Руханият

Өлеңмен өтсе өмірім

Жазбай кейде өлеңді,

Жүрсем күндер өткізіп.

Өзі сөйлеп береді,

Өмірдегі көп қызық, – демекші, өлеңді жазамын деп ойламайсың. Өлең өзі топ етіп, нөсерлеп келеді. Ол күн-түнге қарамайды. Тек көңіл күйіне, шабытыңа, кейде ауа райына да байланысты болады.

Әдетте барлық ақындар алғашқы өлеңдерін туған жеріне, анасына арнап жазады. Бәлкім, бұл адами немесе табиғи заңды құбылыс шығар. Мен сондай үлкен ақиық ақын емеспін. Өз басым поэзиядан гөрі проза жанрына жақын жанмын. «Өмір нұры» және «Өмір өрісі» атты екі кітабым баспадан жарық көрді. Көптеген әңгімелерім, суреттеме мен мақалаларым республикалық «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас»), «Дат», Ақмола облыстық «Арқа ажары», «Торғай таңы», «Шамшырақ нұры», «Астана ақшамы» газеттерінде, «Көкшетау» журналында, басқа да басылымдар да тұрақты жарияланып  тұрды.

Дегенмен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай атамыз айрықша атағаннан ба, ойыма жыр жолдары да жиі оралады. Әлі есімде, арада көп жылдар өтсе де, мына бір бала-шала өлең ойымда қалыпты.

 

Туған жер, алтын ұя, бесік жырым,

Өзінде өтіп еді сәби кезім.

Ең алғаш тәй-тәй басып жүргенімде,

Көтеріп, демедің ғой мені өзің

  

Есейіп, алыс шалғай кетсем де,

Сонда да ораламын туған жерге.

Қуаныш, қимас сезім көңілімде,

Ақмола – құт мекенсің сен әлемде.

 

Сөз жоқ, бақытты балалық шақтан соң қайратты да жалынды жастық шақ келеді. Бұл кезде жазған өлеңдеріңнің сөздері бұрынғыдан шымыр болып, деңгейі арта түседі. Оған келесі өлең дәлел болады деп ойлаймын.

 

 Жастық шақ – жалынды күн жарқыраған,

  Бұл шақта арманменен шалқыр адам.

  Елестеп алғы өмірдің белестері,

  Құлшынам, бірақ әсте қалтыраман.

 

  Жастық шақ – мұхит қой бір шалқып жатқан,

  Жастық шақ – алтын таң ғой күліп атқан.

  Ертеңгі бақыт үшін талпынатын,

  Өрісін арманымның сенен тапқам.

 

 

 Жастық шақ – кең дүние ғаламаты,

 Өмірдің шұғылалы азаматы.

 Еркесі бар әлемнің қажымайтын

 Мақсаты – адал еңбек аманаты.

Қайран, шіркін жастық шақ! Сенің қызығыңа тойған жан бар ма, сірә?! Ең кереметі сол, бұл сәтте тұңғыш рет махаббат деген сезім оянады. Бір тылсым күш бойыңды еріксіз билеп, жүрегіңді жаулайды. Ал ол шынайы пәк сезім ұшқыны болса, есте ұзақ сақталуы мүмкін. Меніңше, мәңгі ұмытылмайды. Бұған «Махаббат құдіреті осы ма?» деген өлеңім куә болатын сияқты.

 

Сыңғыр қағып, сылдырайды бал бұлақ,

 Оған елтіп, ән салады жапырақ.

 Жиілетіп жүрек лүпіл соғады,

Сен салғандай осы әнді мың бұрап.

 

Тылсым сезім тұла бойды билейді,

Сиқыр әуен жан дүниемді тербейді.

Айтшы, жаным, шын махаббат осы ма?

Бейнең сенің көз алдымнан кетпейді.

 

Мен ежелгі Ақмола, қазіргі Астана қаласының төл тумасымын. Бүгінде Астана кереметтей құлпырып, халықаралық деңгейдегі үлкен мегаполиске айналды. Бір Бәйтеректің өзі туған қалама ерекше сән беріп, Астананың атын айрықша асқақтатып тұр. Осындай көркем, тарихы терең шаһарда туып-өскенімді әрдайым мақтан тұтамын. Бас қаланың жиырма жылдық тойына жыр­мен шашу арнап, «Жайнай бер, бас қалам, Астанам» атты өлең жаздым.

 

Астана – нұр сәулелі шұғыла,

Тамсандым мен биігі мол шыңына.

Астана – дариясы шаттықтың,

Барша халық еңбек еткен жұмыла.

 

Астана – ақиқаттың тынысы

Оның мәңгі өрлей бермек тың күші,

Астана – болашақтың қаласы,

Бұған айғақ жастарымның игі ісі.

 

Астана – Қазақстан жүрегі,

Барлық үлкен ісіміздің тірегі,

Жайнай бер, бас қалам, Астанам

Миллиондардың өзіңе айтар тілегі. 

 

Астана – бар бақыттың бұлағы,

Астана – жаңа өмір шырағы.

Егемен елге нұрын төгіп сол шуақ,

Қазағымның салтанатын құрады.

 

Иә, шынында менің сүйікті Астанамның болашағы зор. 1999 жылы әлемге әйгілі ЮНЕСКО ұйымының «Астана – бейбітшілік қаласы» (Астана – город мира) деп құрметпен атауы да бекер болмаса керек. Лайым солай болғай!

Бименде ҚАЗАНҒАП,

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button