Руханият

Өмір жарығы – өлең

Жыр қоржыны тоқ Бауыржан Жақып ағаның жыр кітабының атауы – «Білте шамның жарығы». Қазіргі жасанды интеллект құдіреті ғаламды торлап, түбінде неге апарып тірейтіні белгісіз болып жасанып тұрған жоғары технологиялар заманында ақын ескіліктің атрибуты білте шамды пір тұтқаны неліктен деп селт ете қаласыз. Жасанды интеллект Франкенштейн сияқты иесіне бағынбайтын дүлей құбылыс болып шыға ма, әлде адамзаттың даму бағытына оң әсер тигізе ме?! Мұның бәрі келешектің шаруасы.

Ал кешегі кең далада көк аспан мен қара жердің асқан үйлесімін айқара ашылған түңдіктен көріп өскен қазақ баласы үшін білте шамның жарығы қазақы дархан дүниетанымның алтын шуағы болып құбылып шығады. Ақын ә дегеннен ұлттық кодтағы тылсым сөздердің қасиетін сүйіп суреттейді. Эпикалық санасы айқын ұлттың қазынасы – мифология, фольклор, эпостан тамырланып, нәрленетін әдебиет әлемі санаңда ертегідегі алтын құйрықты құлындай қымбат.

Жарық эзотерикалық дүниетанымда құдай мен рух, кие, ақыл-ес, сұлулық, даналық, ізгілік символикасы, адам рухының бейнесі. Шам жанса жарық тарайды, ол – көктегі күннің атрибуты, құдайлық құдірет күштің тұспалы. Бауыржан ағаның лирикалық кейіпкері «Мен – бір бақыт іздеген қаңғыбаспын» десе, Шәмси құдайын іздеген ұлық дәруіш еді. Абай пір тұтқан жеті жұлдыздың бірі Шәмси Мәулана Румидің есімі болатын, оның сопылық философиясы қараңғы түндегі шамдай жарық рухани ұстаздығының нышаны.

Ай туады, Күн қашады,

Алдымызда түн тосады.

Жанушы еді сонда біздің

Қараша үйдің білте шамы.

 

Жанымызға жарық беріп,

Парақтардан әріп теріп,

Сол жарықпен оқушы едік

Не бір кітап алып келіп.

 

«Мың бір түн» де қаласаң бар,

Жалп-жалп жанып дана шамдар,

Небір көне кітаптарды

Оқытатын қара шалдар.

Бұл өлең ақынның жан сарайында әріпті әріп қуар, тізілген әріптерден сиқырдай ғажап сөздер туар құдіретке қарашығы байланған балалық – бал дәуреннен үзілмеген әдебиет киесіне тағзым, ұлы сағыныш. Дербес ел болу үшін қилы-қилы заманда күреске өмірін арнаған Алаш арыстары білте шаммен өскен асыл ұрпақ екені жадқа орала кетеді. Ұлттық құнарды ұлтсызданудан, сұрқай біртектіліктен аман сақтайтын кісіліктің арқауы білте шамның жарығымен өскен ұрпақтан тарағанын Баукең бір ғана өлеңімен танытты.

Оның әр өлеңі қазақ халқының жыр пайғамбары атанған Абай өсіп-өнген киелі өлкенің географиясын сызып қойған карта тәрізді. Оның флорасы мен фаунасы да қамтылған. Шыңғыстаудың әр тасын қастерлей келе, баяғы өткен киелі аруақтарды кейінгі ұрпақтың ес-парасатына, жадына табыстайды. Өткенін білмеу алда кедергілерден сүріндірмек. Өзін-өзі сүйген, тектісін, қас жақсысын анықтап таныған халықтың болашағы ешқашан осал болмайды.

Шыңғыстаудағы көп шоқы.

Мәңгілік өшпес жақса оты.

Құнанбай қажы әулетін

Бауырына қысқан Ақшоқы.

 

Қосылмас олар өлдіге,

Қазағым үшін төр міне.

Ат басын бұрмай өтпеңіз.

Әуезов туған Бөрліге.

 

Көктемде күтіп жыл құсын,

Самғатқан көкке жыр құсын,

Рухымның алтын бесігі –

Тербей бер мені, Шыңғысым.

