Басты ақпарат

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ: Қаптаған сериалдар көп актердің обалына қалды

Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, қазақ киносының аңызына айналған Нұржұман Ықтымбаев мерейлі сексен жасын атап өтті. Қай рөлді ойнаса да шынайылығымен, қазақ даласындай дархандығымен көрерменнің көзайымына айналған тұлғаның кино туралы, әріптестері жайлы айтар естелігі көп. Өйткені Нұржұман Ықтымбаев – қазақ киносының көшін бастаған кешегі топтың жалғасы, Голливудты бағындырған қазақ актерлерінің алғашқысы.

[smartslider3 slider=2083]

Өткенге көз салғанда нені жиі ойланасыз?

– Мен 1957 жылы музыкалық училищеде екі жылдай оқыдым. Одан әкем қайтыс болғаннан кейін оқуымды тастап ауылға кеттім. Ауылда бір жыл қой бақтым, шопыр болдым. Қазір ойланып қарасам, өмірде әсіресе, жігіт адамға сондай қиындықтардан өткен дұрыс екен. Мен үшін осы жылдар үлкен мектеп болды. Тағдырымды осындай жолға салғанына әлі күнге Жаратушыға алғыс айтамын. Әкем көзі тірісінде қолындағысын халқынан аямаған жомарт азамат болды. Ауыл-аймақтың бата тілегін көп еститінбіз. Осы сексенге келгенім – ең бірінші, сол халықтың батасының арқасы, екінші ұстаздарымның тура жол көрсеткенінен де шығар. Жалпы мен ұстаздан жолы болған жанмын.

Киноға түсу туралы ниетім болмаған

Ең алғаш ауылда мұғалім болып жүрген жеріңізден ­Абдолла Қарсақбаев шақырып «Қилы кезеңге» түстіңіз. Сол жайлы өз аузыңыздан естісек

