Басты ақпаратРуханият

Өлкемізді танып болдық па?

немесе Ақмоланың жәдігерлерін қайдан іздейміз?

Басқасы басқа, бас қаламызда музейдің кемдігі жоқ. Республикалық деңгейдегі нысандарды айтпағанның өзінде, «Астана қаласының біріккен музейлер дирекциясы» ұйымына 1,7 гектар жер аумағына кең байтақ еліміздегі қалалардың сәулеттік және табиғи көрікті өлкелерінің шағын ғана көшірмелерін макет түрінде орналастырған «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, 1988 жылы ашылған Сәкен Сейфуллин музейі, ХХ ғасырдың 30-50-жылдардағы жаппай террор құрбандарына арналған бірегей ескерткіш – саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені және «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы біріктіріліп, бір жерден басқарылады екен.

Сонымен қатар, Астана қаласы бойынша 46 тарих және сәулет ескерткіші, 39 монументалды өнер ескерткіші және 13 археология ескерткіші бар. Бұлардың барлығы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығы» арқылы Астана қаласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау, қалпына келтіру және насихаттау жұмысын жүргізеді. Ескерткіштермен, мәдени маңызы бар нысандармен жұмыс істеу және олардың сақталуына бақылау жүргізіп, тарих және мәдениет ескерткіштерінің техникалық жай-күйін зерделеуді, ағымдағы жөндеу мен қалпына келтіру жұмысымен айналысады. Жыл сайын ескерткіштер тізімі жаңартылып, Астана қаласының жаңадан анықталған тарих және мәдениет ескерткіштерін қамтиды.

Осы нысандардың арасында іздегеніміз жоқ. Елорда құтты мекеніне келіп қонғанға дейінгі Қараөткелдің, Ақмола мен Целиноградтың, осы Арқаның бір шетін жайлап жатқан аймақтың жер-суының тарихы мен қасиетті жерде жасаған жақсылардың ізін қайдан білеміз? Өткен ғасырдың басында қатарынан қосарланып келіп қыспаққа алған ашаршылықтың дерегі қайда жатыр? Басқа да ел басына келген нәубет пен тарихи оқиғалар қалай өрбіді? Оның дерегі қарапайым адамға барып-көруі неге жеңіл, бір жерде жинақталып, орталыққа жиналмайды? Яғни бұл жердің тарихы 30 жылмен ғана шектелмейді ғой деген сұрақ маңызды мәселенің шетін шығарып отыр.

Астанаға келгенде ­аңтарылып қаламыз. Бейнебір тақыр жерге ел қонып, соңғы 30 жылда өмірі өріліп, дүр сілкінген сияқты

Әдетте, қай өңірге барсаңыз да, қай қала, қай ауданға жол түссе де, өлкетану музейіне соғу – парыз. Сол арқылы елді мекеннің өткенімен танысамыз, сол жердің халқын танып, жақындай түсеміз. Ал Астанаға келгенде аңтарылып қаламыз. Бейнебір тақыр жерге ел қонып, соңғы 30 жылда өмірі өріліп, дүр сілкінген сияқты.

Бұрындары біз өскен жерлерде өлкетану жұмысына көп мән беретін. Мектепте жүргеннен түрлі үйірмеге қатысып, ауылдың айналасына экскурсия, жаяу саяхат жасап, тарихи орындарға, орман-тоғайға топталып барушы едік. Міндетті түрде, музейден бөлек, мектепте де мүйіс ашылып, елдің біршама тарихы көз алдымызда тұратын.

Мектептегі музей алдымен патриоттық тәрбие беруге ықпал етеді. Осы бір үрдіс ел­орда мектептерінде бар, алайда есімі берілген тұлғалардың өмірінен асып кетпеген.

Есілдің екі жағына ел қонып, бас қала атанғанға дейін өлкенің өз жәдігерлері болды. Облыс ­орталығы ауысқанда, бұл дүниелер түгелімен Көкшетау асып ­кетті. Сонда қалай, Ақмола тарихын білу үшін ­Көкшетауға бару керек пе?

