Мәдениет

Өнерге жайбарақат қарамайық

Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуі ән өнеріне аса бейіппен қарайтын, өнердің қай түрінде де ұлттық нақышты жоғалтпауға тырысатын дәл осы талғампаз жанға айтылғандай. Бір басына мың сан өнерді тоғыстырған талантты тұлға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің солисі, бірқатар халықаралық байқаулардың лауреаты Әлібек Ізбасаров өзінің шығармашылығы туралы бірқатар сұрақтарға жауап берді.

– Сіздің творчестволық өрлеу жолыңыз бүгінгі Президент оркестріндегі қызметіңізбен байланысты. Бұл өнер ұжымына қалай келдіңіз?

– Жасымнан айрықша даусыммен ерекшеленіп, көпшіліктің «осы бала әнші болады-ау» дегені бар. Өзім де өнерге келуге кішкентайымнан қатты асықтым. Отбасым да өнерден қара жаяу емес. Қазақтың ең қанатты, ең шабытты өнері ән-күйді насихаттап, жүрген жерде ортаны думанға бөлеуге бейім тұрады. Бұл қасиетімді шыңдау мақсатында тоғыз-он жасымда ата-анамның ықпалымен Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылдандым. Шығармашылығымның бастау бұлағы саналатын оқу орнында әуелі фагот класында, мектеп-интернаттың үшінші жылынан кейін тромбон класында білім алып, үрмелі аспаптарда ойнауды жетік меңгеріп алдым. Ал бұл жолда қолдау білдірген Жәния Мусина, Юрий Лукичёв, Мұрат Бейсенғалиев сынды білікті ұстаздарымның орны айтарлықтай. Кейін қара шаңырақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оркестр факультетінде оқыдым. Киелі білім ордасында қазақтың бай музыкалық шежіресін аманат еткен бірқатар опера әншілері мен дирижерлердің, вокал мектебін негізін қалаушылардың шәкірті болғаныма қуанамын.

– Бірнеше музыкалық аспапты меңгерген маманды мультиинструменталист дейді. Екінің бірінің ғана қолынан келетін мұны жетік білетіндер тапшы. Бұл өнер жайында не айтасыз?

– Естіген, көрген кез келген дүниені қолыма ұстасам, барынша игеріп кетуге тырысамын. Қазақтың үрмелі аспаптары сыр­най, сазсырнай, шаңқобыз, одан бөлек домбыра, гитара, аккордеон, саксофон, тромбон және басқаларын бір кісідей меңгергенім бар. Өнерді шектеу тек адамдардың санасында қалыптасқан болар. Сондықтан шектелмеу керек, жан-жақты болған қашан да жақсы.

– Әскери бағыттағы шығармалар халықты рухтандыруға, отансүйгіштік қасиетті арттыруға бағытталады. Сахнада бұл жауапкершіліктің жүгі қандай?

– Сахнаға шығудың өзі – үлкен жауапкершілік. Өнерге жайбарақат қарамау керек. Сахнаның киесі бар. Жүректен шыққан туынды тыңдарманның жүрегіне жетпей қоймайды. Көпке топырақ шашқым келмейді, дегенмен кейінгі кездері өнерде жүргендер майдаланып бара жатыр. Әннің сөзінен мән кетсе, оны тіпті тыңдаудан қынжыласың. Заманға қарай қоғамның да ұстанымы сондай болар, бәлкім. Дей тұра, адам шыққан жерін, негізін естен шығармау керек. Ұлттық мүддеден әрі асып кетуге болмайды. Әсіресе жас буынға мұны жете түсінудің маңызы артып отыр. Бүгіндері қолы қалт еткенде, «ән» жазып, өзін әншімін дейтіндердің қатары көбейді. Не десек те, бір ғана айырмашылық бар. Ұлттық нақышы бар дүниелер ғұмырлы болып қалады, ешқашан өлмейді, тарихта із қалдырады. Ал жалт еткен туындылар бүгін бар, ертең жоқ.

– Жақында бауырлас Түркі еліне іссапармен барған екенсіз. Осы турасында айтсаңыз, не мақсаттағы сапар болды?

– Әскери қызметкерлердің арасында халықаралық деңгейдегі әскери бағыттағы музыкалық фестивальдер жыл сайын өткізіледі. Мысалы, осының алдын Президенттік оркестр ұжымымен бірге Мәскеудің Қызыл алаңында өткен «Спасск мұнарасы» халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне қатыстым. Ал соңғы  Түркияда болған фестивальде түркі халықтарына ортақ туындылар шырқалды. Халықаралық маңызы бар осындай мәдени шаралардың берері көп. Шығармашыл ортасын кеңейтпесе, адамда өсу болмайды. Ал өзге ұлт өкілдері мамандарымен тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған іс-шараның мәні осында.

– Жуырда Астанада «Өмір ғажап…» атты жеке шығармашылық кешіңіз жоспарланған екен. Өмірдің ғажабын сезінуге келген тыңдарман қауымға не ұсынасыз?

– Иә, 4-ақпанда шығармашылық кешім өтеді. Алғашқы жеке кешімде барлығы жиырма шақты туындыны шығарамын. Тыңдармандар еліміздің қалау­лы өнерпаздарының тартуын тамашалай алады.

– Өнердегі арманыңыз қандай?

– Жалпы өнерде де, өмірде де теңізге тамған тамшыдай елге тиер пайдам болса деп армандаймын… Бұл жолдағы басты ұстанымым – қарапайымдылығымнан айнымау. Мансап, бедел, дәрежеден бұрын адамның қарапайым болуы қашан да бірінші орында тұрады.

Сұхбаттасқан

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button