Басты ақпаратЕл тынысы

Өңірдегі іргелі істермен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды.

Нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі

Ең алдымен Президент азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып, офицерлермен және курсанттармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың амандығын және қауіп­сіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталды. «Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауап­кершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай ­қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды. Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді» деді Мемлекет басшысы.

Жақында Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Президенттің тапсырмасымен бауырлас елге құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. «Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құтқарушының жұмысы қиын әрі қатерлі екенін айтқан Мемлекет басшысы еңбектің бұл түрін нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі деп бағалады. «Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс» деді Президент.

Агроинновацияның келешегі зор

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Президентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру цехтарын аралап көргеннен кейін Мемлекет басшысына кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді.

Кәсіпорын басшылығының мәліметіне сәйкес өндіріс орнында қосымша қойма, әкімшілік-тұрмыс­тық ғимарат салынған. Екі жаңа өндіріс бөлімшесінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Еуропадан, Оңтүстік Кореядан роботтандырылған дәнекерлеу, фрезерлеу орталықтары және станоктар сатып алынған. Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Кейінгі үш жылда 121 миллиард теңгеге 6500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорация­да 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Қасым-­Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, жұмыс­тарына табыс тіледі.

Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі машина жасау саласының жай-күйі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,6 есе, машина жасау 3,2 есе, ауыл шаруа­шылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. 2022 жылы бұл салаға 3 миллиард теңге инвестиция құйылған. Президент машина жасау кәсіпорындарының басшыларымен де өндірісті өркендету жөнінде пікір алмасып, Үкімет тарапынан осы салаға қолдау көрсетіліп жатқанын, олардың еңбегі мен сапалы өнімдерінің маңызды екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы Көкшетау қаласында былтыр мамыр айында ашылған «Viamedis Kokshetau» клиникалық оңалту орталығына барды. Бұл – инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Оның жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 250 пациентке арналған емхана салынған. Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек орын қарастырылған. Емханада 20 мың адам тіркелген. Денсаулық сақтау мекемесінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді. Президентке емхана басшылығы орталықтың науқастарға сапалы, әрі жедел диагноз қоюға мүмкіндік беретін заманауи медициналық аппараттармен және құралдармен жабдықталғаны жөнінде мәлімет берді.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы туралы баяндалды. Өңірде 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 7800-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлердің тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Облыс 1,4 миллиард теңгеге 80-ге жуық медициналық техника сатып алды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс­тағы 38 елді мекенде амбулаторлық-емхана нысандарын салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысына Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдік инвестормен бірлесіп, Көкшетауда 630 орындық көпсалалы заманауи аурухана салу жобасын жүзеге асырып жатқаны туралы айтылды.   Президентке осы медициналық орталық орналасқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ау­данының құрылысы таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағын ауданның аумағы – 1120 гектар. Бұл жерде 56 көпқабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген. Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр.

Жылыжай технологиялары дамып келеді

Президент Степногорск қаласындағы «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-не барды. Мемлекет басшысына жылыжай өнімдері – қияр, қызанақ, бұрыш және басқа да көкөністер мен гүл өсірудің заманауи технологиялары таныстырылды. Жылыжай кешенінің жалпы ауданы – 5 гектар. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,8 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылы баклажан және құлпынай өсіру бөлімшелерін іске қосу жоспарланып отыр. Компанияның өнімдері толығымен Қазақстанның ішкі нарығында сатылады.

Өңір – ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшылардың бірі. Мұнда ел бойынша дәнді дақылдардың төрттен бірі өсіріледі және үлкен көлемде көкөністер мен құс еті өндіріледі. Президент өндірілетін өнімнің сапасын бағалап, оның сұранысқа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ компанияның экспорттық мүмкіндіктеріне назар аударды.

Мемлекет басшысы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен әңгімелесті. Кездесу барысында түйткілді мәселелер көтеріліп, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты конструктивті ұсыныстар айтылды. Президент жағдайды жіті қадағалайтынын, бизнес ахуалы туралы жедел ақпарат алатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратынын және ынтымақтастықтың жаңа формалары әзірленетінін мәлімдеді.

Қазандық жабдықтары 50 пайызға тозған

Президент Степногор қаласының жылу электр орталығына барды. «Степногорск жылу электр орталығы» ЖШС-нің техникалық жай-күйі және Ақмола облысындағы жылыту маусымының барысы жөнінде  мәлімет берілді.

Жылу энергетика нысанының бірінші кезеңі 1966 жылы пайдалануға берілген, ал жаңа өндірістік қуатын іске қосу 1989 жылға дейін жалғасқан. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өңір бойынша Степногорскіде бір ЖЭО бар және 663 қазандық жұмыс істейді. Қазандық жабдықтарының орташа тозу деңгейі 50 пайызға жеткен. 9 жылу көзінің пайдаланылып келе жатқанына 50 жылдан асқан, ал 637 қазандықтың  іске қосылғанына 25 жылға жуықтаған.  Степногорск қаласындағы жылу желілерінің 82 пайызы тозған. Ақмола облысында жылыту маусымы аяқталғаннан кейін барлық жылу желісіне және қазандық жабдықтарына техникалық тексеру жүргізіледі.

Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған Президент Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға әкімдікпен бірге Степногорск қаласын жылумен қамту мәселесін шешу жолдарын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.  «Роман Васильевич, Сіз әкімдікпен бірге отырып, осы мәселелерді шешу үшін іс-әрекеттер алгоритмін әзірлеуіңіз керек. Бұл жағдайда бәрінің де – иелерінің де, әкімдіктің те, оператордың  да тығырыққа тірелгені байқалады. Аталған мәселелерді дәл қазір асығыс шешпеуіміз керек. Сіз маған баяндадым деп есептеңіз. Енді осы мәселені шешумен айналысу керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысына қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берілді. Облыс әкімі Үкіметпен бірлесіп, жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. ЖЭО-ның қуаттылығын сағатына 520 Гкал жылу мен 240MBт электр энергиясын өндіретін деңгейге дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды.

«Астана-Нан Chemicals» зауытына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пестицидтер мен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты. Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті. Зауыт әлемдік стандарттарға сай және экологиялық, өндірістік, санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормасы мен талабын ескере отырып салынған. Былтыр кәсіпорын сомасы 41 миллиард теңге болатын 7 мың тонна өсімдіктерді қорғайтын химиялық зат шығарған.

Сонымен қатар Степногорск қаласындағы компанияның аккредитациядан өткен халықаралық өндірістік-ғылыми зертханасы бар. Кәсіпорынды аралап көру барысында Мемлекет басшысына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан инвес­тициялық жобалары жөнінде баяндады. Президентке химия және өңдеу өнеркәсібі саласының, металлургияның, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің  жай-күйі жөнінде мәлімет берілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт ­Тоқаев Ақмола облысында өндірілетін өнімдер көрмесін аралап көріп, ірі кәсіпорындардың басшыларымен өңір экономикасын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін және перспективаларын талқылады.

Спортшыларға алғыс айтты

Президент Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Степногорскідегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралап көрді. Онда бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, футбол, шаңғы жарысы және самбо секциялары бойынша 1140 бала спортпен шұғылданады. Сабақты 30 жаттықтырушы-оқытушы жүргізеді. Мемлекет басшысына балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі тәрбиеленушілерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін ауыр атлетика залы мен үлкен ойын залы таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушыларымен кездесті. Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға алғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды. Шара соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада чемпионы биатлонист  Бекентай Тұрлыбековке Алғыс хатын табыс етті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button