
2009 жылы Астана қаласында құрылған «Локомотив құрастыру зауыты» акционерлік қоғамы негізінен тапсырыс аясында жұмыс істейді. Өйткені шығарып отырған өнімі – көп тер төгуді қажет ететін дүние. Тәжірибесі мол мамандарды ғана топтастырып, сапа кепілдігіне бірінші мән берілуі тиіс. Иә, теміржол саласындағы ең керекті дүние – локомотив және жылжымалы құрамаларды, яғни тепловоз өндірісін жолға қойған компания өз өнімімен мемлекетіміздің бар сұранысын қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ сырт елдерге де экспортқа жібереді.
Астана қаласы маңындағы №1 индустриялық паркте орналасқан зауыт өз жұмысын бастағалы 650 тепловоз шығарыпты. Үш ауысыммен жұмыс істейтін алып өндіріс алаңында 700-ден аса жұмысшы-маман бар.
«Біздің компания – Орталық Азиядағы алдыңғы әрі өнімдері сұранысқа өндіріс орындарының бірі. Әрине, Қытай мен Ресейді қоспағанда солай. Ал алғашқы тепловоз 2010 жылы шығарылды. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеміз. Жылына үш түрлі үлгімен 120 тепловоз шығаратын күшіміз бар. Яғни ай сайын 10 тепловоздан келеді. Ішкі нарықты қамтудан бөлек, өзге мемлекеттер де біздің зауыт өнімін алады. Осы кезге дейін 40 тепловозды экспорттадық. Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Украина және Молдова мемлекеттерінде біздің тепловоздар жүр. Жалпы біздің локомотивтер Қазақстанда бұрынғы кеңес кезінен қалған ескі тепловоздардың орнын ауыстырғалы 10 жылдан асып кетті» дейді компанияның маркетинг және сату бөлімінің бастығы Рауан Дөңсебаев.
Рауанның айтуынша, зауытқа керек шикізаттың басым бөлігі өз елімізден екен. Мысалы, бір локомотив (тепловоз) салмағы 138 тонна деп алатын болсақ, соған кететін барлық құрастыру құрылғыларының 75 пайызы – қазақстандық өнім. Яғни осы зауытта дайындалады немесе кейбір керекті зат өзге өңірден келеді. Ал двигатель, генератор, компьютер аппараты сияқты негізгі бөлшектерді америкалық акционер компания жібереді.
«Бүгінге дейін «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ өзінің қол жеткізген жетістігімен қалып қоймай, оны әрі қарай дамытуда. Дұрысы, өндіріс пен өнім көлемін арттырып, Қазақстаннан шығатын локомотивтерді өзге де мемлекеттерге экспорттауды қарастырып жатырмыз. Екіншіден, заманауи үдеріске ілесіп, жұмысшылар кәсіби білігін арттыру, жаңа технология мен тепловоздардың басқа да үлгілерін дайындау мәселелері де күн тәртібінен түскен емес» дейді Р.Дөңсебаев.
Зауытта дәнекерлеушілер, инженерлер, станок операторлары сынды жұмысшы мамандық иелері көп. Сондай-ақ электриктер мен кран айдаушылар да жеткілікті. Ал олардың айлық жалақылары кейбір басшылық құрамдағылардан да жоғары көрінеді.
«Біздегі қызметкерлерге әлеуметтік қолдау жағынан барлық жағдай қарастырылған. Әсіресе, жас мамандарға көмек жиі көрсетіледі. Зауыт жұмысы алға басқалы біздегі көп жігіт компания тарапынан нөл пайызбен ипотека арқылы баспаналы болды. Одан бөлек, жұмысшыларға жатақхана салып, пайдалануға бердік. Тағы бір қолдау – сырттан келген мамандарға жалақысынан бөлек, пәтерақысын да төлеп береміз. Қаладан қатынайтындарға қоғамдық көлік, дәмді асхана, 13-айлық, балаларын Ақмола облысы Көкшетау өңіріндегі жаздық демалыс лагерлеріне жіберу, сонымен қатар, жұмысшыларға жыл бойы Сарыағаш, Манкенттегі шипажайларға жолдама беру тұрақты жүреді. Тоқсан сайын берілетін премиядан бөлек, Жаңа жыл, Наурыз мерекесінде мерекелік қаржылай сыйақы тағайындалады. Ең жақсысы – жыл соңында зауыт тапқан артық пайда немесе үнемделген қаржы зауыт жұмысшыларына теңдей бөлініп беріледі» дейді компанияның маркетинг және сату бөлімінің басшысы.
Компания өз қызметкерлеріне әр маусымға арнайы киім және ағзаға қажетті витаминді жеңіл тағамдар (сүт, айран) қарастырған. Сондай-ақ Рауан зауыттағы жас мамандарды арнайы курста оқыту ісі жолға қойылғанын айтып отыр. Әсіресе, ағылшын тілін меңгергендер АҚШ елінде болып, тәжірибеден өтіп келуде.
«Бірақ бір өкінішті нәрсе бар. Қазіргі жас буын бірден тез ақша тауып, бірден үйлі, көлікті болғысы кеп тұрады. Болмаса бірден басшылық қызметке үйір. Яғни жұмысшы ретінде сол сатыдан өтіп, қолына балға немесе басқа құрал ұстап, өндірістің нағыз иісін сезінуден қашады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені кез келген өндіріс алаңында жұмысын бастамаған адам ертең басшылық не ұйымдастырушылық лауазымға барғанда да саланы терең түсінбейтіні анық қой. Біздегі жас жұмысшы жігіттер өзін көрсетіп, еңбекке төселіп, болды-толды деген уақытта басшылық оларды жоғарылатып, түрлі қызметті сеніп тапсырып отыр. Ондай мысал жетерлік» дейді Рауан.
Отандық өнім шығарып қана қоймай, қазақстандық өнеркәсіптің жоғары әлеуетін көрсете білген «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ елдегі жетекші кәсіпорындардың бірі ғана болып қойған жоқ. Жоғарыда айтқандай, сыртқы нарықта да сұранысқа ие болған компаниямен мақтануға әбден болатындай. Өндірістің жоғары деңгейі мен өнім сапасын арттырып келген компания әлі де халықаралық аренада экспорттаушы ретінде өз абыройын арттыруды мақсат етіп келеді.
Айтпақшы, салада сіз бен біз білмейтін қызық көп. Айталық, қазіргі бір тепловозға 9 тоннаға дейін дизель отыны кетеді. Сондай-ақ бір тепловоздың салмақты не жүкті (вагон) тарту күші әртүрлі көрінеді. Мысалы, таулы өлке, ойлы-қырлы жерлерде 3,5 мың тоннаға дейінгі жүкті сүйрей алады. Ал жазық далада (Қызылорда немесе Батыс, Орталық Қазақстанның кей облыстарында) 8 мың тоннаға дейінгі жүк не жолаушы пойызын алып жүреді деген дерек бар. Ал біз әңгімелеген компания бүгінде үш түрлі үлгідегі – жолаушылар таситын, жүк тартатын және станция маңындағы вагондарды қозғаушы тепловоздарды нарыққа шығаратынын тағы да еске саламыз.
Ержан ҚОЖАС