Басты ақпарат

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІЗДІ ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕГЕН ОРТАҚ СҮЙІСПЕНШІЛІК БІРІКТІРЕДІ

assambleis

Нәубәт жылдары ырықсыз жер аударылып, қуғын-сүргін көрген талай этнос өкіліне қазақ халқы пана болды. Бауырына тартып, барын бөліп берді. Азапталып, айдалып келгендер бақытын қазақ топырағынан тапты. Әлі күнге дейін салт-дәстүрін, тілін қамсыз сақтап, дамытып келе жатуы да қазақтың дархан пейілінен. Ендеше, елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдері қазақтарға ризашылығын білдіріп, мемлекетті құраушы ұлттың қадірін біле жүргені артық болмайды. Бейсенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясын ашып, сонда сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзге этностардың қазақ халқына алғыс айту күнін белгілеуді ұсынды.

Қарыз бен парыз

Президенттің айтуынша, сталиндік режим кезінде әр жылдары бүтін бір халық өкілдері, соның ішінде – 800 мың неміс, 102 мың поляк, 550 мың солтүстік кавказ тұрғындары, Қиыр Шығыстағы 18,5 мың корей отбасы күшпен жер аударылған. Оларды вагонға тиеп алып, жазық далаға, танымайтын ауылдарға тастап кетіп отырған. Сол кезде бұл кең-байтақ жердің иесі тек қазақтар болған. Әбден титықтап, босып келген ұлт өкілдерін қазақтар қанына сіңген қонақжай пейілімен құшақ жая қарсы алып, бауырына тартты. Өздері қиналып отырғанына қарамай, бір үзім нанды бөліп берді.
– Сондай отбасылардың бірі үш баласымен біздің үйде де тұрды. Аш-жалаңаш, азып-тозған сол отбасы балаларымен бірге үркектеп, бір бөлмеде тығылып отырғаны әлі күнге көз алдымда. Кейін олар жұмыс тауып, орнығып кетті. Осындай талай отбасыға қазақ мейірімін төкті. Өздері ішіп-жемнен тарығып отырса да, ешкімді жатырқаған да, алалаған да жоқ. Сондықтан, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған 1 наурызды – өзгелерді өз туысындай құшақ жая қарсы алған қазақтарға деген алғыс айту күні деп белгілесек, әділетті болар еді. Бұл қазақстандықтарды бір-бірімен жақындастыра түсер еді. Атаулы күн бауырмалдық пен мейірім­діліктің, достық пен махаббаттың жарқын мерекесіне айналуы керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Халқымыздың қатпарлы тарихына көз жү­гірткен Мемлекет басшысы сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанда АЛЖИР, КарЛАГ, СтепЛАГ, ДальЛАГ, ПесчанЛАГ, КамышЛАГ, ЖезказганЛАГ, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері сияқты жүз мыңдаған тұтқындар қамалған 11 арнаулы қамақ орындарының құрылғанын, бірақ ондағы тұтқындар босағаннан кейін барлығы бірдей кетіп қалмағанын айтты. Тағдырын Қазақстанмен байланыстырамын дегендері осында қалып қойды. Бұған қоса, соғыс кезінде Қазақстан эвакуацияланған 350 мың адамды қабылдады. 50-інші жылдары тың игеруге
тағы да 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери нысандар шамамен 150 мың маманды және олардың отбасыларын қабылдады. Бүтіндей алғанда, ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударған. «Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Бұларды тарихты біл­мейтіндер мен Қазақстан қашаннан осындай көп ұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отырмын» деді Елбасы.
Бірақ, қандай қиын кезеңдерден өтсе де, әлемдегі бірде-бір елдің ешқайсысына дәл қазақтай демографиялық күйреуді бастан кешіріп, жер бетінен жойылып кету қаупі төнген жоқ. Президенттің айтуынша, қанды қырғынды да, ашкөз аштықты көрсе де, қазақ жасымай, өрлігін жоғалтпай, рухын биік ұстап, азаттыққа деген арманымен алға жылжып келді. Осындай өжеттілігі, ерлігі үшін қазақ халқына қалай тағзым етсе де жарасады.
Кезінде қазақ еліне жер ауып келгендердің үрім-бұтағы қазір елімізде мамыражай өмір сүріп жатыр. Олардың тарихын, мәдениеті мен әдет-ғұрпын дамытуға да қолайлы жағдай жасалған. Осы үшін де өзге этностар қазаққа қарыздар және олар мемлекетті құраушы ұлттың мүддесіне жұмылып, мемлекеттік тілді үйренуі парыз саналуға тиіс.
Елімізде басқа конфессиялар да өздерінің діни қажеттіліктерін алаңсыз жүзеге асырып келеді. Осылайша, қазақ елі діні, тілі, түрі бөлек этнос­тарды біртұтастыққа біріктіре білді.
– Біз бірегей әрі халық бірлігінің осы кезге дейін еш жерде қайталанбаған моделін қалыптастырудамыз. Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген ортақ сүйіспеншілік біріктіреді. Екіншіден, біздің ежелгі жеріміз бен тілдерді дамыту тарихына қатысты қоғамдық келісіміміз. Үшіншіден, мемлекетіміз бен оның азаматтарының бүгінгі күніміз бен еңселі ертеңімізге түбегейлі сенімі. Біздің Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік елдің негізі, міне, осы, – деді Мемлекет басшысы.

