Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев: Астана – ұлттық арманымыздың жылнамасы

Астананың тойы басталды! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекеттік Ту көкке көтерілді.  

– Қазақ баласының мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. Хал­қымыз үшін көгінен көтерілген байрақтан қасиетті нышан болмаған. Ел шетіне жау келсе, біздің батыр бабаларымыз осы байрақтың түбінен табылған. Азаттық жолындағы арпалыстарда ерлеріміз елдіктің туын еңкейтпес үшін жандарын құрбан қылған. Елі есіл ерлеріне «туың жығылмасын!» деп бата берген. Біз, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің азаматтары, осы бата бойына дарыған ұрпақпыз. Егемендік алғаннан бері, көк байрағымызды аласартпай, еліміз тыныш, еңсеміз биік болып, өсіп-өркендеп келеміз, – деді Елбасы өз сөзінде.

Бүгінде Астана бар қазақтың бас қаласына айналды. Салтанатты жиында Президент елор­даның қалыптасуына ерекше тоқталды.

– Жас Астана тарихы – ақиқатқа айналған ұлттық арманымыздың жылнамасы. Осы жыл­дары еліміздің барлық өңірінен келген жүз мыңдаған қазақстандық елордамыздың құ­ры­лысы мен қалыптасуына елеулі үлестерін қос­ты. Астана – әр қазақстандық үшін олардың жү­регіне жақын, біз өз қолымызбен тұрғызып жат­қан жаңа отанымыздың бір бөлігі, – дей келе Мемлекет басшысы елорда еліміздің жаңа рухани-мәдени орталығына айналғанын айтты.

Халқымыздың бірлігін көрсететін Астананың 15 жылдығы – Қазақстанның жалпыұлттық мерекесі. Елбасының айтуынша, Астана елдің барлық өңіріне дамудың үлгісін көрсетіп келеді. Барлық облыс орталықтарымен өзге де қалалар Астанаға қарап жаңа нысандар салуда, бой түзеуде. Елбасы «Бүгінгі Туымыз тұғырлы, елі­міз ғұмырлы болсын. Азат аспанымызда алтын қыран қалықтаған мәңгілік еліміздің бола­шағы бекем болсын» деген ақжарма тілегін жеткізді.

Салтанатты жиында Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектері Президент қолынан офицерлік шен алды. Жас офицерлер Елбасының алдында отанымыздың қауіпсіздігін қорғауға ант берді.

Дәстүрлі рәсім соңында Елбасы астана­лықтармен ашық-жарқын әңгімелесті.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button