Өнер киесі қонған

Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың,
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын.
Күніне мыңды алып, жүз берсем де,
Қалтамның түбі тесік байымаймын…
Сахна төрінен ақтарылған алапат үн Мәдениет үйін кернеп барады. «Апыр-ау, мынадай да құдіретті дауыс болады екен-ау» деп аң-таңмын. Бұл – менің арқалы әнші, марқұм Асылмұрат Ахановтың сахнада ән шырқаған сәтінде, алғашқы тіліме оралған сөз.
Дауысы алты қырдан асатын Асылмұраттың ән салған әрбір сәтінде, өзгені қайдам, өзімнің төбе құйқам шымыр ете қалатын. Әншейінде білінбейтін бұғағы ән салған сәтте көрік қаптай ісініп, зорайып кететін. Ондай зор дауысты, Шашекеңнің «Ақ қайың» әнін тап Асылмұраттай орындаған әншіні өз басым әлі күнге ұшыратқан емеспін. Әліне қарай шабатын алуан-алуан жүйрік бар. Әй, бірақ, Асылмұраттың құдіретті үнімен шендесетін дауыс жоқ шығар.
Сонау жетпісінші, сексенінші жылдары Жүрсін Ерман ағамыз қазақтың айтыс өнеріне өріс ашып, бекзат өнердің төңірегіне жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілердің басын қосып, телеарна арқылы көрермен қауымға жақсы бағдарлама ұсынған. Және ол бағдарлама телеарналар арқылы тұрақты көрсетіліп тұрды. Сол бағдарламаға Жезқазған облысының ақын-жыршы, әнші-термешілерімен бірге ақтоғайлық әнші Асылмұрат Аханов та қатысып жүрді. Ол тұста Асылмұратпен таныстығым жоқ. Және телеарнада ән шырқаған сәті де есімде қалмапты. Кейін ғой, Асылмұраттың дауысын тыңдап, таңырқап жүргенім. Асылмұратты алғаш танысып-білген кезден өзара тез түсінісіп, сыйласып жақсы араласып кеттік.
Ақтоғайға келіп, Асылмұраттың ауылында үш жылдай шопан болдым. Асылмұраттың ағасы марқұм Бегендік ферма меңгерушісі (менің шопан болуыма тікелей себепші осы Бекең). Ол кездері аудандық мәдениет үйінің әнші, күйші-бишілері қыстақ-қыстақты аралап шопандарға концерт қоятын. Әлбетте олардың арасында міндетті түрде арқырап Асылмұрат та жүретін. Бегендіктің де әнші екеніне көрші қыстақта тұратын Ерғазының (Байжұманов) үйіндегі шағын отырыс барысында кездейсоқ естіп, аузым аңқайып қалғаны бар. Бекеңнің биік, ашық тенор дауысы бар екен.
Асылмұратпен біз аудан орталығына көшіп келген кезден етене араластық. Ол сол кезде аудандық газетте жауапты хатшы болып қызмет атқаратын, менің шығармашылықтағы ұстазым, Үмітай (Мүбарак) Жармағанбетовпен жақсы достық қарым-қатынаста екен. Асылмұрат бойына желік бітіп, желпінген сәттері, редакцияны бетке алып, Үмкеңе жиі-жиі соғып тұратын. Ондай сәттерде Әужекең (газет тілшісі Амангелді Советұлы) екеуміз шауып кел, барып кел, алып келде жүреміз. Жұмыс барысында Мәдениет үйіне біз де жиі-жиі бас сұғып тұрамыз. Арамызда дәнекер болып жеңіл әзіл, қағытпа қалжың жүреді. Ол дарабоз Дәртай Сәдуақасов жетекшілік ететін «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің атақ-даңқы алыс, жақын шет жұртқа тарап, Ақтоғай өнерінің шарықтап, шырқау шегіне жеткен кезеңі болатын. Ансамбль құрамында Қуат Қожамбаев, Бегендік Аханов, Асылмұрат Аханов, Нұрлан Күлшікенов, Мұрат Тәжібаев, Дариға Ақатаева, Шәмшия Төлеубаева, Қадыр Баймурзин сынды Ақтоғай өнерінің «самородок» сары алтын саңлақтары болды. Солардың арасында әлбетте Асылмұратың шоқтығы айрықша тұлғаланып, менмұндалайтын.
