Басты ақпарат

Нұртай САБИЛЬЯНОВ: Ұлттық намыс үшін алаңға шықтық!

1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы, тәуелсіз еліміздің қаржы саласының дамуына зор үлес қосқан білікті экономист-аудитор, 16 жыл бойы Парламент Мәжілісінде халыққа адал қызмет етіп келе жатқан саясаткер Нұртай Салихұлы Сабильяновты қазақстандықтар жақсы біледі. 2021 жылдың басында депутаттық өкілеттігінің аяқталатынын естіп, Нұртай ағамен депутаттық қызметі, Желтоқсан, тәуелсіздік тақырыбында кеңінен сұхбаттасқан едік.

Депутат мемлекет мүддесін жоғары қоюы тиіс

17 желтоқсан, 1986 жыл. Алматы, Брежнев атындағы алаңда Нұртай Сабильяновтың мегафонмен сөйлеп тұрған сәті.

– Нұртай Салихұлы, есіңізде шығар, біраз жыл бұрын «Мәжілістегі ең халықшыл, кәсіби, қоғамдық пікірге ықпалы зор депутат» деген рейтинг жасап, Сіздің бір жылда Шығыс Қазақстан облысында 50 елді мекенді аралап, 61 кездесу өткізіп, халықтан 700-ге жуық хат алғаныңызды жазып едік. Ал 16 жылда қанша елді мекенді аралап, қанша кездесу өткіздіңіз? Ел-жұрттан қанша хат алып, қанша заң жобасына өзгеріс пен түзету енгіздіңіз?
– Осыдан тура 16 жыл бұрын өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Үржар, Жарма аудандарының тұрғындары қолдап, сол округтен алғаш рет депутат болып сайландым. Үш ауданның халқына, облыс тұрғындарына алғысым шексіз. Депутаттыққа 7 рет (1994 жылы – Жоғарғы Кеңестің, 1999, 2000, 2004, 2007, 2012, 2016 жылдары – Мәжілістің депутаттығына) үміткер болып тіркеліп, соның төртеуінде (үш рет Nur Otan-ның партиялық тізімімен) сайландым. Nur Otan партиясына да алғыс айтамын. Осы жылдар ішінде халыққа, елге адал қызмет етуді алдыма мақсат етіп қойып, қолымнан келгенінше аянбай жұмыс істедім. 16 жыл халықтың ортасында болдым. Депутаттың ең басты қызметі – сапалы заңдар қабылдау, халықпен бірге болу, мұң-мұқтажына құлақ салу, мәселесін көтеру, шешілуіне көмектесу. 16 жылда 750 елді мекенде (кездесулерімнің 80-85 пайызын ШҚО-да өткіздім) халықпен 1250 ашық кездесу өткізіп, олар көтерген мәселелерді ұсыныс-хат, депутаттық сауал жолдау, заң жобаларына өзгеріс енгізу, Парламенттегі отырыстарда құзырлы мекемелерге жеткізу арқылы шешілуіне атсалыстым. 310 депутаттық сауал жолдаппын. Көптеген әлеуметтік, экономикалық мәселелер шешілді. 16 жыл ішінде халықтан 9700 өтініш-хат алыппын. Солардың барлығына жауап қайтардым. 