Бауыржан Жақып әсіре жершіл, әсіре рушыл ақын емес, санасы тар шеңберге сыймайды, ұланғайыр туған елін біртұтас көретін қазақтың адал сүт емген өз баласы. Бауырмал елдік қасиетке адалдық «Оралдың ақ түні», «Суықтөбе суреттері» атты топоним, жер атауларынан шабыт алған, ұлттық тұлғаларды қастерлеген циклдік өлеңдерінде көрініс табады. Орал өңірін өлеңмен өрнектеу үшін Қыз Жібек, Бөкей ордасы, Сырым Датұлы, Дина, Жұбан, Қайрат Жұмағали, Халел, Жанша Досмұхамедовтар, Қадыр, Тайыр, Қасым аруақтарына тағзым ете келе, соңғы түйінді әдемі бергені көкейге қонады:

Нобель сыйлығын алғанда

Шолоховтың құс атып жүрген күзі қалған Орал.

Ұлы Пушкиннің ізі қалған Орал.

Поэзия табиғатында шекара болмайды, ақындық азат жаралыс, оның қазақ әлемінен көрші орыс әлеміне самғап ұшқан лашын құстай құйыла кетуінде еш қапы жоқ. Жақсыны жатсынбау біздің халықтың болмысына тән ерен қасиет.

Сүйінбай мен Жамбылдың ізі қалған Суықтөбенің табиғатын жырлағанда Бауыржан Жақып қолтаңбасы Ілияс Жансүгіровтың ақындық қуатын еске салатын сияқтанады.

Екі таудың құз бөлген ортасынан,

Түсетіндей көк аспан ақтарылып.

Бауыржан айналасын көре білуінде, шабыт назарында көшпелі қазақтың зерделі көз айнасы бар, әйтпесе оның қалам ұшынан мұндай тамаша жолдар төгіле ме:

Ат тұяғы мөр басқан таңбалы сай.

«Білте шамның жарығы» – ел мен жердің жыр баяны, қазақ әлемінің тарихында із қалдырған біртуар тұлғаларды түстеп, бірлеп тану, биік тұғырын анықтап қадірлеумен қатар, өсер буынға аманат қылмақ ниеті және көрінбей қалмайды.

Әлемде сенен биік тау жоқ маған,

Абайдай Шыңды берген Шыңғыстауым.

«Байтақ елім» деп еміренген ақын туған өлкесі Семейге көп жыр арнағаны артық емес, бұл жинақтың тереңіне бойлаған сайын оның қанаты шығыс пен батысты тұтас орап кетер Самұрық құсша қиядан көргені көзге ұрады. Бұл қайдан келген тегеурін десек, Баукеңнің өз өлең жолымен айтса:

Елді сүю бәрінен қуаттырақ.

Бауыржан Жақыптың өлеңдерін ерекшелеп тұратын сарын – географиялық атаулардың астарын аша білу, атамекеннің әр өңірінде өмір сүрген игі жақсылардың, өмірден баяғыда озған аруақтардың есімдерін тегіс таңбалау тектік нышанды сақтау. Туған жер ұлттың өмір сүру кеңістігі ғана емес, толқын-толқын келетін ұрпағына ауысатын алтын ұясы екеніне мән беру болып шығады.  Ақын жүрегі баянсыз басқа дүниені ескере бермес.

Тірілткен ата-баба Аруағын

Жақыптың Бауыржаны жазған өлең.

Оның поэзиясында жыраулардың, олардан соңғы ірі ақындардың аруағы асқан.

Бабамнан қалған бақ өлең.

«Тектілік жеті атадан таза қонған» Өміржанның Бауыржаны қазақ десе тамырында қаны ойнап шығатындықтан болар.

«Парижде өлген белгісіз қазақ туралы реквием» атты өлеңде соғыс бағын отаған, сүйегі жат жерде жаназасыз қалған тұтас бір буынның қайғысы мен жазмышы бар.

Өртенемін, өксимін, жанамын мен,

Ұшып жетті сол бір хат қара күннен.

Қабіріне белгісіз сол Қазақтың,

Осы өлеңмен топырақ саламын мен.

Азаматтық және отаншылдық лирика бұл кітаптың өн бойын ошақта жанған оттай маздап тұрады.

Түркмен цикліндегі «Ашхабат әсерлері» атты өлеңі биыл туғанына 300 жыл толған түркменнің бас ақыны Мақтымқұлының өзінің өлең үлгісінен аумай жазылғаны да ұнамды.

