Өмір сүруге қолайлы қала
Астана – үздіксіз дамып келе жатқан қала. Елорда экономикасының өсімі жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Шағын және орта бизнес қаланың негізгі драйверіне айналып отыр. Бас қалада биылғы жылдың он бір айында 3,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты баяндап берді.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Экономикада өсім бар
Бас қала дамуының негізгі бағыттары туралы айта келе, шаһар басшысы алдымен елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
– Астананың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Қала экономикасы өсуде. Жалпы өңірлік өнім бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7%-құрады, бұл – 5,4 трлн теңге. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы жылы жалпы өңірлік өнім құрылымында өндіріс секторының үлесі 13,9%-дан 15,7%-ға дейін өсуі байқалады. Бұл өнеркәсіп және құрылыс салаларының белсенді дамуының арқасында болып отыр, – деп бастады баяндамасын Жеңіс Қасымбек.
Елорданың экономикалық тұрғыда ілгерілеуіне шағын және орта бизнес санының артуы оң серпін беріп келеді. Қалада жаңа жұмыс орындары құрылып, инвестиция тарту деңгейі артты. Негізгі драйвер шағын және орта бизнес болып табылады, ол елорда экономикасының 72,1%-ын, Қазақстан Республикасы бойынша орташа 38,2%-ды құрайды. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда Астанада жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3%-ға өсіп, 247 мыңнан асты. Елорданың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден артты (2023 жылдың қорытындысы бойынша 28,6%-ға өсім 777,6 млрд теңге). Бұл барлық негізгі санаттар бойынша салық түсімдерінің өсуіне байланысты болып отыр.
Бас қаладағы инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, 20,4%-ға ұлғайды. Бұл соманың 70%-дан астамы – жеке инвестициялар. Бұл ретте шаһар басшысы әр салада атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды.
Бүгінгі таңда қаланың сәулеттік келбеті көркейіп, өркендеп өсіп келеді. Елорданың құрылыс секторының қарқыны 870 млрд теңгеден асты. Он бір айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға көп.
Астанада тозығы жеткен және апатты деп танылған ескі үйлердің мәселесін шешу жалғасуда. Реновация бағдарламасы бойынша 2029 жылға дейін бас қалада 206 апатты үйдің тұрғындарын жаңа пәтерге қоныстандыру жоспарлануда. Бағдарламаның үшінші кезеңі басталғалы бері 37 апатты үйдің тұрғындары көшірілді.
– Үлестік құрылыс бойынша бүгінгі таңда 142 үйдің құрылысы аяқталып, шамамен 15,6 мың үлескер-отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Кеше ғана «Комфорт аймағы-1» және «Жағалау-4» тұрғын үй кешендерінің салымшылары өз пәтерлерінің кілттерін алды. Қалған үлескерлер бойынша мәселелер аяқталу сатысында тұр, – деді елорда әкімі.
Инженерлік инфрақұрылым дамып келеді
Қалада ТЭЦ-3-тің бірінші кезегі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларын іске қосу арқылы жылу қуаты 30%-ға артты. Бұл қаланың қазіргі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта сыртқы ауа температурасы орташа есеппен алғанда минус 10-15°C болғанда, жылу генерациясының профициті сағатына 1200 гигакалорийді құрайды.
Қала басшысының айтуынша, биыл «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасуда, ал келесі жылы «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының құрылысы басталады. Бұл 2035 жылға дейін қаланы жеткілікті жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су тапшылығы болмайды
Шаһар басшысы бұдан әрі ауызсуды шешу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– Үшінші сорғы-сүзгі станциясынның іске қосылуы және Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісінің құрылысы аяқталуының арқасында тәуліктік қуат қоры тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрайды. Келесі жылы Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысын және «Тельман» сорғы станциясын кеңейтуді бастаймыз. Ұзақ мерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы каналдан жаңа су құбыры жобалануда. Осы жобаларды іске асыру қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, –деді Жеңіс Қасымбек.
