Басты ақпаратРуханият

Өмірі – өнеге, ісі – үлгі

Бүгін 85 жасқа толып отырған Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің белді де беделді мүшесі – Еркін Дәуешұлы. Ол – бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, немере-шөбере сүйіп отырған абзал ата, бір әулеттің көшін өрге тартқан қажырлы жан. Сонымен, Еркін Дәуешұлы өмірде қандай жан? Бұл сауалға жауап алу үшін ең алдымен оның өзі жазған өмірдерек жазба беттеріне үңіліп көрелік.

«Соғыс аяқталды. Халық есеңгіреген қанды қырғыннан енді ғана есін жия бастады. Жерлестеріміздің біразы майдан даласынан оралмады, бірқатары жаралы, жарымжан күйінде елге оралды. Әулетімізден Бектемір ағамыз соғыста қаза тапса, Балташ ағамыз екінші топтағы мүгедек болып туған топырағына табан тигізді.

…1946 жылдың 1 қыркүйегі де таяп қалды. Біздің үйде мені мектепке дайындау қарбаласы басталды. Әкем костюм-шалбар сатып әперді, шешем өзі тоқыған алашаның қиындысынан қолдорбаға ұқсаған сөмке тігіп берді. Кітаптарды қайдан әкеп бергені есімде жоқ, көк сия дайындап, дәуітке құйып, сөмкеме салды, қаламұшты қаламыма кигізді. Былайша айтқанда, 1 қыркү­йекке бес қаруы сайланған сарбаздай болдым.

Сол жылдары ауыл мектебінің бөлмелері шағын пешпен жылитын. Электр жарығын көрген де, естіген де жоқпыз. Пілтелі майшаммен сабақ оқыдық. Оның өзі мұғалімнің алдындағы үстелде тұратындықтан, қара көлеңкелі бөлмеде көзіміз сығыра­йып, партаға жабыса тапсыр­маларды орындаймыз. Күзгі-қысқы қысқа күндерде таң ағараңдамай мектепке келіп, топты бала жалғыз пештің алдында топырлап үйден ала шыққан нанымызбен оразамызды ашатынбыз. Сабақтан соңғы тірлігіміз – түскі асты ішкеннен кейінгі малды жайлау, суатқа апару, қораны тазалау сияқты шаруаларға ұласып, ымырт үйіріле үй тапсыр­маларын орындаумен уақыт өткізіп, төсегімізге қисаятынбыз».

Тоқтаусыз жылжып жылдар өтті. Кеңес орта мектебінде оқып жүрген Еркін онжылдықты тәмамдайтын уақыт та келді. Есі кіріп, есейген Еркіннің алдында қандай мамандықты таңдасам деген мақсат тұрды. «Армансыз адам – қанатсыз құс» демей ме, Еркіннің көздеген мақсаты ауыл шаруашылығының маманы болу еді. Бірақ ондай институт тек Алматыда ғана болатын. Оған баруға балаң Еркіннің батылы жетпеді және өзінің туған жерінен тым алыс көрінді. Сондықтан алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайын деп құжатын Қарағанды пединститутының физмат факультетіне тапсырды. Ол кезде институттарға құжат тапсырған жастар тым көп болатын. Еркін тап­сырған факультетте бір орынға алты үміткерден келді. Соған қарамастан, Еркін үздік баға алып, студент атанды. Осылайша жастықтың жалынды шағына толы, ешқашан ұмытылмайтын студенттік кезең аяқталып, математика пәнінің маманы деген ұстаздық жолға аяқ басты. Ендігі мақсат – бар тапқан-таянғанын отбасының аузынан жыра отырып, институт тәмамдап, мамандық алып шығуына қолынан келгеннің бәрін жасаған әкесінің еңбегін еш етпей, сәулелі үмітін сөндірмей, алған біліміне сай қызметке орналасу жас маман Еркін үшін басты мәселеге айналды. Іздегенге сұраған дегендей, аудан басшылығы да жас маманның қарымын байқап, оны өзі оқыған Кеңес орта мектебіне физика-математика пәнінің мұғалімі етіп тағайындады.

Ұстаздық қызметке кірі­сімен Ерекең өзінің жастық жігерімен, жұмыс ұйымдастырудағы іскерлік қабілетімен, табанды мінезімен мектеп басшылығымен тіл табыса жүріп, күрделі де қиын жылдарда талай жұмыстың күрмеуін шеше білді. Жас маманның іскерлігін байқаған мектеп директоры Әзік Ермағамбетов жас ұстаз Еркінді өндірістік оқу жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылатты.