60 пайызға жуығы шешілді, заңдар арқылы да реттелді. Әрине, бәрін бір күнде, бір жылда шешу мүмкін емес. Кейін шешімін тапқандары да бар. Әртүрлі заң жобаларына қатысты берген 5140 ұсынысым қабылданды. Соның ішінде Шығыс Қазақстанда 65 мектеп пен балабақша салу, 120 елді мекенге ауызсу тарту, 40-тан аса басқа әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстарым бар. Депутат ұсыныс берерде негіздеме болуы керек. Ол ұсынысқа талдау жасалып, жұмыс тобында, комитетте және жалпы отырыста талқыланған соң қабылданады. Осы шақырылымның өзінде 9 заңға бастамашы болдым. Өзім басшылық ететін Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде 62 заң жобасын сапалы сүзгіден өткіздік. Бұл – қыруар жұмыс. Депутаттың тағы бір жұмысы – өңірлерден келген адамдарды қабылдау. 6270 азаматты Мәжілісте, Nur Otan-ның қоғамдық қабылдауында, аймақтардағы кездесулерде жеке қабылдап, түйткілдерін шешуге жәрдемдестім. БАҚ-тарға үнемі ашық сұхбат беріп, әлеуметтік желіде қабылданып жатқан заңдар туралы ақпарат беріп отырдым.
– Былайғы жұрт халықпен тығыз жұмыс істейтін депутаттың немен айналысатынын білмей, көпе-көрінеу жазғырып жатады. «Депутаттар Парламентте шалқа­йып отырып алып, тетікті басып дауыс береді, бар жұмысы сол» деп кінәлайтынын білесіз. Бірақ қарапайым халықпен ­қоян-қолтық араласу, оның мұң-мұқтажына құлақ асу деген нәрсенің жөні бөлек. Айтыңызшы, осы қызметіңізден қандай ой түйдіңіз? Шындығында, біз депутаттық мәртебеге жеңіл-желпі қарап, оның саяси тұлға, мемлекетшіл қайраткер болуы қажеттігін назардан тыс қалдыратын болдық. Неге бұлай?
– Менің түйген ойым, әрбір депутат өзінің қызметінде халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қоюы қажет. Ең бастысы, қарапайым халықпен бірге болу. Шалғайдағы елді мекендердегі халықпен кездесуге өз көлігіммен, өз қаражаттыммен бардым. Бюджеттен бір тиын жұмсалған жоқ. Барардың алдында аудандық газет, әлеуметтік желі арқылы хабарлама беріп, жұртты құлақтандырдық. Соның әсерінен халық кездесуге көп жиналатын. Жиналғандарға мұң-мұқтажын айтуға толық мүмкіндік бердік. Жастарды қолдауға ерекше назар аудардым. 170 студентке Мәжілістен тәжірибеден өтуге көмектестім, қазір олар әр салада өз деңгейінде қызмет етіп жүр. Менің шақыруыммен шығысқазақстандық 550 қарапайым азамат пен оқушылар Парламент ғимаратын аралап, депутаттардың қызметімен танысты. Бұл жастардың ой-өрісін кеңейтіп, тәуелсіз елдің саналы, білімді азаматы болып өсуіне мүмкіндік береді. Депутаттың жалақысына келетін болсақ, 16 жыл бойы өз жалақымның 60 пайызын қайырымдылыққа жұмсап келемін. 16 жыл бойы Үржар ауданы Науалы ауылындағы балалар үйіне үздіксіз қамқорлық жасадым. Мен ақшаға құныққан да, мемлекет қаржысына қол сұққан да адам емеспін. Ел алдында арым таза. Депутат болғанға дейін азды-көпті кәсіпкерлікпен айналыстым. Мұны айтып отырған себебім, мәселе Парламент депутаты болған адамның бұрын қайда жұмыс істегенінде, кім болғанында емес, мемлекет мүддесін өзінің қарақан басының мүддесінен жоғары қоя білгенінде дер едім. Әр заң жобасын талқылаған кезде халықтың, мемлекеттің мүддесі тұрғысынан қарау керек.