Жоғарыда айтқанымдай, Асылмұраттың не кереметі барын білмеймін, әрбір ән салған сәтінде менің төбе құйқам шымыр ете қалатын. Алапаты басым қуатты дауысы сахнаны күңірентіп жіберетін. Тегінде, өнер екінің бірінің басына жапалақтай жалп етіп, қона салмайды. «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен, туып-өскен құнарлы топырағымен келеді» деп жатады. Дәмі бар сөз. Талант та аспаннан топ етіп төбеңе түсе қалмайды.
Мен Асылмұраттың әкесі Рахмет ақсақалдың көзін көрдім. Көріп қана қойған жоқпын, әуелете шырқайтын әнін де тыңдадым. Өнерді қумады демесең, Рахаңның әншілігі дау тудырмайтын. Аскеңнің ағасы Бегендік Аханов та біраз жыл «Тоқырауын толқыны» ансамблінің құрамында еліміз бен алыс-жақын шет елдерді аралап, өнер көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, Ахановтар әулеті – өнердің киесі қонған әулет. Айтыста «хитмен» атанған Махсат Аханов, консерваторияны Әлібек Дінішевтің сыныбында бітірген Талғат Аханов, Қарағанды облыстық филармониясының әншісі Дулат Аханов – өнердің киесі қонған Ахановтар әулетінің бүгінгі заңды жалғасы, заңды мұрагері.
Маған Асылмұрат кешегі сал-серілердің көшінен көз жазып, өз үйірінен адасып, басы бұғауға түскен қас жүйріктей көрінетін. Негізі, Асылмұраттың әншілік қыры енді ашылып, бабына енді келіп, республикалық түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген кезі болатын. Жалпы әнші болсын, күйші болсын, жастық арыны басылып, өнерге ойлы көзқараспен қараған шағында кемеліне келеді. Асылмұрат өмірден өтер алдында, әнші ретінде тынысы енді ашылып, орындаушылық шеберлігі шыңдалып, шегіне жеткен, нағыз бабында болды.
Бойына сыймай буырқанған әншілік өнер Асылмұратты Алматыға алып барған екен. Консерваторияға оқуға түсіп, атағы асқақтап тұрған Қайрат Байбосыновтың алдын көріп, шәкірті де атаныпты. Тек дулы, шулы, көк су ішкен қала тірлігіне бойы үйрене алмай, қолын бір-ақ сермеп, «ауыл қайдасың» деп елге бір-ақ тартқан көрінеді. Ауылда қара жұмыс істей жүріп, той-томалақта ән салып, есімі елдің аузына ілігіп, жұрттың көзіне шалынып, әншілік жолды таңдап, табанын туған жерден аудармай өмірден өтті.
Тегінде жарықтық өнер, көрінгеннің қолтығында кететін жеңілтек қыз емес. Шынайы өнер кірпияз келеді. Адалдық танытып, аялап ұстамасаң пыр етіп ұшып кететін бақ құсы іспетті. Асылмұрат өнерге, әнге мейлінше адал болды. Сол өнерге деген адалдығы арқылы өзін елге әнші ретінде мойындатып кетті. Өнерсүйер қауымның қошемет-құрметіне бөленді. Қызыл шырайлы жүзінен нұры тамып тұратын Асылмұрат, мінезге де өте бай болды. Ашуы жел желпіген ақша бұлттай тез тарқайтын. «Пейілі баладай, көңілі даладай» деген тіркес тура осы Асылмұратқа қарата айтылғандай.
Дүниеде армансыз адам жоқ. Асылмұраттың армандары болған шығар. Ол қандай арман? Өкінішке қарай, біз оны тап басып айтып бере алмаймыз. Білетініміз, Асылмұраттың артында, жоғарыда тілге тиек еткен, айтыс өнерінде топтан озып, олжа салып жүрген Мақсаты бар. Орнын оңалтып қара шаңырағына ие болып Саяқаты отыр. Соған тәуба, соған шүкір дейсің! Әйтсе де Ақтоғайдың аты мен атағын танытқан Асылмұраттың артында бір белгі қалуы керек. Ана бір жылы Ақтоғайда Асылмұрат Аханов атында дәстүрлі әндер байқауы өтті. Сол байқау дәстүрлі жалғасын тапса жөн еді…
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,
Қазақстанның құрметті журналисі