– Қазақ қасқыр мінезді халық қой. Қасқыр бөлтірік кезінде, бір жасқа толғанында ұяластарымен таласып, қойға шауып, өз күшін байқап көреді екен. Мен де 20 жасымда ауыл жанындағы станцияға барып жігіттермен төбелесіп не жеңіп, не жеңіліп қайтатынмын. Сөйтіп ауылға атым шыға бастады. Ұстазым Баяхмет Құсайынов бірде мені көріп: «Не істеп отырсың?» деді зілді дауыспен. «Карбюратор тазалап отырмын» дедім. «Көшеден кез келгенді әкеліп, бір жеті осыны үйретсең, үйреніп кетеді. Ал сен өзіңе берген Алланың талантын қор қылып жүрсің. Саған май-май болып отырған жараспайды» деп намысыма тие сөйлеп, «оның үстіне ауылға да сыймай барасың» деп қойып қалды. Баяхмет ағаның бұлай ұрсуының да себебі бар еді. Өйткені мен 2 жыл Алматыда оқығанда қазақ өнерінің корифейлері Ұлықпан Құбышевтан домбыра мен күйден, Ғарифолла Құрманғалиевтан вокалдан сабақ алғанмын. Сол себепті ауылда тек қана шопыр болып қоймай, той-томалақтардың ортасында жүретінмін. Баяхмет аға: «Оқуға кет. Бұлай жүрген саған жараспайды. Бір күні болмаса, бір күні сотталып кетесің. Шешеңді жылатпай, оқуға бар» деп ақылын айтты. Мен «Жеті-ақ кластық біліміммен қайда барамын?» деп едім, Баяхмет аға Жаркенттегі музыкалық училищеге жөн сілтеді. Содан үш айдай дайындалып, мамыр айында «Жаркент қайдасың?» деп тартып кеттім. Училищені қызыл дипломға бітіріп, ҚазҰУ-дың тіл-әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түстім. Училище директоры Клара Жұмағұлова мұғалім болуды ұсынғаннан кейін, алты айдай Жаркентте өзім оқыған оқу орнында сабақ беріп жүрдім. Бір күні Жаркентке кино түсіретін топ келіпті дегенді естідім. Бірақ киноға түсу туралы ой үш ұйықтасам да ойыма келмепті. Содан Клара Жұмағұлова шақырып алып, Сара Жорабаевамен таныстыр­ды. Сара апайымызбен 1962 жылы Мәскеуге барып «Он алты қызды» орындап, бас жүлдені иеленіп қайтқан сапарымнан таныс едік. Мәдениет минис­трлігі Дәнеш аға екеумізге есеп беру концертін өткізуді тапсырған. Концерт біткеннен кейін грим бөлмесіне осы Сара Жорабаева апайымыз келіп, киноға түсуге шақырған-ды. Содан «Қазақфильмге» ертіп барды. Қабылдауда Мәжит ­Бегалиннің өзі отыр екен. Сыртта шылым шегіп, бір-біріне дөрекі сөйлеп тұрған жастарды көріп көңілім құлазып кетті. Дереу киноға түсем деген райымнан қайтып, кері қайтып кеткенмін. Енді, міне, директордың кабинетінде, Алматыда емес, Жаркентте сол Сара апайым­мен екінші рет кездестім. Түсірілейін деп жатқан киноның екінші режиссері екен. Содан Сара апам: «Енді сенен айырылмаймын!» деп ұстап алып, түсірілім алаңына ертіп барды. Кешке түсірілім тобы Құрманбек ­Жандарбековтің туған күнін атап өтуге дастарқан басына жиылды. Мен де құр қарап тұрмай домбырамен «Бозжорғаны» айттым. Одан кейін «Нұржамалды» айтқанымда жамбастап жатқан Құрманбек аға басын көтеріп алып, маған тесіле қарап қалды. Тағы да екі-үш өлең кетті құйқылжып. Содан Қанабек Байсейітов: «Әй, ­Абдолла, мына бала жанып тұр екен, «эпизодқа адам іздеп жүр едің ғой, көрсеңші» деді. Ол кісі өзі де байқап отыр екен. Алла сәтін салам десе, оп-оңай екен ғой. Содан алғашқы кином «Қилы кезеңге» эпизодқа түстім. Барымды салып ойнадым. Қуыршақ театрына қабылданып, сол кездегі директоры Тұршабай аға қалаға тіркеп, пәтерақымды төлеуге тапсырма берді. Театрдың техникалық жағына қолғабыс етіп, шымылдықты өздігінен ашылып, жабылатын жасап қойдым. Театрға барымды салдым, Сағымбек Бейшенов, Майра Омарбаева, Құралай Ешмұхамбетовамен бірге істедім. Осы кезде «Қазақфильмнен» іздестіре бастады, бірақ екі жылдай бармай жүрдім. Ал 1968 жылы «Балалық шаққа саяхат», «Қызыл тастағы застава» фильмдеріне бекітілдім. Сол кезде актерін пайдаланғаны үшін Қуыр­шақ театрына қомақты қаражат төленеді екен. Соның арқасында театр төрт жылдың жоспарын орындапты. Кейін Камал аға «Сен үшін қыруар қаржыны театрыңа төлеп отырмыз» деп «Қазақфильмге» жұмысқа шақырды. Бірде Камал ағаның шақыртуымен қабылдауына келдім. «Әй, сені Мәскеудегі әйелің шақыртып жатыр. Міне, телеграмма» деді. Келсем, Ғабит Мүсірепов, Сахи Романов, Шәкен Айманов отыр екен. Ештеңені түсінбестен, абдырап қалдым. Артынан белгілі болғанындай, Камал ағаның «Мос­ковская жена» (кейін «Жетінші аспан» болып өзгерді) фильміне шақыр­ту алғанымды қалжыңмен жеткізгені екен. Ол жылдарда қазақ, қырғыз актерлерін орталық киностудияның іріктеусіз бекітуі кино тарихында мүлде болмаған. Осы фильмнен кейін «Свердловск», «Мосфильм», «Одесса» киностудияларынан шақырту ала бастадым.

Біз нағыз актерлеріміздің бағасына жете алмай жүрміз. Шыны керек, театр актерлерінің жалақысы бала-шағасын асырау­ға жетпейді. Амал жоқтықтан актерлер той жүргізіп кетті. Одан актердің беделі түседі. Жылтыңдап әр жерде көріне бергеннен кейін режиссер де, актерді фильмге жақындатпай қояды

Кинодағы жолымды сақтап қалған Шәкен аға

Қазақ киносының атасы атанған Шәкен Аймановтың өзі сізге ерекше қамқорлық танытыпты. Осы рас па?