Желтоқсан – менің өмірімдегі үлкен белес

18 желтоқсан, 1986 жыл. Сол жақтан бірінші – Н.Сабильянов.

– Нұртай аға, осыдан 8 жыл бұрын, Сізден сұхбат алғанда «Желтоқсан туралы арнайы заң қашан қабылданады?» деген сауал қойып едім. Бірақ ондай заң әлі күнге қабылданған жоқ. 2016 жылы өткен «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты форумға қатысушылар жоғары билікке 18 желтоқсанды қазақтың қаһармандарына алғыс білдіру және тағзым ету белгісі ретінде көптеген шетелдерде жасалғандай, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен күрескерлерді жалпыұлттық құрметтеу күні деп жариялау жөнінде ұсыныс жасады. Бірақ бұл ұсыныс қабылданған жоқ, себебі неде деп ойлайсыз?
– Желтоқсан – азаттық аңсаған халықтың азуы алты қарыс империяға қарсы үлкен ұлт-азаттық күресі. Қазақтың ұлттық намысы мен ұлттық рухы күллі әлемге танылған күн. Тәуелсіздік жылдарында осынау айтулы датаға қатысты әртүрлі іс-шара өткізіліп келеді. Сіз айтқан ұсыныстың қабылданбағаны кейбіреулерге мүмкін ұнамаған шығар, яки қажет деп таппаған шығар. Алайда біз уақыт өте келе Желтоқсан қаһармандарын ұлт, ел болып құрметтейтін күнге жетеміз! Оған уақыт керек. Парламентте жүріп Желтоқсанға қатысты бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, әртүрлі мәселелерді көтеріп, мемлекеттік органдарға жібердім. Желтоқсаншылармен көп кездесулерге қатысып, кейбір мәселелерді шештік. Бір өкініштісі, Желтоқсанға осы айда екі-үш күн көңіл бөліп, басқа кезде ұмыт қалатыны дұрыс емес. Қала әкімдіктері жоспарлаған іс-шараларына шақырады, едел-жедел өткізеді. Осымен келер жылғы желтоқсанға дейін іс бітті. Желтоқсан мен тәуелсіздік – егіз ұғым. Ендеше тарихымызға, азаттығымызға қатысты жұмыс­тар ешуақытта тоқтамау керек. Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін жас ұрпаққа, жастарға Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі арқылы үлгі етуге тиіспіз.
– Міне, 30 жылдан асса да «Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың мәртебесі туралы», «Кеңес билігінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен барлық құрбандарды ақтау туралы» заң қабылданбай келеді. Алдағы уақытта қабылданатынына үміт бар ма?
– Иә, үміт бар. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың мәртебесі туралы заң қабылдауға деген ұсыныстар айтылып жүр. Мұндай ұсыныстарды Үкіметке бірнеше рет жолдадық, бірақ қолдау таппады. Өйткені бұл мәселе «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның аясында реттеледі деп жүр. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, алғашқы отырысын өткізді. Сол комиссияның құрамында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды, Желтоқсан қаһармандарын ұлықтауға зор еңбек сіңіріп жүрген үлкен қайраткер, белгілі заңгер Сабыр Қасымов ағамыз да бар. Осы комиссияның жұмысы алдағы уақытта Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар туралы заң қабылдауға негіз болады деп ойлаймын.
– Нұртай аға, осыдан отыз төрт жыл бұрынғы Алматыдағы көтеріліс қалай басталып еді? Сіздер алаңға қалай шықтыңыз­дар? Сол кезде алаңдағы оқиғалар желісі қалай өрбіді? Сол дүрбелеңнің бел ортасында жүріп, көзбен көріп, құлағыңызбен естігеніңізді бүкпелемей айтып бере аласыз ба?
