Мәдениет

Объективтің ар жағындағы Астана

Бүгінде елордадағы Тәуелсіздік сарайында қалалық Мәдениет басқармасы мен «Aray Gallery» ұйымының мұрындық болуымен заманауи өнердің бірінші халықаралық көрмесі өтіп жатыр. «Astana Art Fair» деп аталатын айрықша шараға отандық суретшілермен қатар Франция және Жапония елдерінің өнерпаздары қатысуда.

00018

«Aray Gallery» – қазіргі таңда шығармашылыққа бет бұрған жаңа есімдерді қолдауды мақсат тұтқан өнер мектебі. Аталмыш мекеменің өкілдері әртүрлі бағыттағы көрмелерді ұйымдастыру арқылы Астананың креативті алаңқайындағы тұлғалардың басын бір ортаға біріктіруді көздейді.
Жоғарыдағы жоба аясында жүзеге асып жатқан сүбелі істердің бірі ретінде «Astana. Evolution» фотокөрмесін атауға әбден болады. Онда бас шаһардың әртүрлі ракурстан түсірілген суреттері қойылған. Туындылардың әдемілігінен көз сүрінетіндей. Оларға қарап заманауи техника мен әлемдік қауымдастықтардың қазіргі фотоөнерге ықпалын бірден байқайсыз. Елорданы жаңа әрі көне нұсқада, төрт мезгілде, күндіз және түнде, көптеген архитектуралық стильде «шырт еткізген» фотографтардың шеберлігіне шынымен-ақ тәнті боласыз.
Бұл шара бәрінен бұрын астаналық жас фотографтар үшін таптырмас мүмкіндік болғаны анық. Өйткені, жұртшылық ендігі уақытта фото авторларын танып қана қоймай, алдағы жұмыстарын да асқан қызығушылықпен күтетіні белгілі.
– Мен үшін фотография – қоршаған ортадан өзгеше дүниені табуға көмектесетін ұлы өнер. Сондықтан әрқашан ізденіс үстінде жүруге тырысамын. Жұмыстарым халыққа ұнап, эстетикалық ләззат сыйлап жатса, одан асқан қандай бақыт керек?! – дейді көрмеге қойылған фото авторларының бірі Айбек Аханов.
Көрме 2 қыркүйекке дейін жалғасады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button