Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҮГІНГІ АРМИЯМЫЗ – БАТЫР БАБАЛАР МҰРАГЕРІ

Кеше Қазақ елі монументінің алдында­ Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ҚР Қарулы күштерінің құрылған күніне байланысты­ әскери шеру болып өтті.

Жалпы саны 2,5 мыңнан астам адам, 250 құрлықтық техника мен 75 әуе техникасы қатысқан шеру ҚР Жоғары Бас қолбас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен басталды. Ол бейбітшілік пен тұрақтылықтың бесігіне айналған еліміз­дің болашағына зор сеніммен қарау керектігін айтты.

«Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа дәуірлерге жал­ғас­қан даңқ жолын ерлік қасиетін бізге мирас етті. Біздің бүгінгі армиямыз – тарихымыздағы батыр баба­лар­дың мұрагері. Қарулы күштеріміз еліміздің құдіретін әйгілеп, айбынын асырады. Сіздер Отанымыздың шебі бүтін, шекарасы берік болуына қызмет етесіздер. Бүгінгі қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалған. Еліміздің армиясы – нағыз бес қаруы сай армия. Бүгінгі әскери шеру осының дәлелі болса керек. Біздің әскери доктринамыз бейбітшілік жағдайдағы қорғанысқа бағытталған. Көрші елдердің баршасыменен достық қарым-қатынастамыз. Шекарамызды толығымен айқындап, бекіттік. Дегенмен, әр мемлекет өзінің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жан аямай қорғай білуі тиіс! Біз де, Қазақстан солай болуы керек. Отан қорғау­шы­лар мерекесі құтты болсын!» деді Елбасы.

Шеруде отандық әскери-өндірістік зауыттарда құрастырылып, қайта жаңғыртылған техникалар таныс­тырылды. Бұл күні еліміздің заманауи қорғаныс өнеркәсібі 350-ден астам танк, 40-тан астам БМП, 110-нан астам БТР-ды ұсынып отыр. Олардың құрастыру жұмыстары толықтай қазақстандық зауытта жүзеге асты.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев: «Екі күннен кейін Ұлы Жеңіс күнін атап өтетін боламыз. Тарихтағы ең қасіретті соғысқа 1 800 000 отандасымыз аттанды. Оның жартысына жуығы майдан даласынан қайтпай қалды. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Келесі жылы Жеңістің 70 жылдығына орай еліміздің барша өңірлерінде әрбір батырды еске түсіріп, тағзым етуіміз қажет. Қас дұшпанға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасыны мен жезінен құйылды. Ол жеңіс бізге аталардың қанымен, аналардың терімен келді. Ерлік ешқашан халықтың жадында ұмытылмайды. Біз ата-бабаларды ұлықтап, есімдерін ұрпақ жадында жаңғырта беруіміз керек. Бүгінде Қазақстанда 6700-ге жуық Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар. Біз әрбір ардагерді құрмет тұтып, қолдай білуіміз қажет. Батыр бабалардың ерлік жолдары ұрпақ сабақтасытығына ұласып, «Қазақстан-2050» стратегиясының басты тірегі, жаңа қазақстандық патриотизмнің негізі болуға тиіс» деп, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмаханбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Нұркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов сияқты тағы да басқа азаматтардың мәңгілік аңызға айналғанын айтып өтті.

Сонымен қатар, әскери шерудің соңына қарай әуеде самғаған ұшақтар Астананың символына айналған «Бәйтеректің» сұлбасын бейнелеп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button