– Ол кезде 24 жастамын. Алматыдағы халық шаруа­шылығы институтының 3-курсында оқимын. Желтоқсан туралы түнде жаңалықтардан естіп, ертеңіне институттан сабақтан сұранып, алаңға бардық. «Кеңестік құқық» деген пәннен дәріс оқитын Ұлан Есбергенов атты ұстазымызға барып: «Мен курстастарыммен бірге алаңға барамын! Ұлттық намысымызды қорғаймыз! Орталық Комитеттің шешімімен келіспейміз!» деп едім, ағай: «Дұрыс! Барыңдар! Мен де қосыламын!» деп қолдады. Өз тобымды алаңға бастап апардым. Оған достарым куә. Таңғалғаным, институтта бірге оқыған, танып-білетін қаншама адам: «Нұртай бізді үгіттеп апарды» деп ешкімге айтып, сатқындық жасаған жоқ. Бірақ мені білмейтін, көрмеген кейбір адамдар қаралады. Алаңдағы аласапыранда біреуді тану мүмкін емес, тек бірге оқығандар ғана бір-бірімізді тауып, танып жүрдік. Әрине, алаңда қан төгілді. Жантүршігерлік қақтығыс болды. Тіпті, жиналған жастарды қуып шығу үшін өрт сөндіретін 10 машина қатар жүріп, қақаған аязда су шашты. Біз бір-біріміздің қолымыздан қысып ұстап, баррикада жасадық. Күні бойы арпалыстық. Кеудесін намыс оты кернеген қазақ жастары қазір әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным!» әнін қосыла шырқағанда, рухымыз асқақтады. Өз ойымды мегафонмен айтуды жөн көрдім. 17 желтоқсанның түнінде бізді қоршай бастады. Сол сәтте байланыс техникумының шарбағын құлатып, әзер дегенде қоршаудан шығып, түннің бір уағында жатақханаға жеттік. Бірақ түнімен ұйықтамай, алаңда ұстап шығатын ұрандар, плакаттар дайындадық. Таңертең қарасақ, әскерилер жатақханамызды қоршап тұр екен. Дегенімізден қайт­пай басқа есіктен шығып, алаңға бардық. Ертеңіне, 18 желтоқсанда Брежнев алаңын әскерилер, халық жасақтары, арнайы отрядтар қоршап тұрды. Фурманов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысынан кіреміз дегенде қатты қақтығысқа тап болдық. Сол сәтте «Қаратаудың басынан көш келеді» деген әнді ұрандатып айтып, Фурмановтан көтеріліп, Сәтбаев көшесімен алаңға келдік. Ол кезде әскерилер, халық жасақшылары күш жинап алған еді. Арғы жақта БТР-лар сап түзеп тұрды. Күш тең емес-тін. Алаңды жан-жағынан қоршап тастапты. Арасында сәл күшімізді жинап алып, қайта алға ұмтыламыз. Бір кезде әскерлер бізді шегіндіріп, бұрынғы Ленин көшесіне дейін ығыстырды. Әрі қарай шегінуге мәжбүр болдық. Бірақ қақтығыстар жалғасып жатты. Біз қарсылығымызды тоқтатқан жоқпыз.
– Сол көтерілістен кейін өз жағдайыңыз қалай болды? Алаңда мегафонмен сөйлеп тұрған суретіңіз МҚК-нің қызметкерлерінің қолына түсті емес пе? Тағдыр-талайыңыз қалай болғанын айтып берсеңіз.
– Желтоқсан көтерілісіне 20 мыңдай адам қатысты. Соның ішінде 99-ы істі болып, сотталды. Көптеген азаматтар әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Біз мұны айтуға тиіспіз. 20 мың адамның бәрін жазалау мүмкін емес-ті. Мен қаһарлы Желтоқсанда екі күн алаңда болдым. Ұлттық ар-намысымызды аяққа таптатпау үшін аяусыз күрестік. Алаңда болғанымның, мегафонмен сөйлегенімнің нақты дәлелі – сөйлеп тұрған суретім. Мен сөйлеймін дегенімде, жігіттер көтеріп тұрды. «Біз алаңнан кетпейміз! Намысымызды аяққа таптатпаймыз! Күресті тоқтатпаймыз!» деп ұрандатқаным рас. Сол сәтте суретімді жасырын камерамен түсірген. Екі айдан кейін МҚК-нің қызметкерлері сол суретімді оқу орындарына таратып, институттан мені ұстап, үстімнен іс қозғады. 9 айға жуық тексеру, тергеу және бақылауда болдым. Бұл өмірімдегі ең қиын кезең еді. Одан кейін қылмыстық құрам болмағандықтан істі жапты. Соңғы кездесуде МҚК-нің адамдары: «Үш жыл тағы бақылауда боласың. Тәртіп бұзсаң, 5 жылға сотталасың» деп ескертті.
– Сонда институтта Сізді қолдаған, көмектес­кен адамдар болды ма? Аман қалуыңызға біреу­лердің көмегі тиді ме?