Бірде қысқы каникулда ­үйіне келген Еркінді әкесі шақырып алып:

– Ал, балам, оқыдың, тоқыдың, қызметің де бар. Оған ризамын. «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деп Жиренше атамыз бекер айтпаған. Өз үйіңе не жетсін?! Баспана тұрғызып алсақ, оған қалай қарайсың? – деп әкесі ұлына сұрана қарады.

Мұндай тосын сұрақты күтпеген Еркін: «әкей, бір ретін келтірермін» деп жалтара жауап берді. Алайда әкеге берген уәде есінен еш кетпеді. Жа­уапкершілікті ерекше сезінетін Еркін ақыры қиыннан қиыстырып, әкесін жаңадан салып берген үйге кіргізді. Бұл ұлының әке алдындағы парызын өтеудің басы болатын.

Бірде Кеңес мектебіне басқа жерден ауысып жас маман Хамила Құлбекқызы қыз­метке орналасты. Жас пен жас­тың тілеуі бір, жүзі жайнап, көзі мөлдіреп тұратын көрікті қызға деген Еркіннің мазасы кетті. Сол қызға деген ерекше бір іңкәрлік сезім пайда болды. Қазақта «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген қанатты сөз бар ғой. Оның ақыры екі жастың бас қосып, отау тігуіне ұласты. Осылайша екі жастың отбасы өмірі басталды. Сол жылдары жас жұбайлар баспананың тапшылығын көрудей-ақ көрді. Дайын тұрған үй болмағандықтан, жас жұбайлар бір үйден бір үйге көшумен болды. Бірақ сондай қиыншылыққа қарамай, Еркін мен Хамила бір-біріне деген сыйластық пен отбасы жағдайына ешбір салқынын тигізбеді. Қайта кездесе қалған күрмеуі қиын жағдайда бір-біріне сү­йеу бола білді. Осылайша екі жас алғашқы сәбиі – көз қуанышына айналған Гүлнәрді ­дүниеге әкелді.

Ұстаз жолы үнемі ізденісті қажет етеді, соның нәтижесін шәкірттер санасына сіңіре білу ұстаздың білімі мен білігіне байланысты. Өз пәні математика мен алгебраның ерекшелігін түрлі мысал келтіріп, оқушыларды қызықтыра білген Еркіннің сабақ беретін шәкірттерінің үлгерімі жоғары болды. Жас ұстаздың жаңа әдістемелерді қолданудағы тәжірибесі аудан мектептеріне тарады. Көп ұзамай аудандық оқу бөлімі Еркін Дәуешұлын Азат (ол кезде Ивановский) кеңшарындағы орта мектепке директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп ­жіберді.

Бұл жердің ерекшелігі – тұрғындардың бәрі дерлік тың игерушілердің ұрпағы болып шықты. Бірен-саран қазақ болғанмен, олардың бәрі орыстанып кеткен, өз тілінде жарытып сөйлей алмайтындар болып шықты. Шаруашылық басшыларының бәрі – кілең орыстар. Мектепте жалғыз қазақ бар екен, оның өзі ана тілінен шетқақпайлау қалғаны бірден көзге ұрып тұрды. Бір жағынан, ана тілді қолдану аясының тарлығы, екінші жағынан, өздерінен өзгелерді төмендетуге бейім кілең жат жұрттықтардың балалары да үйлерінде әке-шешесінен көргенін істеп, қазақтарға осқырына қарайтынына Еркін талай рет көз жеткізді. Сондай қиыншылыққа төзе білген Еркін Дәуешұлы бірте-бірте оспадар мінезін «жуасытып» кімнің ұстаз, кімнің шәкірт екенін, қай елде тұрып жатқанын санасына сіңіре білді. Осындай арпалыспен төрт жыл артта қалды. Дүниеге екінші ­сәбиі келді. Оның есімін атасы ­Дәуеш Динара деп қойды.

1970 жылы Еркін Дәуеш­ұлын Қарабұлақ орта мектебіне директор етіп тағайындады. Қабырғасы табиғи тастан қаланған, төбесінен тамшы су ағатын, әбден тозығы жеткен мектепті білім ошағы деп атауға келмейтініне Еркін бірден көз жеткізді. Оның үстіне ұстаздардың бәрі дерлік кеше ғана осы мектепті бітірген шәкірттер болып шықты. Олардың оқушыларға тиісті білім беретініне өздері де сеніңкіре алмайтын. Осындай сан салалы проблемаға көз жеткізген мектеп директоры Еркін Дәуешұлы істі неден бастап, кімдерге жолығу керегін бірден айқындады. Ең алдымен шаруашылық директоры В.Чекмактың соңынан қалмай жүріп жаңа мектеп ғимаратын, білімді ұстаздарды шақырып, оларды жайғас­тыратын үйлер салу мәселесін құлағына құюмен болды. Чекмактан соң бірінің орнын бірі басқан Лопатин, Исакс­тің құлақ етін жеумен болды. Шаруашылық басшыларымен тіл табысу да оңай болмады. Алған бағытынан қайтпайтын өр мінезді Еркін ақыры мақсатына жетті. 1975 жылы салынып біткен жаңа мектеп есігін оқушылар үшін айқара ашты. Онымен қоймай Еркін бір топ жоғары білімді, мол тәжірибе жинақтаған ұстаздарды қабылдап, оларды өзі салдыр­ған жаңа пәтерлерге жайғас­тырды. Бұл сол кездегі аудан көлемінде Еркін ­Дәуешұлы жүзеге асырған елеулі жаңалық еді.