– Содан Мәскеуге барғаннан кейін, Шәкен ағаның да «Атаманның ақырын» «Мосфильмге» алып келгенін естідім. Орыстың белгілі актері Николай ­Рыбников Шәкен аға бастаған бір топ актерді үйіне қонаққа шақырды. Бәріміз таң атқанша отырдық. Азанда «Московская женаның» түсірілім тобы Донецкке ұшып кеттік. Кешке таман Шәкен аға қайғылы жағдайға ұшырады деген жеделхат келді. Николай Рыбников екеуміз билет алып кері ұшайық дегенімізде, Шәкен ағаны Алматыға алып кетіпті. Сөйтіп, Шәкен ағаны соңғы көрген қазақ мен болдым. Менің кинодағы жолымды сақтап қалған Шәкен аға. Олай дейтін себебім, 1970 жылы Әзірбайжан Мәмбетов мені қайта театрға шақырды. Театрға кеткелі жүр дегенді естіп Шәкен аға өңі суық, қабағы қатыңқы күйде қабылдады. «Саған киностудия­да не жетпей жүр, неге ренжіп жүрсің?» деді. Мен ренжімедім деймін. «Онда неге кетейін деп жүрсің? Театрға барсаң, сотталасың. Сотталғаннан кейін біз саған нан тасып жүруіміз керек пе? Документтеріңді қайтадан өткіз де, киностудияға кір» деді. Ол кісі не болғанын, не жағдайда жүргеніңді біліп қоятын. Бетімдегі тыртықты көріп «Мына бет кімдікі?» деді. «Өзімдікі!». «Өзіңнің түгің жоқ. Бәрі халықтікі. Ал халықтың дүниесіне қол сұғатын болсаң, мен сені аямаймын. Киностудия­дан шығарып жіберемін» деді. Осылайша, мен кинода қалдым. Шәкен Аймановтың «Абай әні», «Алдар көсе» фильмдеріндегі рөлдерін көріп өстік. Бірде Шәкен Айманов шақырып жатыр деген соң қабылдауына келдім. Ол «Қилы кезең» фильміне түскен кезім. «Әй, қалқанқұлақ, келдің бе?» деді. Кейіннен еркелетіп осылай атап кетті. Саған аттас ағаң бар деп, Нұрмұхан Жантөринді кабинетіне шақырды. «Ағалы-інілі болып жүріңдер, режиссерлермен таныстыр» деп табыстаған кезін маған емес, ұлттық киноға жасаған қамқорлығы деп білемін. Содан Нұрмұхан аға мені дубляжға ертіп келіп режиссерлермен таныстырды. Бүгінде дауыстары алтын қорда жазылған М.Бақтыгереев, О.Қалмырзаев, З.Шәріпова, Ф.Шәріпова, Т.Тасыбековамен танысып, дубляжда бірге жұмыс істеп, осы салаға барымызды бердік. Мосфильм түсірген «Великий самоед» фильмінде әншілігімнің арқасында басты рөлді сомдадым. Сөйтіп танымал суретші Тыко Вылканы ойнап, І Мәскеу халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алдым. Ең бірінші алған жүлдем – осы. Одан бері 17-18 кинофестивальде жүлде иеленіппін.

Шетелде түскен фильмдер елімізде көрсетілмеді

Бүгінге дейін 200-ге жуық фильмге түсіпсіз. Оның ішінде біразышетелдік туындылар. Жақында Голливудтың шақыруымен «Комбат» фильміне түсіп қайтыпсыз. Жалпы Голливудқа ең алғаш жолыңыз қалай түсті?

