Қоғам

Өнертапқыш өрен

Астана қаласы №49 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Сұлтан Ибраһим ерекше және инновациялық екі жоба ойлап тапты. Бірі ұялы ­телефонды күн сәулесімен қуаттайтын құрылғы болса, екіншісі қарды еріту арқылы суын жылыжайға пайдалануға бағытталды.

Қос жобасын қатар ұсынуға Сұлтанның техникаға деген қызығушылығы түрткі болды. Ғылыми ізденісінің нәтижесінде жасалған жобалар арқылы оқушы экология­ны сақтау және энергетикалық ресурстарды үнемдеуді көздеді. Ізденіс ізіне түскен оқушының бастамаларына жетекшісі, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қанат Айбеков ықпал еткен.

Зерделі оқушының ұялы телефонды күн сәулесімен қуаттайтын құрылғысы күн энергиясын электр энергиясына айналдырып, ұялы телефондарды қуаттауға мүмкіндік береді.
«Құрылғының жұмысы күн сәулесін сіңіріп, арнайы панель арқылы электр энергиясын түрлендіреді. Нәтижесінде бұл энергия ұялы телефонды зарядтауға жеткілікті болады. Қазіргі уақытта күн энергиясы – әлемдегі ең таза және жаңартылатын энергия көздерінің бірі.

Сондықтан да мұндай құрылғылар экологиялық мәселелерді шешуге және энергия тұтынудың тиімді әдістерін дамытуға ықпал етеді» деп өз ойымен бөлісті оқушы.

Сұлтанның екінші жобасы қар суын тиімді ерітіп, жылыжайдағы өсімдіктерді табиғи, минералдарға бай сумен қамтамасыз етуге арналған. Мақсат – табиғи ресурс­тарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық таза өнім алу.

«Көптеген ауыл шаруа­шылығы аймақтарында су тапшылығы өсімдіктердің өсуіне кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар таза су көздерін үнемді пайдалану маңызды мәселе болып отыр. Біз осы мәселені шешу үшін қар суын жылыжайға жеткізуге арналған арнайы құрылғы жасап көруді ойладық. Мектеп алдында қарды босқа шығарғанша, осындай құрылғымен жасыл мектеп жылыжайына пайдалансақ дедік» деді Сұлтан.

Жоба негізінде алдымен қар арнайы бөшкеге жиналады. Кейін бөшкенің жанында орнатылған ыстық ауа үрлейтін станок қарды тез ерітеді. Еріген су сүзгіден өтіп, арнайы су сорғыш арқылы жылыжайға жетеді.

Көркем еңбек пәнінің мұ­ғалімі Қанат Айбековтің айтуынша, бұл жоба қала тұрғындарына экологиялық таза әрі тиімді әдістерді қолдану қажет екенін түсіндіріп, күнделікті өмірде пайдалануға болатын оңтайлы шешімдерді ұсынады.

– Қазіргі таңда экология­лық жағ­дай мен климаттық өзгерістер әрбір адамды қоршаған ортаны қорғау шараларына көңіл бөлуге негіздеп отыр. Қарды еріту арқылы табиғи су ресурстарын пайдалану – экология­лық таза тәсіл, өйткені бұл әдіс су ресурстарын үнемдейді. Қардың көп мөлшері тек қоқыс болып кетеді, ал оны ерітіп, суаруға қолдану экология­лық тұрғыдан тиімді.

Осындай технологияларды кеңінен қолдану арқылы ауыл шаруа­шылығы саласында су ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық жағ­дайды жақсартуға болатынына сенімдіміз, – деді педагог.

Сұлтан Ибраһимнің бұл бас­тамасы – тек ғылыми жетістік қана емес, экологиялық таза технологияның дамуына бағытталған маңызды қадам. Ізденімпаз оқушының ендігі арманы жобаларын көпшілікке таныстырып, түрлі жарыс барысында өзгелерге көрсету. Қазірдің өзінде ол мектеп жанындағы жылыжайда өз жобасын жүзеге асырып, қатарластарына нәтижесімен бөлісіп келеді.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button