Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы…
Осыдан екі жыл бұрын газетімізге қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Әлқожаевпен сұхбат жарияланды. Әңгімемізде соттың қай тілде өтетінін сұрап, егер мемлекеттік тілде өтпесе оның негізгі себебін білмек болғанбыз.
Судья: «осы күнге дейін мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонып, жан-жақты құқық саласында қолданылуына кедергі жасап отыруының бір себебі негізгі заңымыздағы 7-баптың екінші тармағында жатыр: «Мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ұйымдарда ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі қолданылады» деген мәтіндегі «ресми түрде» деген сөздің мағынасын ұқпай, жұрттың көбі орыс тілінің ресми мәртебесі бар деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Орыс тілінің, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, ешқандай ресми тіл мәртебесі жоқ. Сөйлемнің мағынасына үңілсек, қажеттілік туындағанда қолданылуы мүмкін делінген» деп жан-жақты түсіндіріп, осы саладағы түйінді мәселелердің шешуін тарқатып берген-ді.
Сол аралықта тағы бір кездесудің сәті түсті. Бұл жолы асығып тұрды, сөз арасында демалысқа кетер алдында бітпей тұрған бір іске алаңдаулы екенін айтты. Тілшілік қызығушылықпен ақырындап сұрап, жағдайды білгенде, кейде заң нормалары мен адами қағидаттардың бір нүктеде түйісе бермейтінін аңғардым. Әділдік таразысын тең ұстауға міндетті судьяның жүрегі сондай сәтте сыздайтынындай көрінді. Ақыры сол жүрек… елуден енді ғана асқан шағында мәңгілікке тоқтады, бекзат болмысты жақындарының ортасынан жұлып әкетті.
Кім біледі, Қыдырбек Қорғанбекұлына Алла ұзақ ғұмыр бергенде тағы да бір сұхбаттың орайы келер ме еді?! Онда Қыдырбектен өзі қорғаған Абай эстетикасы мен ислам қағидаттары туралы сұрап, ғалым Қыдырбектің көзқарасын, ұлттық Абайтану іліміндегі Қыдырбектің әлемін ашып, газет оқырмандарын тамсантар ма едім.
– Қыдырбек Қорғанбекұлы әуелі әдебиетті таңдады, ақындықты игерді, айтысқа түсіп, мектеп жасынан тілге, әдебиетке сергек қарайтын намысшыл оқушылардың бірі болды. Өсе келе, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдың адамтану, дінтану кеңістігіне бойлап, исламның құдіретін, адамзат тарихындағы орны жөніндегі дәйекті пікірлерін жазып жүріп, оны ғылыми тақырыпқа айналдырып, қорғап шықты. Абайдың, адамзаттың жан дүниесін ғаламдық жаратылыстағы тұғырын ашуда Абайдың қара сөздері мен Құранды, поэзиясы мен пайғамбарымыздың хадистерін шендестіре отырып зерттеп өзінің Абайтану әлемін жасады» дейді ғалым Қыдырбек туралы көрнекті ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.
Нұрлан Оразалин ағамыз Қыдырбектің артында қалған ұл-қыздарының сәттік сағынышын жеткізген кешке де өзі бас болып келді.
Елорданың Ә.Мәмбетов атындағы өнер ұжымының қолдауымен өткен кеште Қыдырбектің алтын асықтай балалары әкеге деген сағынышын жеткізгенде көрермендер көздеріне жас алды. Бұл кеш ерекше кеш болды. Әкені ұлықтаған, қазақтың киесін жоқтаған кешке айналды.
– Екі жыл өмірімізді күрт өзгертті, тірі тіршілігін жалғастыруда, біз де заманнан қалыспай тыпырлап, қоғамның көшінен қалмауға тырысып жатырмыз. Әйтсе де, жан күйіміз екі жыл бұрынғы қалыпта қалып қойғандай. Біз әке махаббатын көріп өскен бақытты жандармыз, бүгінгі кеш еске алу кеші емес, себебі біз бір сәтке де ұмытқанымыз жоқ, бүгінгі кеш – сағыныш кеші, балаларының әкелеріне деген сағынышы. Бүгінгі кеш – сынақ пен сабақты, сыр мен жырды қабылдайтын есею кеші. Әрине, аруаққа ең бастысы, Құран дейді, дұғаның, астың жөні бөлек, келісеміз. Бірақ бүгінгі кеш марқұмның артында қалған жақындарының жанына демеу болатын жарасын жазатын зәмзәм секілді. Көкірегімізде қалып қойған ауыр сезім мен бойымызға сыймай жатқан сағынышымызды бізбен бөлісуге келгендерге басымызды иеміз» деген ұл-қыздарының алғысы айтылды.
Расында да алдыңғы толқын аталардың ұрпағына қарап мақтанатындай кейінгі толқын жастарымыз терең тамырларын еске алып шабыттанатындай, екі дәуірдің бір әлемде тоғысып, рухани қайнарларынан шөлін қандыратындай кеш болды. Тек қана Қыдырбектің балаларының емес, әрқайсымыздың жүрегіміздегі әкеге деген құрмет пен сағынышымызды тербеп, әкелеріміз аманат етіп қалдырған, өмірге деген махаббатты, әкелер ісіне деген адалдықты қабылдап, жылы сезіммен қоштастық.
– Әр отбасында әкенің орны, беделі тәрбиелік өнегесі биігінде тұруы керек, әке биікте болса, отбасының мерейі үстем болады, әке биіктен көрінетін болса әулет мықты! Әкелердің абыройына көлеңке түсе бастаған кезде, әкесі баласын танымай кетіп жатқан кезеңде қос қанатымдай шырақтарым, өрісті өнегелі іс тындырғандарыңа ризамын деп Қыдырбектің артында қалған балаларының нағашы атасы Нұрлан Оразалин алғысын айтып, кешті аяқтады.
Орнында бар, оңалатын әкенің биік туын жықпайтын ұл-қыздарының жүрегінің түкпіріндегі сүйіспеншілікпен бөліскеніне ризашылық көңілмен, мына дүниеде еңселерін биік ұстап, әрбір жаңа күнді әкелеріндей жарқырап, жатырқамай қарсы алып, асқақ армандарын жүзеге асырсын деп тілек тіледік.
Кештің басты ұраны – ұрпақ өсіріп, ұлт мәңгілігіне қызмет еткен бабалар аманаты мен әкелер рухына тағзым болса, осы бір өнегелі рухты жаңғыртып жанымызды жылытып, жақсылыққа жетектеген театр өнерпаздарына да алғысты болып тарқастық.
Айгүл УАЙС