– Сын сағатта мені ­институттағы оқытушылар, курстастарым қолдады. Ең алдымен Алматы халық шаруашылығы институтының деканы Кәкім Дүйсембаев, кафедра меңгерушісі Борис Цой, құқықтану пәнінен сабақ берген Ұлан Есбергенов ағаларым және басқа да ұлттық намысы бар азаматтар көмек көрсетті. Оның көбі жасырын түрде болды. Ұлан Сағынышұлы кейіннен білікті судья, белгілі заңгер, танымал қайраткер болғанын білеміз. Осы азаматтардың қолдауымен аман қалдым. Әрине, сол кезде: «Сабильянов ұлтшыл, оны институтта оқытушы етіп қалдыруға болмайды» дегенді бетіме айтқандар болды. Өйткені 3-курста бізге алдын ала жұмысқа жолдама беретін. Үздік оқып, үздік дипломға үміткер болғанымнан бухгалтерлік есеп кафедрасына оқытушы етіп қалдырған еді. Бірақ Желтоқсаннан кейін жолдамамды алып қойды. Ол уақытта жолдамадан айырылу жұмыссыз қалумен бірдей еді. Одан кейін лениндік шәкіртақыдан, партияға мүшелікке өтуден де шеттетілдім. Құрмет тақтасындағы суретімді де алғызып тастады. Белгілі қайраткер, ректорымыз Нұрғали Мамыровтың орнына жаңадан келген ректор: «Бізге ондай ұлтшылдың керегі жоқ!» деп кесіп айтты. Содан соң Алматыда қалу үшін өз бетіммен жолдама іздедім. Курстастарымның бәрі жолдамасын алып, оқуын бітіріп кеткенде ең соңынан дипломымды әзер берді. Басыма іс түскенде дос пен жаудың, жақыным мен қарсыласымның кім екенін түсіндім. Қаншама жыл жанымда жүрген кейбір азаматтардың бір-ақ күнде көзқарасын өзгертіп, бұрын басқа көзқараста болған адамдардың бір күнде мені қолдағандарын көрдім. Желтоқсан – менің өмірімдегі үлкен белес. Бұл белестен: «Ешқашан ешкімді сатпауға тиіссің!» деген түйін жасадым. Мені қаншалықты қинаса да, өзіммен қатар жүрген, алаңға барған студенттердің аты-жөнін, тегін тізімнен көрсеткен жоқпын! Сондай-ақ аман қалуыма әкемнің 5 жыл соғысқа қатысып, Ұлы Отан соғысының ардагері болғаны да өз әсерін тигізді.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ басамыз. Тә­уелсіздік қазаққа не берді?
– Тәуелсіздік – асыл қазынамыз, баға жетпес құндылығымыз, ата-бабаларымыздың арманы. Азаттыққа жету үшін қаншама ғасырлар бойы батыр бабаларымыз қанын төкті, жанын пида етті. Тәуелсіздік жолында қаншама адамдар аянбай еңбек етіп, үлесін қосты. Сол барша қазақ армандаған тә­уелсіздіктің таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, әлемдік қауым­дас­тықтан өз орнын алды. Әрине, алғашқы жылдары бізге оңай болған жоқ. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың басшылығымен үлкен экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Бұл реформалардың қалай болғанын сол кезде жұмыс істеген азаматтар жақсы біледі. Бизнес саласында жұмыс істеп жүргенімде, бюджетке тиісті салықты аударып отырдық. Қолымыздан келгенінше мемлекетке көмектестік. 1993 жылы рубль аймағынан шығу үшін төл теңгеміз қолданысқа енгізілді. Бұл жағдай ел экономикасын жақсартуға зор әсерін тигізді. Одан кейін Ұлттық қор құрылды. Бірқатар бағдарламалар қабылданды. Сол арқылы тәуелсіздігіміз нығайып, тұрақты даму жолына түстік. Бір ғана көші-қонның мәселесін алайық. 1994 жылы Қазақстаннан 400 мыңға жуық адам көшті. Жалпы тәуелсіздік жылдарында 4 млн-ға жуық қазақстандық шетелге көшіпті. Кейбіреулер еліміздің келешегіне сенімсіздік білдірді. Қазақтың саны ол кезде 40 пайызды құрайтын. Осындай алмағайып шақта тәуелсіздікті нығайту үлкен еңбектің, қажыр-қайраттың арқасы деп ойлаймын. Ең бастысы, тәуелсіз ел болу арқылы өз тағдырымызды өзіміз шешетін болдық. Азат елде еркін ойлы ұрпақ өсіп келеді. Сол ұрпақтың егемендіктің, азаттықтың қадірін білетін санасы пісіп-жетілді. Міне, тәуелсіздіктің бізге бергені – осы. Әрине, тә­уелсіздігіміз нығаюы үшін әр адам адал жұмыс істеп, береке-бірлігімізді сақтауға үлес қосқаны жөн. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, қанша жерден бір-бірімізге іштей түсініспеушілік болса да, тәуелсіздікке келгенде жұдырықтай жұмылуымыз керек. Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Осы жолда аянбай қызмет ететін елжанды, ұлтшыл, қазақшыл, мемлекетшіл жастар көбейе берсін деп тілеймін!

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button