Өкпе обыры өршімесін
Тамыз айының басында Қазақстан дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күнін атап өтті. Елімізде бұл ауру жыл сайын 4 мыңға жуық адамнан анықталады екен.
Өкпе обыры әлемде және Қазақстанда онкологиялық аурулардың арасында өлім көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Халықаралық онкологиялық зерттеулер агенттігінің мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын шамамен 2,3 миллион адамға осындай диагноз қойылады, әр 18 секунд сайын бір адам өкпе обырынан қайтыс болады.
Өлімнің жоғары болуының негізгі себебі – өкпе обырының кеш анықталуы, науқастардың 70%-нан астамында ауру асқынған сатысында анықталады.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, өкпе обырынан сырқаттану мен өлім деңгейінің жоғары көрсеткіші Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары және Алматы қаласында байқалады. Аталмыш өңірлердегі көрсеткіш ел бойынша орташа көрсеткіштен екі есеге көп.
Темекі тарту – қауіпті
Өкпе обырының негізгі қауіп факторы темекі шегу, оның ішінде пассивті (барлық жағдайлардың шамамен 80%). Басқа факторларға кәсіби қауіптер (асбест, радон, мышьяк және басқа химиялық заттармен байланыста жұмыс істеу), сондай-ақ ауаның ластануы және өкпенің бұрынғы созылмалы аурулары жатады.
Өкпе обырының негізгі белгілеріне кеудедегі жайсыздық пен ауырсыну, тұрақты жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу, қан элементтері бар қақырық, түкіру жатады. Егер жоғарыда аталған белгілер пайда болса, консультация алу керек немесе қосымша тексеру үшін дереу дәрігермен кеңесу керек.
Ерте емделуге мүмкіндік бар
Қазақстанда өкпе патологиясын ерте диагностикалау үшін КТ, МРТ, ПЭТ-КТ секілді компьютерлік томографиялармен қатар, ісік жасушаларының метаболикалық белсенділігін, процестің таралуын анықтау үшін аспаптық зерттеулердің барлық түрлері қолжетімді.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, өкпе обырымен ауыратын пациенттердің басым көпшілігі кешенді емдеуден өтеді, оған хирургиялық операциялар, сәулелік және дәрілік терапия, соның ішінде химиялық, иммундық, таргеттік терапия кіреді.
Біздің елімізде өкпе обырына арналған жоғары технологиялық операциялардың барлық түрлері, атап айтқанда реконструктивті, бронхоанигопластикалық операциялар, торакоскопиялық лобэктомиялар, лимфодиссекциясы бар сегментэктомиялар жүргізіледі.
Торакоскопиялық хирургияның дамуының өзектілігін ерекше атап өткен жөн, мұндай операциялар аз инвазивті, сондықтан операциядан кейінгі кезеңде ауырсыну синдромының айтарлықтай төмендеуіне, ерте қалпына келтіруге ықпал етеді, осылайша пациенттердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартады.
Кейбір пациенттерге, әсіресе ісіктердің операция жасалмайтын түрімен ауыратын пациенттерге сәулелік терапия курстары көрсетілген, еліміздің онкологиялық орталықтары осындай пациенттерді емдеуге, соның ішінде томотерапия жүргізуге арналған заманауи аппараттармен жабдықталған.
Емдеудің жаңа технологиясы
2018 жылдан бастап өкпе обыры бар пациенттерге драйверлік мутацияларды және PD – L1 экспрессиясын анықтау үшін молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізіледі. Олардың нәтижелері бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде таргеттік және иммундық препараттарды қоса алғанда, дербестендірілген емдеу тағайындалады.
Өткен жылы өкпе обыры бар 1400-ге жуық пациентке генетикалық зерттеулер жүргізілді, EGFR мутацияларының анықталуы – 19,9%, ALK – 8%, 49%-да әртүрлі дәрежедегі PD-L1 экспрессиясы анықталды.
Драйверлік мутациялары бар өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерге арналған осы топтағы дәрі-дәрмектер ісік жасушаларындағы патологиялық процестерді таңдамалы түрде блоктайды.
Таргеттік препараттардың көпшілігін пациенттер амбулаториялық режимде алады, бұл өз кезегінде оларға толыққанды өмір сүруге, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жалпы, өкпе обырының профилактикасы үшін зиянды әдеттерден, ең алдымен темекі шегуден бас тарту керек. Темекіні тастау арқылы аурудың даму қаупін азайту ешқашан кеш емес. Сонымен қатар, аурудың созылмалы түрге өтуіне жол бермеу үшін бронх ауруларымен уақытылы емделу керек.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