Нысандарды аралап, кездесулер өткізді
Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев пен Самат Нұртаза Астанадағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, бірқатар кездесу өткізді. Алдымен депутаттар Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында мәдениет саласының өкілдерімен жүздесті.
Кездесуге қалалық Мәдениет басқармасының басшысы, әкімдікке қарасты театр жетекшілері мен қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында мәдениет саласындағы бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Атап айтқанда, саладағы шығармашылық бастамаларды қолдау, әлеуметтік жағдайды жақсарту туралы айтылып, инфрақұрылымдық және т. б. мәселелерге байланысты ұсыныстар ортаға салынды. Депутаттар айтылған пікірлерді мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді Парламент деңгейінде қарастыруға уәде берді.
Бүгінгі таңда елордада мәдениет саласында қала әкімдігіне қарасты мекемелерде 2200 қызметкер жұмыс істейді. Соның ішінде 6 театр, 3 музей, 22 кітапхана, 1 концерттік бірлестік бар. 2024 жылы қаланың мәдени мекемелері 19402 іс-шара өткізді. Оларды 2348468 адам тамашалады. Ал театрларда былтыр 1013 қойылым, соның ішінде 28 премьера сахналанып, 354608 көрермен қамтылды.
Павел Казанцев пен Самат Нұртазаның №3 қалалық емхана ұжымымен кездесуінде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер талқыланды. Әсіресе емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен жаңа ғимарат қажеттілігі секілді сұрақтар назарға алынды. Депутаттар медицина қызметкерлерінің пікірлері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, оларды шешу үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Жиын соңында олар денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы мен медицина саласының қызметкерлерін қолдаудың маңызын ерекше атап өтті.
Балабақшалар басшыларымен кездесуде колледжден кейін тәрбиеші жалақысының аздығы, сондықтан кадр ауысуының жиілеп кеткені үлкен әңгімеге айналды. Бас қалада балабақша тапшылығы туралы да айтылды. Сондай-ақ депутаттар К.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейге барды. Аталмыш мектепте 4900 бала оқиды. Депутаттар мектеп жағдайымен танысты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