Кәріз мәселесі – назарда
188 мың текше метр қуаттылығы бар екінші кәріз-тазарту құрылғыларының құрылысы басталады. Сонымен қатар, сенімді су бұруды қамтамасыз ету мақсатында қаланың ескі бөлігіндегі «Көктал», «Өндіріс» тұрғын аудандарында және Индустриялық парк аудандарда қосымша жалпы қуаттылығы шамамен тәулігіне 85 мың текше метр болатын үш жергілікті тазарту құрылғыларының жобалары әзірленуде. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
– Нөсерлі кәріз мәселелеріне келсек, 2019 жылы қалада 245 проблемалы су басу учаскелері болды. Нөсерлі кәріз жүйелерін салу және қолданыстағы тазарту құрылғылары мен коллекторларды тазартып, қайта жаңғырту арқылы қазіргі таңда тек Рысқұлов көшесі, Тұран даңғылы, Триумф аркасы, Қорғалжын тас жолындағы 4 учаскенің мәселесі шешілуде. Өткен маусымдағы ең проблемалы учаскелер Тұран даңғылы мен Триумф аркасының ауданы болды. Мұнда біз қысымды және ағынды коллекторларды кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көктемде үлкен су басулар болмауы үшін алдағы жылы жаңа тазарту құрылғыларының құрылысы басталады, – деді қала басшысы.
Газдандыру мәселесі маңызды
Қазіргі таңда елордадағы жекеменшік үйлердің 50%-ы газбен жылытылады. Газдандыру мәселесі белсенді жалғасуда.
Астана әкімінің айтуынша, биыл 1500-ден астам үй, оның ішінде Үркер тұрғын алабы бар +«Family Village»-дегі 468 үй газдандырылды. Келесі жылы «Өндіріс», «Garden Village» және «Шұбар» тұрғын алаптарын газдандыру жобаларын іске асыру басталады.
Қаладағы ЖЭО-ды газға көшіру шығарындыларды 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Ал жалпы газдандырудың арқасында үш жыл ішінде атмосфераны ластайтын зиянды заттардың жалпы көлемі 34%-ға төмендеді.
Қауіпсіздік шаралары
Қаланы тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз ету мақсатында зияткерлік бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтуға бағытталған «Smart City» жобасы іске асырылуда.
– Бұл жоба аясында жол қозғалыс ережелер бұзушылықтарын талдау және ситуациялық талдау үшін жасанды интеллектті пайдалана отырып, қалалық инфрақұрылымды кешенді басқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 22 мың камера мен 1200 жылдамдық өлшегішті орнату көзделіп отыр. Келесі жылдың басында жобаны іске асыруды бастаймыз, – деді шаһар басшысы.
Көлік жүйесінің көкжиегі кеңейді
Президенттің тапсырмасы бойынша кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленіп, бекітілді. Бас қала әкімінің мәлімдеуінше, бағдарлама міндеттерінің бірі – қоғамдық көлікті пайдаланудың үлесін 71%-ға дейін арттыру. Бұл қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын ұлғайту, жайлылықты арттыру және қолжетімділікті жақсарту арқылы жүзеге асырылады.
– Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымнан тұратын 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл Мәңгілік ел даңғылындағы жүктемені азайтып, азаматтардың оң және сол жағалау арасындағы қозғалысын жеңілдетті, – деді Жеңіс Қасымбек.
Бүгінгі таңда ЛРТ құрылысы бойынша жұмыстар айтарлықтай жеделдетілді. Эстакада бөлігінің құрылысы аяқталып, станцияларда темірбетон жұмыстары орындалды, сондай-ақ Есіл өзені арқылы көпір салынды.
Қазіргі уақытта 18 станцияның құрылысы жүргізілуде. 2026 жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланған, оның ішінде Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің бойындағы LRT эстакадасы астындағы аумақты абаттандыру қарастырылған.
Қоғамдық көлік бойынша айта келе, шаһар басшысы соңғы екі жылда автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықтырылғанын, осылайша, қаладағы автопарктердің 45%-ға жаңартылғанын жеткізді.
– 2025 жылы қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. 170 қоғамдық және аула кеңістіктерін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ұлытау аллеясы, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, Қазақ елі алаңы, Мыңжылдық аллеясының бір бөлігі, Жүргенов аллеясындағы сквер, ескі вокзал аумағы мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелері, Жастар саябағы, сондай-ақ «Керуен» және «Хан Шатыр» сауда орталықтарының жанындағы скверлер абаттандырылып, көгалдандырылды, – деді Астана әкімі.
Бүгінде Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және Бейбітшілік пен келісім саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақтар кластері абаттандырылуда. Сондай-ақ Жағалау шағын ауданындағы 18 гектар аумақ кешенді абаттандырылды.
1 миллион ағаш отырғызылды
Астананы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қаланың барлық аудандарында жүзеге асырылуда. Биыл қала мен «Жасыл белдеу» аумағында шамамен 1 миллион жасыл желек отырғызылды. Елорда басшысының айтуынша, олардың ішінде біздің климатқа бейімделген еуропалық ағаш түрлері де бар.
Биыл қаланы көгалдандыру Жарғысы қабылданды. Енді бірде-бір құрылыс салушы дендропланды іске асырмай және өз нысаны айналасындағы жасыл желектерді үш жыл бойы күтіп-баптау бойынша міндеттерді орындамай, нысанды толық тапсыра алмайды.
