысы

«Нұрлы жүрек» балалары қуанды

Жаңа жыл қарсаңында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Ерекше балаларға арналған орталық тәрбиеленушілері және ұжым жұмысымен танысқан ол мекеме қажеттілігіне сай мерекелік тарту жасады.

1981 жылы «Ақыл-есі кем балаларға арналған балалар үйі» ретінде ашылған орталық қазіргі таңда 3 пен 18 жас аралығындағы балалар мен стационар және жартылай стационар бөлімшелері жағ­дайында одан үлкен жастағылардың тұруына арналған. Қазіргі таңда орталыққа ақыл-есінің кемдігі жеңіл, орташа, ауыр және өте ауыр деңгейдегі 278 тәрбиеленуші келеді. Олардың 113-і ДЦП, 35-і аутизмге шалдыққан, 32-сінде Даун синдромы бар. Балаларды ата-анасы таңертең әкеліп тастап, кешке алып кетеді. Ал әке-шешесі бас тартқан ерекше балалар орталық ғимаратының бір корпусында 18 жасқа дейін өмір сүреді. Олардың саны – 120 бала. Балалардың бәріне тегін қызмет көрсетіледі.

Ғимараттың барлық кабинеттерін аралап көрген әкімнің орынбасары балалар мен оларды оңалтумен айналысатын қызметкерлерді Жаңа жылмен құттықтады. Кездесу соңында ол орталықтың акт залында балалардың қатысуымен шағын концертті тамашалап, әкімдік атынан компьютер мен теледидар тарту етті.

– Біз жылдағыдай Жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде «Нұрлы жүрек» орталығына келіп құттықтап отырмыз. Басқа уақытта да жиі келуге тырысамыз. Мұнда ерекше балалар тәрбиеленеді, олармен кәсіби мамандар жұмыс істейді. Осы сәтті пайдаланып, ерекше баласын тастамай, олардың соншалықты ыждаһаттылықпен күтімін жасайтын ата-аналар мен орталық қызметкерлеріне алғысымды айтқым келеді. Сіздердің еңбектеріңіз өте зор. Осы жұмыстарыңызға табандылық пен табыс тілеймін! Әкімдік тарапынан бұл орталыққа қашан да ерекше көңіл бөлінетін болады, – деді Н.Нұркенов.

Орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаевтың айтуынша, мекеме мамандарының мақсаты – осындай балалардың әлеуетті мүмкіндіктерін дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасау және оларды қоғамда әлеуметтендіру, сондай-ақ ақыл-ойы мен дене бітімінде кемшілігі бар балаларды оңалту, түзету және бейімдеу жұмыстарын жүргізу. Мекемеде 8 арнайы әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі, атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеу­меттік–психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button