Мәдениет

Нұр келбетті Астана

Астананың 20 жылдығына орай Ұлттық музейде отандық және әлем қылқалам шеберлерінің қатысуымен «Нұр келбетті Астана» халықаралық көркемөнер фестивалі өтуде.


Шетелдік меймандарды Астананың 20 жылда қол жеткізген жетістіктерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған фестивальдің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен отандық және шетелдік қылқалам шеберлері, дизайнерлер қатысты. Шетелдік суретшілер елордадағы өздеріне ұнаған жерлерін таңдап алып, көрмеге 2-3 шығармадан ұсынған екен. Мысалы, жапондық суретші Акира Мурата Хазірет Сұлтан мешітін салса, Ұлыбритания өнер қоғамы Корольдігінің мүшесі Александра Коннор өзінің картиналарында ұлттық киім киген астаналық ер адамды, домбырада ойнап тұрған астаналық әйелді және бүркітшіні бейнелеген. Ал голландиялық Димтрис Вояоглудың майлы бояумен салған суретіне Есілдің жағасындағы сағат пен күн батқан кездегі көріністі көрсеткен. Сонымен қатар бразилия­лық Жизель Улисс, түркиялық Мұстафа Муфтуоглу және басқа да бірқатар шетелдік қылқалам шеберлері Астананың табиғаты мен көркі келіскен архитектурасын бейнелеген жұмыстарын ұсыныпты.


– Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениет әлемнің барлық тілінде сөйлеуі керектігін айтқан болатын. Яғни, әлем елдері Қазақстанды жерасты байлығымен ғана емес, мәдени жетістіктері арқылы да бағалауы керек. Бұл фестиваль осы мақсатты көздеп отыр. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлерінің қиялынан туған туындылар жер шарының жетекші елдерінде елордамызды насихаттауға үлкен үлес қосады деп сенеміз, – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.


Өз кезегінде сөз алған хорват суретшісі, «Абу Даби Плаза», «Желді түн» және «Астанадағы алғашқы күн» картиналарының авторы Марко Зубак Хорватия­ның көпшілік баратын жерлерінің бәрі көне екенін айтады.


– Сіздерде бізден айырмашылық көп екен. Мысалы, менің қаламдағы ғимараттардың көпшілігі, көшелері де көненің көзіндей боп қалған. Ал Астанада бәрі жас, су жаңа құрылыстар, үріп ауызға салғандай уыздай жас музей, салтанатты архитектура. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жаңа. Сіздер болашақты өз қолдарыңызбен құрып жатырсыздар. Мен үшін осының бәрін көру – бақыт, – дейді ол.


Көркемөнер көрмесі ашылуы қарсаңында шетелдік қонақтарды Астананың көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылған болатын.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button