Міндет – айқын,
жауапкершілік – үлкен

Ассамблеяның жиырма жылдық мерейтойы жылында өткен сессия барысында елімізде қолға алынған «Қазақстан-2050 стратегиясы», жаңа индустрияландыру, «Нұрлы жол», бес халықтық реформа, «Мәңгілік ел» сынды мегажобаларды жүзеге асыру мәселесі қоз­ғалып, күн тәртібінде жете мән берілетін тақы­рыптар көтерілді. Елбасы кәсіби мемлекеттік аппарат жасақтау, заңның үстемдігі, индустрияландыру мен экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті мемлекет деген бес халықтық реформаны іске қосқанын атап өтіп, ассамблеяның алдында тұрған міндеттерді жіктеп көрсетті. Оның біріншісі – планетадағы таңдаулы ұлттардың бірі атану үшін ассамблея Қазақстанның әлемдегі 30 «жоғары мәдениетті қоғам» шоқжұлдызына енуін қамтамасыз етуі қажет. Екіншіден, қазақстандық ұлттық рухтың басты көзі – ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігін дәріптеу керек. Жалпықазақстандық бірлік, ең алдымен, қазақтың өзінің бірлігі деген сөз. Сондықтан, бұл жерде басты жауапкершілік қазаққа жүктеледі. Елдің тағдыры мен болашағы – мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында екенін әркім жадында ұстауы тиіс.
Үшінші, өскелең ұрпақты патриоттық тәр­биелеуге ерекше назар аударылуы керек.
Төртінші, кез келген ұлтты біріктіретін – сол елдің мемлекеттік тілі. Қазақ тілін үйренуге ерекше ден қойылуы керек. Тілдік мәселеге келгенде Елбасы Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, үш тілде білім беруді дамытудың жол картасын жасауды тапсырды. Осыған байланысты мектептерде үш тілді үйрететін ортақ үлгі болған жөн. Мысалы, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, тілі мен әдебиеті – қазақша, жаратылыс­тану пәндері ағылшынша үйретіліп, орыс тілі пән ретінде оқытылуы керек. Мектептің соңғы сыныптары мен жоғары білім беру ордалары бірте-бірте ағылшын тіліне көшуі тиіс.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы ассамблея алдына этносаралық қарым-қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу, Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестермен мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдету жөнінде жүйелі жұмыс тізбесін қалыптастыру міндеттерін қойды.

Үйлесімділікке
жетелейтін үндеу

Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Любовь Ни мен Олег Дымов аталған ассамблея төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ассамблея­ны құру ісінің бастауында тұрған ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің белсенділеріне «Қазақстан халқы ассамблея­сына – 20 жыл» мерейтойлық медальдерін тапсырды.
Жалпы, сессия жұмысына 1500-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында ассамблеяның барлық өңірлердегі мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлес­тіктердің төрағалары, парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, шетел мемлекеттерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері бар.
Ассамблея XXII сессиясының қоры­тындысы бойынша үндеу қабылдады. Онда Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Қазақстан халқы ассамблеясы жылы – татулық пен келісімнің, тұрақтылықтың, мызғымас бірліктің жылы ретінде өтіп жатқаны айтылған.
Ассамблея сессиясына қатысушылар азамат­тық құндылықтар жүйесі мен қоғамның рухани байлығының негізін құрайтын «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясын толық қолдайтынын мәлімдеді. Жиынның соңы концерттік бағдар­ламаға ұласты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button