Бауыржан Жақыптың ақындық табиғатында бір құдірет аян. Ақындықта ізбасар мирасқорлық болмаса іс өнбейді. Барша әлем әдебиетінде бұл құбылыс бар. Хафизше Тараз аруларына сүйсіну, Абайша аңшылық тақырыпты әсем жырмен өрнектеп беруі этнографияның қазынасына қарайлай білудің артықшылығы. Ақынның арнау өлеңдері портреттік галерея болып тегіс игі жақсыларға құрмет-қошемет. Қазақ елінің жер атаулары, қазақ қоғамының қайраткерлері, ел азаматтары, ақын-жазушылар, дәлірегі, оның сүйіп таңдаған өз әлемі.

Бауыржан Жақыптың басқа авторларға қарағанда керемет бір артықшылығы бар, шығармашылық үшін бұл баға жетпес басымдылық. Ақынның сөз қорында қара бояу жоқ, негатив ұғымдар ырымға жоқ. Бір ғана «Күнбағыстар елі» деп аталатын ертегісінде бекерден бекер жағымпаздық образына айналып кеткен күнбағыс суретін ол көктегі нұрын шашқан күнге айналдырып жібергені шынайы суреткерлік.

Ескі қазақ дүниесінде ағартушылық ақ жол білте шамнан таралатыны сияқты, бұл ақын жарыққа, күншуақ мейірімді сүйеді, сондықтан сәулелі лирика оқырманды субъективизммен әурелеп, жылауық түңіліспен жігерін құм қылмайды.

«Қоңыр әулие үңгірі» атты өлеңде қазақта аруақпен тең әрі айтылатын әулие ұғымы далалық дүниетаным қуатымен суреттелген:

Сарқыраған жер астының шуынан

Құлақ тұнар,

Көкіректе туып ән.

Ғасырлардың қойнауына сүңгисің,

Ішіп алып әулиенің суынан.

…Пәк қолыммен,

Бала кезде кекілді,

Сол суменен талай жудым бетімді.

Жырым­дағы мөлдір болса деп келем

Осы үңгірдің шипа суы секілді.

Бауыржан ақынның жыр қазынасын этнографиялық-эпикалық лирика десем қалай болар екен?! «Киіз үй», «Алаша», «Домбыра», «Үш тал үкі», «Әжемнің ұршығы», «Қолтаңба», «Әкемнің бөркі», «Қара тон» сынды циклдік жырлары қазақ менталитетімен қоса балалық балдәуренмен бірге артта қош деп қалған ауылға сағыныш тұнып тұрады.

Шаңырағыңа, о, ғажап

Сыйып кеткен ғаламшар.

Жіппен қоса ұршықпен уақыт иіріп отыратын асыл әже образы грек мифологиясындай аса көркем! Марқұм әжесін игі ұрпаққа лайық сүйіспеншілікпен жоқтауы философиялық таныммен табиғи шыққан. Бұл өлеңнің соңғы түйіні грек данышпандарынан алшақ түспейтіні тағы қисынды.

Өзімді сонда жұбатып,

Өмірге іштей күйінгем.

…Ұршық қой мына Уақыт

Жіп қылып бәрін иірген.

Бауыржан Жақыпта қызыл сөзге еліту, артық сөз теру, жалпақ әсірелеу тәсілдері, түсініксіз, абсурд ұғымдар ырымға жоқ. Ол дәстүрлі классикалық әдебиеттің өкілі болғандықтан қазіргі әдебиетті иектеп алған постмодерн, сюрреалистік бейсаналы жалған сарындар жат. Арқаның жусан иісі, дала, жылқы, қозы-лақ, ауыл, тау, су энергиясы бойына әбден сіңген жаратылыс иесі. Ақын өзі де мұны бес саусағындай білсе керек:

Жарықтық Абай салған жолға түстім.

«Білте шамның жарығы» – шұғыла жарыққа құштарлықтың бәрінен басым шығарын ақын айналып өтпейді.

Өлеңнің жарығына өртенсем де,

Айналдым соны жынды көбелектей.

…Өлеңмен жөргегімді жуғанмын мен,

Өлеңмен қиялымды қуғанмын мен.

Анамның құрсағынан бөлінгенде,

Іңгәлап, өлең болып туғанмын мен.

Сонан соң бесік жырын тыңдағанмын,

Тілімді құсқа айналып шыңдағанмын.

Дауысым шарлап кетіп шартарапты,

Мазасын алып келем бұл ғаламның.

Кеудеме қайдан қондың, өлең, өлең!

Байқасам тұрады екен сенен әлем.

Өлеңі өмірімен үндес ақын Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы» атты кітабы Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деп санаймын.

Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ,

ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button