Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БАСТЫ МІНДЕТ – ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ

укимет 6

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Алдымен әлемдік экономиканың бүгінгі ахуалы мен ТМД аумағында орын алған жағдайларды саралаған Президент алдағы уақытта эконо­микалық саясат бүгінгі тәуекелдерді шешіп, жаңа шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.

Бүгінде Үкіметтің басты міндеті – «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру. Ұзақмерзімді стратегия аясында бағдарламалық құжаттар түзіліп, салалық мемлекеттік бағдар­ламалар қабылданғаны белгілі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз алған ҚР Премьер-Министрі­нің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта экономикалық өсімге барынша жағдай жасауға басымдық берілгенін жеткізді. Оның айтуынша, 2014 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаттың бірінші кезекті шараларының жол картасы қабылданған.

– Экономикалық өсімді қамта­масыз ететін және бизнесті қолдауға бағытталған шараларға Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінді. Эконо­миканың басты салаларында құны 5,5 млрд долларды құрайтын инвес­тициялық жобалар айқындалып, ша­ғын және орта бизнесті қолдау үшін бөлінген қаражат қазіргі уақытта кәсіпкерлердің қолына берілуде. Жалпы сомасы 70 млрд теңгені құрайтын 327 жоба мақұлданды, – деді Б.Сағынтаев.

БЕДЕЛСӨЗ

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Ел Үкіметінің ағымдағы жылы атқаратын басты міндеттері айқындалып, шешімдер қабылданды. Бұл – Жолдауда айтылған Қазақстан -2050 бағдарламасы. Дамыған отыз елдің қатарына кіру жолында бағдарламалар бекітіліп, индустриялық жоспарлар қолға алынды. ТМД елдерінде болып жатқан оқиғаларға байланысты біз де барлық мәселемізді сараптауымыз қажет. Мұндай жағдай елімізге қалай әсер етеді? Алдын алу үшін не істеуіміз керек? Ең басты мәселе экономиканы алға дамыту болса, бүгінгі жиынның тақырыбы да осы болмақ.

Жиында ел қазынасының қоры молайғаны белгілі болды. Атап айт­қанда өткен алты ай ішінде мемле­кет бюджеті он тоғыз пайызға толық­қан. Қаржы министрі Бақыт Сұл­та­нов­тың мәлімдеуінше, кіріс көбейіп, түсімдер өз деңгейінде орын­далған көрінеді. Сонымен қатар, министр игерілмеген қаражат 130 млрд тең­гені құрағанын айтты. Және қар­жы­лық бақылау органдары есепті кезеңде сексен миллиард теңгенің қар­жылық бұзушылықтарына жол беріл­генін анықтаған. Сондықтан, ал­дағы уақытта мемлекеттік сатып алу толығымен электронды форматқа көшпек. «Бұл, әрине, қажет. Себебі, мем­лекеттік сатып алу саласында сыбай­лас жемқорлық әрекеттері бай­­қалады. Сатып алуды электронды форматта өткізу бизнес жүргізудің тиім­ділігін арттырады» деді Н. Назарбаев.

Одан кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Белгілі болғандай, биылғы желтоқсан айында халықтық IPO бағдарламасына KEGOC, ал келесі жылы «Самұрық-Энерго» компаниясының акциялары на­рыққа шығарылмақ. Ал, Премьер-министрдің орынбасары Әсет Исекешев өз есебінде мемлекеттік энергетикалық реестрдің құрылуы туралы кеңінен мәлімдеді.

Айта кеткен жөн, Украинада жал­ғасып жатқан дағдарыс пен Ресей экономикасындағы өсімнің баяулауы отандық өнімдерге деген сұранысқа кері әсерін тигізуде. Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында тауарларды Ресейге экспорттау 21,7 және Украинаға экспорттау 31,1 пайызға төмендеген.

– Жартыжылдықтың қорытын­дысына сүйенсек, өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 0,4 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, мұнай өндіру 1,6 пайызға, металл өндіру 13,5 пайызға азайды, – деді Е.Досаев. Әрине, мұның өзіндік себептері бар. Министрдің түсіндіруінше, бұл ең алдымен Қашағандағы мұнай өндіруді кейінге шегеру, Теңізшевройлдағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу және Жезқазған мыс бал­қыту зауытының жабылуына бай­ланысты екен. Есесіне, биыл қара металлургия саласындағы көрсеткіш – 12,9 пайызға артқан.

