Елорда тынысы

Өнеркәсіп көрмесі өтіп жатыр

Кеше Астанада алғаш рет «Innoprom.Qazaqstan» өнеркәсіп көрмесі басталды. Мұнда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өндірістік жетістіктері ұсынылды.

Көрменің бірінші күні «Жаңа кезеңнің өнеркәсіптік стратегиялары» атты пленарлық сессиясы өтті. Оған Премьер-министр Әлихан Смайылов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ресей, Беларусь, Қырғызстан Үкіметтерінің басшылары қатысып, жиын барысында жаһандық нарықты дамытудың өзекті мәселелерін сөз етті.

Көрмеге қатысуға көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика, станок жасау, химия өнеркәсібі, металлургия, өнеркәсіптік IT және тағы басқа салалардан 18 елдің 300-ден астам компаниясы өтінім берді. Көрмеде Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және тағы басқа елдердің негізгі өнеркәсіптік компанияларының ұлттық экспозициялары орналастырылды.

Осылайша әлемнің түк­пір-түкпірінен келген бизнес өкілдері, өндірушілер мен кәсіпкерлер елордада бас қосты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы өткен жылы 29,4 млрд долларды құрап, 10,4 пайызға артқанын айтты.

«Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл 6 айдың ішінде еліміздің тауар айналымы 14 млрд долларға дейін жетті. Жалпы, соңғы 5 жылда республиканың өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 2,2 есеге – 2017 жылғы 9,4 трлн теңгеден 2022 жылы 20,7 трлн теңгеге дейін өсті» деді Ә.Смайылов.

Аталған іс-шараны алғаш рет өткізіп отырған Қазақстан 2019 жылдан бері «Иннопромның» тұрақты қатысушысы болып келеді, ал өткен жылы көрменің серіктес елі ретінде өз өнімдерін ұсынды. Көрменің негізгі мақсаты – өндірістік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту, сауда ынтымақтастығын кеңейту және өзара тәжірибе алмасу. Іс-шара барысында Үкімет басшылары «Railways Systems KZ» ЖШС, «TransTechMash» компаниялар тобы, «ТКШ ҚазОрталығы», «Қазақстан инжиниринг» компаниясының өнімдерімен танысты.

Көрменің орталығында орын тепкен Қазақстанның 8 павильонында отандық кәсіпорындардың жобалары көпшілікке ұсынылды.

Үш күнге ұйымдастырыл­ған халықаралық көрме 27 қыр­күйек­ке дейін жалғасады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button