Астанада абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Мысалы, Тәуелсіздік сарайының алдындағы «Қазақ елі» алаңында жалпы ауданы 13 га аумақ кешенді абаттандырылды, Жүргенов көшесінде жасыл бульвар ашылды. Сондай-ақ Алматы ауданында Ақбұлақ өзенінің жағалауы ретке келтірілді. «Жастар» саябағы айтарлықтай өзгерді.
Қаланың вокзал маңы мен оған іргелес Біржан сал және Гете көшелері де абаттандырылды. Вокзал маңындағы көшелердің жалпы ұзындығы 1,5 км болса, елорданың тарихи көшелерін қайта жаңарту жобасы аясында жалпы абаттандыру алаңы 17 мың шаршы метрден асты.
Сонымен қатар, «Ұлытау» аллеясы, Мәңгілік ел даңғылы, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, «Мыңжылдық» аллеясының бөлігі, «Керуен» және «Хан Шатыр» СОО жанындағы гүлзарлар, Агроқалашық елді мекені, Жеңіс даңғылы, «Жағалау» шағын ауданы, Уәлиханов көшесі және т.б. абаттандырылып, көгалдандырылды.
Оқушылар сарайы салынады
Қала қарқынды дамып, өсіп келеді. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай ауыртпалық түсіреді. Жыл сайын қалада мектеп жасындағы балалардың саны орта есеппен 20 мыңға өсіп келеді.
– Елорда мектептеріндегі оқушы орындарының жетіспеушілігін жою мақсатында жыл басынан бері 18 мектеп (3 – БИП, 11 – жайлы мектеп, 4 – жекеменшік мектеп), оның ішінде 11 «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудың арқасында екі ауысымда 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Келесі жылы қалада тағы 20-ға жуық мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Бірінші кезең аясында 3000 орындық 10 балабақшаның құрылысы басталды. Сонымен қатар, 17 жеке балабақша салынуда, – деді Жеңіс Қасымбек.
Мемлекет басшысы бас шаһарда мектеп жасындағы балалардың өнерге, ғылымға, технологияға және спортқа қызығушылығын арттыратын Оқушылар сарайын көптеп ашуды тапсырған болатын. Бұл ретте 2029 жылға дейін Астанада 15 заманауи Оқушылар сарайын салу міндеті тұр. Олардың екеуі қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Үш нысанның құрылысы жүріп жатыр, қалғандары жобалау сатысында.
Астана әкімінің мәлімдеуінше, елорданың кітапханалары бүгінде заманауи мәдени кеңістіктерге айналуда. Биыл 4 жаңа кітапхана ашылып, жыл сайын кітап қоры жаңартылып отырады. Келесі жылы тағы 7 кітапхананы жаңғырту және ашу жоспарланып отыр.
– Біз спорттық инфрақұрылымды дамытуды жалғастырамыз. 2026 жылы «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңартуға кірісеміз. Қазіргі таңда «ҚазҒЗИ энергетика және байланыс» ЖШС-мен бірлесіп жобалау-
іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионды қайта құру мен жаңғыртуға кірістік, ЖСҚ әзірленді, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Келесі жылдың соңына дейін стадионды қайта құру мен жаңғырту жұмыстарын аяқтау көзделуде, – деді елорда әкімі.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде таяудағы бес жылда 10 нысан, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана, бір балалар ауруханасы, екі мемлекеттік және төрт жекеменшік емхана салынады.
Жұмыспен қамту жақсарды
Елордада халықты жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп, тұрақты жұмыс орындарын құруда белсенді істер атқарылуда.
Бүгінгі таңда Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрайды, бұл орташа республикалық деңгейден төмен. Жұмыспен қамту шараларымен 23 мыңнан астам адам қамтылды, оның 13 мыңы – 35 жасқа дейінгі жастар. Қазір елордада 61 мың жұмыс орны құрылды.
Қала басшысының айтуынша, JOLTAP жобасы жүзеге асырылғалы бері бас қалада 25,5 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат жұмыспен қамтылды, 4,5 мың азамат жұмысқа орналастырылды және 7,5 мың адам сұранысқа ие 17 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқытуға жіберілді.
Еліміздің өзге өңірлері елордаға қарап бой түзейді. Сондықтан Астана қаласы әсем ғимараттарымен ғана емес, тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен де өзгелерге үлгі болуы тиіс. Жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, қала басшысы тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін атқарылатын игі істердің алдағы уақытта жалғаса беретінін жеткізді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