– Голливудтағылар да кино көреді. Сөйтіп олар «Сталинге сыйлық» фильмдеріне дейінгі түскен картиналарымды көріпті. Голливудтың түсірген «Қоян-қолтық соғыс» картинасында чемпион Джон Лидің әкесін ойнаймын. Фильмге бекітер алдында режиссер мені арнайы Алматыға іздеп келді. Содан қол алысып амандасқаннан-ақ қолымның қарымын байқап: «Бірден киноға түсіреміз» деп бекітті. Мен әлі күнге дейін өз денсаулығыма мән беріп, спортпен айналысамын. Голливудта киноға түсудің тәртібі де басқа. Ең бірінші анкета толтырасыз. Онда істей алатын қабілеттеріңізді толықтай тізіп шығасыз. Осылайша актердің бағасы өсе бастайды. Соңғы түскен «Комбат» фильміне де Голливудтың көркемдік кеңесі өздері шақырды. Фильм осы жылдың мамыр айында қалың көрерменге жол тартады. Бірақ ол шыққанмен де біздің елде көрсетілмейді. Шетелде түскен көп кином шетте ғана көрсетіліп жүр. Францияда, Италияда, Польшада бірнеше фильмге түстім. Бірі де біздің кино нарыққа шыққан жоқ. Көрші Қырғызстанда алдыңғы жылы «Ноктюрн» деген фильмге түсіп, басты рөлдегі Геннадий Базаровты ойнадым. Сол фильмді алайық, болмаса сұрап алайық деп бірнеше жерде айттым. «Өзіміздің кинолар бар ғой» деп жылы жауып қоя салады.

Көз – жүректің айнасы. Экрандағы актердің бейнесі көзінен-ақ қалай ойнап тұрғанын паш етеді. Кейінгі кездері жас актерлердің көзіндегі отты байқамай жүрмін. Берген мәтінін оқып береді. Актер деген толғату керек

Шетелдік кино нарығының бізден ерекшелігі қандай?

– Өнер адамы домбыра сияқ­ты. Ылғал жерде тұрса, домбыраның үні шықпайды. Актер де сондай. Жағдайын жасаған сайын кемелдене түседі. Театрда Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Саят Мерекенов, Ерік ­Жолжақсынов, Айдос Бектеміров сынды жақсы актерлеріміз бар. Егер олар шетелдік туындыларға түссе, бірден мойындатар еді. Біз нағыз актерлеріміздің бағасына жете алмай жүрміз. Шыны керек, театр актерлерінің жалақысы бала-шағасын асырауға жетпейді. Амал жоқтықтан актерлер той жүргізіп кетті. Одан актердің беделі түседі. Жылтыңдап әр жерде көріне бергеннен кейін режиссер де, актерді фильмге жақындатпай қояды. Сондықтан актерлерді жоғары бағалауымыз керек. Мысалы, мен шетелдік киноға түсуге барғанда маған белгілі бір сома ұсынды. Бірнеше күннен кейін продюсер шақырып: «Біз сіздің материалдарыңызды көрдік. Келісімшартты қайта жасаймыз. Гонорарыңызды жоғарылатпақпыз» деді. Он-он бес күн өткеннен кейін тағы да өсірді. Ол жақта актердің жағдайын бірінші орынға қояды. Түсірілім кезінде де қасыңда жеке ассистент жүреді. Ал бізде киноның иісі мұрнына бармайтын сондай ассистенттер кастинг жасайды. Киностудияға кино деп қарау­ға болмайды. Киноның жаны бар, жүрегі бар. Кино – ұлттың төлқұжаты. Кино арқылы бүкіл мемлекет, ұлттың тарихы мен тағдыры танылады. Сондықтан киноға жай қарауға болмайды. Кино – киелі ұғым. Киноның бойында үнемі қан жүріп тұруы керек. Қазақтың киносы Ермек Аманшаевтың кезінде керемет дамыды. Еуропаның бәрі бізге қызығып қарайтын. Ал енді қазір киноның жаны дертке душар болды. Құдай қаласа, бұл дерттен де арылармыз.

Қонаев қанаттандырды

– 1979 жылы «Нан дәмі» фильмі жарыққа шыққан соң қазақ актерлерінің арасынан бірінші болып КСРО мемлекеттік сыйлығын иелендіңіз. Біртуар тұлға Д.Қонаевтың өзі қазақ киносындағы еңбегіңізді жоғары бағаласа, әріптестеріңіз «кинодағы құбылыс» деп баға берген екен.

