Өнер жәрмеңкелерін жаңғыртты

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Біздің жәрмеңке» атты ұлттық өнер мерекесін ұсынды.
«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы Қоянды, Көкжар, Қараөткел сынды тағылымы мол тарихи жәрмеңкелерді жаңғыртып, дәстүрлі өнердің барлық тұсын қамтыған жаңа форматтағы думанды кешті көрсетті. Қазақтың ұлттық өнері, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы дәріптеліп, насихатталды, бұрын-соңды орындалмаған 30-ға жуық халық әні мен халық композиторларының туындылары, жаңа хореографиялық нөмірлер көрсетілді, қазақтың дәстүрлі ән өнері мен заманауи элементтердің бірегей синтезі және этнографиялық-шоу концерт қамтылған. Өнер мерекесі екі күн бойы әртүрлі форматта ұйымдастырылып, жаңашыл этно-фьюжн бағыттағы шығармалар көрермендер назарына ұсынылды.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Құмарбек Қалқатай, Айгүл Елшібаева, Раушан Оразбай, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Медет Салық, Айзат Қарабекова, Елмұра Жаңаберген, Нұрболат Арзамасұлы, Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, мәдениет саласының үздігі Еділ Басығара, Перизат Тұрарова, Мақсат Медеубек, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Ардақ Елеусіз, Күнсұлу Түрікпен, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Дінисламбек Жайлаубай, Қайрат Айтбаев, Аяулым Қамажан, Венера Табыс, Тоғжан Үмбет, Айдос Саниязбекұлы, Ақерке Тәжібаева, Бауыржан Мұхаметбай, Жанту Дадабаев, Нұрбану Жүртекина, Дария Бекпенбетова өнер көрсетті.