Жиында Үкіметке ауқымды мін­деттер жүктелді. Президент тапсырмасы бойынша экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге 2014-2015 жылдарға Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлу қарастырылғаны белгілі. Мемлекет басшысы биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін осы мәселе бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

Өз кезегінде сөз алған «Бәй­те­рек» ұлттық басқарма холдингі­нің төрағасы Қуандық Бишімбаев шағын және орта бизнесті қолдау үшін Ұлттық қордан 100 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Бүгінде қаражаттың тең жартысы кәсіп­кер­лердің қолдарына тиген. Мақұл­данған жобалар – 76 млрд теңге.

Осы ретте ерекше атап өткен жөн, 10 жылға дейін қаржыландырудың 6% мөлшерлемесі – несиелеудің ең тиімді шарттары. Мемлекет басшысы өз сөзінде кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, өз бизнестерін дамытулары керектігін ескертті. Өйткені, мұндай төмен мөлшерлеме әлемнің ешбір елінде жоқ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жиын соңына таман Кәрім Мәсімов жетекшілік еткен Үкімет жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі. Эконо­миканы әртараптандыру, жеке­шелендірудің екінші толқынын қатаң бақылау, Халықтық IPO жұмысын жандандыру, сырттағы отандастарымыздың келуіне жол ашу, еңбек нарығын жетілдіру, қызмет көрсету саласын дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдау және заман талабына сай мемлекеттік басқару жүйесін құру жөнінде тиісті орындарға тапсырма берді.

МИНИСТРЛІКТЕР ЖҰМЫСЫ ОҢТАЙЛАНДЫ

Үкіметтің кеңейтілген екінші отырысында Мемлекет басшысы атқарушы биліктің жаңа құрылымымен таныстырды. Енді елімізде 13 министрлік пен 30-ға жуық комитет болады.

Сонымен Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып құрылды. Оны Тамара Дүйсенова басқарады.

Жаңадан Ұлттық экономика ми­нистрлігі құрылды. Оған бүгінгі эко­­номика министрлігінің өкілеттігі, бюджеттік жоспарлау мен өңірлік даму қызметтері берілді. Статистика жөніндегі агенттік пен табиғи монополияларды реттеу агенттіктері, тұтынушылар құқығын қорғау, бәсе­келестікті дамыту агенттіктері де осыған кіреді. Премьер-Министрдің ұсынысымен бұл лауазымға Ерболат Досаев тағайындалды.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігінің құ­рамына өтті. Оны Қалмұхамбет Қасымов басқарады.

Экономика және бюджеттік жос­парлау министрлігі Қаржы министр­лігіне берілді.

Қоршаған орта және су ре­сурс­тары министрлігінің балық шаруашылығы, су ресурстарын басқару, орман және су қыз­мет­­тері Ауыл шаруашылығы министр­лігіне берілетін болды. Ауқы­мы кеңейген ведомствоның жауап­­кершілігі Асылжан Мамытбековке жүктелді.

Мәдениет министрлігі, Спорт және дене шынықтыру агенттігі, Дін істері агенттігі Мәдениет және спорт министрлігі болып қайта құрылды. Оның тізгінін Арыстанбек Мұхамедиұлы ұстайды.

Жаңадан құрылған Инвестиция және даму министрлігін Әсет Исекешев, Энергетика министрлігін Владимир Школьник басқарады.

Қаржы полициясы өкілеттілігі Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне беріледі. Оны басқару Қайрат Қожамжаровқа жүктелді.

Қалған ведомстволар өзгеріссіз қалды. Бұған дейін Өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішев Қазақ­стан Даму банкінің төрағасы болып тағайындалса, Қоршаған орта және су ресурстары министрі болған Нұрлан Қаппаровқа «Қазатом­өнер­кәсіп» ұлттық компания­сының бас­шысы қызметі ұсынылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button