Еркін Дәуешұлы басқарған мектеп Сілеті ауданына қарайтын болды. Білім беру сапасының деңгейі жағынан Еркін басқарған алғашқы мектеп бестіктің санатынан бағаланды. Соны бағалаған аудан басшылығы Еркін Дәуешұлына «Білім беру саласының үздігі» атағын ұсынып, соған қаулы шығарды. Бұл кезде Еркін мен Хамила шаңырағы тағы екі сәбимен толыққан еді. Дүниеге бірінен соң бірі Марат пен Әлия есімді балалар келді. Дәуешұлының отбасы көп­балалы отбасына айналды.

Ерекеңнің табысты қызметі аудандық партия комитетінің назарынан тыс қалмады. Ұстаздық қызметі өз алдына, Ерекең қоғамдық жұмыс ретінде насихатшылық және лекторлық жүктемелерді жа­уапкершілікпен атқарып жүрді. Осыншама жа­уапкершілігі мол шаруаларды табыспен атқарған Ерекеңе аудан басшылығы партия комитеті насихат бөлімінің меңгерушілігін ұсынды. Шынын айтқанда, Ерекең сол кезде жауапкершілігі мол мұндай қызметке дайын еді.

Партия жұмысы Еркін Дәуешұлы үшін тыңнан сүрең салғандай жауапкершілігі айрықша жоғары болды. Сөйтіп, Ерекең ауданның бүкіл идеология жұмысына жауапты тұлғаға айналды. Көпшіліктің ақыл-кеңесіне құлақ аса жүріп, бұл саланың да қыры мен сырын тереңірек меңгеруге тырысты. Осылайша ісі алға басты. Алайда отбасы жағдайына және жол қатынасының қиындығына байланысты басқа аймаққа ауыссам деген ой Ерекеңнің мазасын қашырды әрі аудандық партия комитетінің басшылығы білікті маман Ерекеңнен айырылғысы келмей, оның бұл тілегін ескерусіз қалдырды. Ақыры Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы Қасым Аппасұлы Тәукеновтің араласуымен Ерекең бұл қызметтен босап, Ақкөл ауданының білім саласын басқаруға жіберілді.

Туған ауданына келген ­Ерекеңді қат-қабат болған шаруа күтіп тұрды. Кеңшар қарамағындағы балабақшалар жабылып жатты. Ерекең жан ұшырып жүріп мектептердің қасынан шағын бүлдіршіндер жайын жасаттырды. Оқу-өндірістік комбинатты, спорт мектептерін сақтап қалды. Қазақ ауылдарындағы орыс тіліндегі мектептерді төл ұлтымыздың тіліне ауыстырды. Ақкөл қаласында қазақ сыныптары ашылды. Қазір ол жерлес жазушы, қаламгер Жайық Бектұров атындағы қазақ орта мектебіне айналды. Осылайша кәсіби біліктілікті сақтай отырып, 2002 жылдың қазан айында Еркін Дәуешұлы зейнетке шығып, Астана қаласына қоныс аударды.

Қарекетсіз отыруды мо­йындамайтын Ерекеңнің ерекше бір қасиеті – қаламгерлігі. Осыншама жастың жартысына жуық аралықта ақпарат құралдарына хат-хабар, маңызды материал, толымды ой-пікір жазудан қол үзбей келеді. Ерекеңнің жазған материалдарын «Арқа ажары», «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан», «Ақкөл өңірі» газеттерінен көруге болады.

Ұлағатты ұстаз, еңбегіне қарай «Құрмет» орденімен, «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, басқа да бірқатар сый-сияпатпен марапатталған ардагер аға – Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Құрметті Еркін аға! Бүгін келген 85 жасыңыз құтты болсын. Перзенттеріңіздің, немере-шөберелеріңіздің ортасында Хамила жеңгеймен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешіп, жасай беріңіздер!

 Мейрам БАЙҒАЗИН,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button