Басты ақпаратСаясат

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ядролық қарудан бас тарту – біздің саналы таңдауымыз

Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті.  Әлемнің 52 елінен 200-ге жуық адам қатысқан  шарада ядролық қарусыздандыру мәселесі қозғалды. Конференция барысында баяндама оқыған Президент Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырдан бері тұтас жер бетін бейбітшілікке бөлеу үшін барынша күш-жігер салғанымызды мәлімдеді. Сондай-ақ, қараша айында Елбасының бастамасымен Астанада бейбітшілік саммиті өтетіні белгілі болды. Оған мемлекеттердің, үкіметтердің басшылары, белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, көптеген елдердің ғалымдары мен бизнесмендері қатыспақ.
04

«29 тамыз – барша адамзат тарихындағы айтулы күн. 25 жыл бұ­рын менің Жарлығыммен жер бетіндегі ең үлкен сынақ алаңдарының бірі – Семей полигоны жабылды. 40 жыл бойы ядролық жарылыс жасаған полигонның үні біржолата өшті. Осылайша, халқымыз Тәуелсіздік таңын атар сәтте бейбітшілік жолындағы қадамын барша әлемге паш етті. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздік көшін бастаған теңдесіз қадамдарының бастауы. Биыл біздің еліміз тәуелсіздіктің 25 жылдығының мерейлі белесін атап өтеді. Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер бетін бейбітшілікке бөлеу үшін бар күш-жігерін салып келеді» деді Елбасы.
Қазақстан осы уақыт аралығында ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің тиімді моделін құра білді. Президент бұл үлгіні әлемнің барлық мемлекеттеріне пайдалануды ұсынды.

04-1
Ел тәуелсіздігін ядролық полигонсыз иеленіп, ядролық қарусыз нығайтқанымыз тарихтан белгілі. Елбасы өз сөзінде осындай жоғары халықаралық беделге ядролық қарусыз қол жеткізгенімізді алға тартты. Ал, атом энергиясының ашылуын ХХІ ғасырдағы ғылымның үздік жетістігіне бағалаған Нұрсұлтан Назарбаев, оның әскери мақсаттарға пайдаланылуын адамзат тарихындағы ең ірі қателік деп санады. Өз кезегінде біздің еліміз ядролық мәртебесінен бас тартқанмен, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалғанын айтып өтті. Осы­лай­ша, жаһандық антиядролық қозғалыста Қазақстан көшбасшы атанып, «АТОМ» жобасын жүзеге асыруда. Нұрсұлтан Назарбаев конференцияда айтылған үндеулер мен жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелер әлем саясаткерлерінің назарынан тыс қалмайтынына сенім білдірді.
Ал, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруды жою жолындағы еліміздің тарихи қадамдарына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша 1,5 млн адам зардап шексе, әлем бойын­ша құрбандардың саны миллиондармен есептеледі.
– Сынақтарға жаппай тиым салу және ядролық қаруды заңсыз деп тану – бұл бүкіл әскери атом құрылымынан құрбан болғандардың алдындағы біздің адамгершілік парызымыз және саяси борышымыз, – деді Қ. Тоқаев.
Одан кейін сөз алғандардың қа­та­­рында БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас хатшысы Майкл Моллер, Ядролық сынаққа жаппай тиым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Ласина Зербо, Болгарияның вице-президенті Маргарита Попова, Коста-Рика Сыртқы істер министрі Мануэль Гонсалем, Парламентаралық одақтың төрағасы Сабер Уаудхури, Панафрика парламентінің прези­денті Роджер Нкодо Данг, Кореяның Бірігу жөніндегі министрі Хонг Енг Пе және тағы басқа спикерлер қарусыздандырудың келешегі, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа сипаты, ядролық қарудан азат аймақтар туралы өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қатысуымен өткен сессия отырысын­да ядролық қарусыз немесе соғыссыз қауіпсіздік меселесі кеңінен талқы­ланды. Ал, PNND жаһандық үйлестірушісі Алын Вэр өткізген жиында БҰҰ-ның ядролық қарусыздануға қол жеткізудегі рөлі тақырыпқа арқау болды.
Ауқымды мәселені қаузаған халық­аралық жиынның сессияаралық отырысында «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыстың негізін қалаушы Олжас Сүлейменов, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков және еліміздің бас муфтиі Ержан Маямеров қатысып, баяндама оқыды.
Айта кеткен жөн, бүгінде әлем халқы жыл сайын 29 тамызда ядролық қаруға қарсы күрестің халықаралық күнін атап өтеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button