Жастайымыздан өлкетанудың із-жолын көріп-біліп өскендіктен болар, елордалық атанғалы келген жеріміздің өткеніне үңілген жайымыз бар. Алдымен жоғарыда аталған мәдениет ошақтарын аралап шықтық. Одан түйгеніміз аз болған жоқ. Белгілі бір кезеңнің толық тарихы әсіресе АЛЖИР-де жақсы көрсетілген. Ізденген жанға қалалық басылымның берері мол. Бұл өлкеге қатысты деректер біздің газетте көптеп жарияланды. Мұрағат құжаттарына сүйен­ген мәліметтер қаншама. Ерекше ықыласымыз болған соң, қаланың бұрынғы қалпынан да білетінімізді түйіндедік. Соның бірі – өлкетану музейі­нің төрін толтыратын көрініс – Кенесарының Қараөткелге шабуылы. Оның өткен жері, патша қамалы да бүгінгі қаланың қақ ортасында. Кез келген ұрыс даласын қалпына келтіріп, бейнесін жасау музей технологиясы ешкімге таңсық емес. Тек ниет болсын. Мұны бір деңіз. Екінші, арғы тарих Қараөткел базарына қатысты. Мұнда Балуан Шолақ пен Ғалия­ның сыйластығы кім-кімді де қызықтырары анық. Қымызшы Ғалияның зираты да осы өңірде. Өлкенің тағы бір тарихи парағы Қосшығұловтарға қатысты. Оның айналасындағы қазақтың жылқылы байлары, саудагер татарлар мен көпес­тері бір төбе болып, елдің өткенін толтырады. Алғашқы автокөліктің келуі де қызық. Одан басқа, табиғаты өте суық өңірдің тұрмыс-тіршілігі қалай болды, бұл да бір музейдің дәлелі болса нанымды болар еді.

Бұл өңірдің үлкен бір белесі Тың игеру кезеңімен байла­нысты. Оның күнгейі де, жергілікті халықтың руханиятына түсірген көлеңкесі де болды. Оның екі жағы да музейден көрініс табуы тиіс.

Тың тек Ақмола үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды. Тіпті бұл қала кезінде Целиноград атанып, Тың өлкесінің орталығы болды.

Білгенге маржан, Қараөткел – мазараты нағыз тарихи орын. Ондағы көктастар оқылып, түгел зерттеліп болған жоқ. Осының алдында біршама жұмыс жүргізілсе, ол материалдар өлкетану музейінің керемет жәдігеріне айналар еді. Керек десеңіз, аспан асты музей ретінде де сұранып тұр. Онда жерленген Кенесары әскері сарбаздарының белгісі, атақты саудагерлер мен осы елдің ағартушыларының бейіт­тері Қараөткел тарихымен байланысып, терең зерттеуді қажет етеді. Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектептің өңір тарихындағы орнын екінің бірі біле бермейді. Ол да бір серпілістің нақты куәгері. Ол да музейден орын алуға лайық. Айта берсе, өңірдің қызықты тарихы жеткілікті. Мәселе осының бәрін халыққа жеткізіп, насихаттауда. Тек ізденген адамның олжасы болып қана қоймай, өңірге қатысты барша мәлімет бір жерде орталықтандырылып, музейге айналып жатса құба-құп болар еді.

Есілдің екі жағына ел қонып, бас қала атанғанға дейін өлкенің өз жәдігерлері болды. Облыс орталығы ауысқанда, бұл дүниелер түгелімен Көкшетау асып кетті. Сонда қалай, Ақмола тарихын білу үшін Көкшетауға бару керек пе? Қаладағы шашырап кеткен жәдігерлерді жинақтап, осы өңірдің қалыптасуына ықпалы болған азаматтардың өмір дерегін осы музейден көргіміз келеді. Арнайы өлкетану музейі болмаған соң, олар да көзден ұшып, көңілден кете береді…

Қорыта айтқанда, ел кезіп кеткен жәдігерлерді алдырып, арнайы жай бөліп, Ақмола өңірінің өз тарихын, жер-суы мен осы топырақта өсіп-өніп, еліне қызмет еткен жандардың, өлкенің тұрмыс тірлігінен хабардар ететін, өзіне тән салт-дәстүрін баяндайтын, алтын қолды шеберлерінің қолынан шыққан ескінің көзін тамашалайтын танымдық орталық керек-ақ…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button