Басты ақпаратҚоғам

Нұрмағамбетов пен Бигелдиновтің ескерткіштері елордада неге жоқ?

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан отыз сегіз ақмолалық жауынгер Кеңес Одағының батыры, жетеуі «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Соның ішінде Ақмола өңірінде кіндіктері кесіліп, қан майданда асқан ерлік көрсеткен Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев сынды ұлтымыздың ержүрек батырлары бар.

Үшеуіне бірдей 1980 жылдың 4 шілдесінде, Ұлы Жеңістің 35 жылдығына орай Целиноград қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Тәуелсіздік таңы атқанда кешегі тың өлкесінің орталығы, бүгінгі еліміздің астанасында олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында әртүрлі шаралар қолға алынды. Көшелерге аттары берілсе де, ескерткіштерін орнату ісі баяулап тұр. Осы күндерге дейін Рақымжан Қошқарбаевтың ғана еңселі ескерткіші бой көтерді. Сағадат Нұрмағамбетовтің бюсті өзінің аты берілген «Жас Ұлан» республикалық мектебі ауласына орнатылды. Ал Талғат Бигелдинов­тің тас мүсіні елордада мүлдем жоқ.
Биылғы 25 мамыр күні Кеңес Одағының Батыры, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы атағы мен «Алтын Жұлдыз» белгісінің алғашқы иегері Сағадат Нұрмағамбетов­тің туғанына 95 жыл толады. Өкінішке қарай, осыдан бірнеше жыл бұрын батырдың атына көше бас қаланың өзінен емес, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылынан берілді. Жоғарыда айтқанымыздай, елордада оның атындағы «Жас Ұлан» мектебі жұмыс істейді. Оқу орны Қорғалжын тас жолы бойында орналасқан. Осы көшені Сағадат Нұрмағамбетов атына өзгертіп, сол көше бойына батырдың ескерткішін орнатуға болады деп есептейміз.
Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің атына көзінің тірісінде-ақ елордадан көше берілді. Осы көшеге жолымыз түскенде өз-өзімізден елеңдейтініміз бар. Біздің көзімізге бірдеңе жетіспей тұрады да жатады. Соған біраздан бері бас қатырып жүріп, не екенін ақыры таптық. Ол – батырдың ескерткіші.
Жалпы даңқты ұшқыштың қола мүсіні Бішкекте, Ақтөбе мен Көкшетауда бой көтерді. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Қарағандыдағы республикалық әскери мектеп-интернаты – Талғат Бигелдиновтің атында.


«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Мәскеу­дегі Ұлы Отан соғысы орталық музейіне Талғат Жақыпбекұлының қола мүсінін сыйға тартқанын да айта кету керек. Мүсін астаналық мүсінші Мұрат Мансұровтың қолынан шықты.
Талғат Бигелдинов Ақмола облысының Майбалық ауылында туғаны белгілі. Қазір бұл ауыл орнында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы орналасқан. Кеңес төрағасы, генерал Рүстем Қайдаров әуежай басшылығына мүсінге батырдың туған жерін қашап көрсетіп, сол маңда орнату туралы ұсыныс айтты. Бірақ мардымды жауап ала алмапты.
Жалпы, аталмыш ұйым мұның алдында Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов және Әбдіқадыр Болсамбеков жайлы деректі фильм түсірді. Кейін мүсін жасатуға көшті. Сонда қаржыдан біраз қысылған. Ел болып жинап, ақыры әрең дегенде Талғат Жақыпбекұлының мүсінін жасатты.
Осы орайда мына жағдай есімізге түсіп отыр. Осыдан үш жылдай бұрын елордада Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақтың баласы, Халық қаһарманы Рақымжан Қош­қарбаевтың ескерткіші ашылды. Көптен көтерілген бұл мәселе «BІ Group» инвестициялық құрылыс холдингі демеушілігімен жүзеге асты. Аталмыш компания өзінің «20 игі іс» бағдарламасы аясында ескерткішті қолға алды. Оның бой көтеруіне елорданың Ардагерлер кеңесі, кеңес төрағасы Сансызбай Есілов үлкен үлес қосты.


Кезінде әділет орнатып, Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру үшін бірнеше мәрте әрекет жасалды. Соған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенев те араласты. Алайда мұның бәрі сәтсіз аяқталды.
Бірақ осы Жұмабек Тәшенев, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов сынды жерлестерінен бұрын туған жерінде Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші бірінші болып бой көтерді. Аттары аталған тұлғаларға ескерткіш орнату үшін де бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді тартпаса болмайтын сияқты. Әлде Ақмола облысының басшылығы олардың ескерткіштерін елордаға сыйға тартады деп күтеміз бе?
Бұлай ойлауымыздың себебі, ел өңірлерінің елордаға тарту жасау дәстүрі біраз жылдан бері қалыптасты. Бұл белгілі бір нысандар, ескерткіштер түрінде көрінеді. Әсіресе, былтыр бас қала 20 жылдық мерейтойын атап өткенде аймақтар аянып қалған жоқ. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішін сыйға тартты. Ал бұдан ертеректе Ақтөбе облысы Әлия Молдағұлованың, Жамбыл облысы Бауыржан Момышұлының, Алматы облысы Жамбыл Жабаевтың ескерткіштерін сыйлады. Сондай-ақ елордада Иван Панфиловтың ескерткіші мен 28 панфиловшының аттары жазылған стела бар.
Келесі жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов сол датаға орай елордада тыл еңбеккерлеріне ескерткіш орнатуды ұсынды. Біздіңше, Сағадат Нұрмағамбетов пен Талғат Бигелдиновтің еңселі ескерткіштері де сол уақытқа бой көтеруі керек деп есептейміз. Мұны қолға аламын, соған атсалысамын дейтін адамдар бар ма екен?

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button