– Шетелдік киноларға түсіп жүргенде француз актері, әрі досым Жерар Депардье: «Сен өзі қай жақтан оқу бітіргенсің?» деп сұрайды. Мен «Қазақ даласынан оқу бітіргенмін» деп жауап бердім. Өйткені менің режиссерлерімнің әрбірі – бір-бір академия. Кино біткенге дейін Шәкен ағадан да, Абдолла ағадан да талай нәрсе үйреніп шығатынбыз. Ал Дінмұхамед Ахметұлымен кездесуіміз фильмнің премьерасы барысында өтті. Мәскеуде түскен бірнеше фильмнен кейін төрт сериалды «Нан дәмі» фильмінде Ыдырыс Ноғайбаевты – Д.Қонаевтың, мені – А.Асқаровтың рөліне бекітті. Фильмнің премьерасы және Тыңның 25 жылдығы Республика сарайында өтіп, мерекелік шараның соңына қарай дастарқан жайылды. Осы кезде Дінмұхамед Ахметұлы «Нескромный секретарь» қайда?» деп мені іздейді. Ыдырыс түртіп қалып, орныңнан тұр дегендей белгі берді. Орнымнан тұрып ­Димекеңнің қасына келіп едім, «Әй, азамат, қатырдың, қатырдың!» деген қуанышын жасырмады. Димекеңнің қолпаштауынан қанаттанып кеткендей болдым. Фильмнің режиссері А.Сахаров «Советский экран» журналына «Кеңес киносында қазақ актері Нұржұман Ықтымбаевтың пайда болуы – құбылыс» деп жазып жүргені осы кез болатын. Кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлығын иелендім. Мен тағдырыма ризамын дейтін себебім, мамандықты мен таңдаған жоқпын, табиғаттың өзі мені актерлікке әкелді.

– «Өмірде ұстаздан жолы болған жанмын» дедіңіз. Ал өзіңіз артыңыздан ерген актерлерге бағыт көрсетіп жүресіз бе?

– Иә, түсірілім алаңында кеңес сұраған жанға білгенімді бөлісуден қашпаймын. Әрбір актердің дайындық барысындағы құпия­лары болады. Менің айтқан кеңестерімді елеп, жасайтын әдістерімді қайталап мені ұстаз ретінде бағалап жүрген жігіттер бар. Жалпы, киноны сынаудың қажеті жоқ. Кинода пікірлес болу керек. Мұңдас болу қажет. Кино – театр емес. Бір түсіргеннен кейін тепкілесең де, түзелмейді. Сондықтан, кинода пікірлес болу, түсірілім алаңында жинала қалып рөлді талқылау аса қажет.

Рүстем Әбдірашев түсірген «Сталинге сыйлық» фильмі сізге арнап жазылыпты. Киноға түсуге бірден келістіңіз бе?

– Мен Рүстемнің оған дейін де бірнеше фильміне түскенмін. Оның бір қарағанынан-ақ менен нені күтіп отырғанын түсіне қоямын. Сондықтан Рүстеммен біз өте жақын болып кеттік. Әкесі Жарасқан Әбдірашевпен де кезінде жолдас болғанбыз. Оның режиссер ретінде сезімталдығы сондай менің қандай күйде жүргенімді де сезеді. Сондықтан «Сталинге сыйлық» фильміне мені бекіткеніне таң қалмаймын. Үлкен фестивальдерде фильм бірнеше жүлде жеңіп алды. Актер рөлді ойнамауы керек, ойлануы керек. Жасайын деп тұрған кейіпкеріңнің өмірде кездестірген қай адамға ұқсайтынын ойлануың қажет. Даланың адамы мен қаланың адамын шатастырмау керек. Қаланың адамын ойнап жүріп даланың адамын қойсаң, жасанды шығады. Көз – жүректің айнасы. Экрандағы актердің бейнесі көзінен-ақ қалай ойнап тұрғанын паш етеді. Кейінгі кездері жас актерлердің көзіндегі отты байқамай жүрмін. Берген мәтінін оқып береді. Актер деген толғату керек. Бала туғанда ананың тоғыз ай көтеретіні сияқты, актер де рөлге тоғыз ай дайындалуы тиіс. Сөйтіп барып экранға шығару керек. Біз қазір ұсақталып барамыз. Қаптаған сериалдар көп актердің обалына қалды.

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button