ӘлеуметБасты ақпарат

Өңірлер спорты қалай өркендейді?

Астана қаласында ауыл спорты нұсқаушыларының республикалық конференциясы өтті. Бұл басқосуда ел өңірлерінде ауыл спортының проблемасы мен өзекті мәселелері талқыланды.

Конференцияны ашқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ұлықтау салтанатында Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойғанын, осымен сабақтасқан ауыл спорт нұсқаушыларының республикалық бірінші конференциясының маңызына тоқталды.

– Даңқты спортшылар Әлжан Жармұхамедов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлықанов, Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Елдос Смет және т. б. кіндігі ауылда кесілді. Алдымызда елді мекендерден чемпион рухты спортшыларды шығару дәстүрін жалғастыру міндеті тұр.

Бүгінде ауылды жерлерде 4114 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл мамандардың қол астында 300 мыңнан астам адам жаттығады. Бұған 3065 спорт нұсқаушысын қосу керек. Бұлардың әрқайсысы орта есеппен 50 адамнан спортқа тартса, 150 мыңнан аса ауыл тұрғыны дене шынықтырумен шұғылданады деген сөз.

Өңірлердегі он үш спорт интернатына, спорт мектептеріне талапкерлер, негізінен, ауылдардан барады. Осылардың арасынан келешекте Олимпиада және әлем чемпионы шығатынына сенемін, – деді министр.

1991-2022 жылдар аралығында өткен Олимпиада ойыны мен әлем чемпионатында жүлде алғанның 52 пайызы – ауылда туғандар. Ал 28 пайызы қалалықтар болса, 9 пайызы – легионерлер

1991-2022 жылдар аралығында өткен Олимпиада ойыны мен әлем чемпионатында жүлде алғанның 52 пайызы – ауылда туғандар. Ал 28 пайызы қалалықтар болса, 9 пайызы – легионерлер.

Балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде 257 мыңнан аса бала спортпен шұғылданса, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру спорт клубында – 15322, жасөспірімдер клубында 40578 оқушы түрлі спорт түрі бойынша жаттығады.

Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбек саланың негізгі мәселелерін ортаға салды.

– Ел бойынша ауылды жерлерде 3065 спорт нұсқаушы жұмыс істесе, оның 1708-і ғана жоғары білімді. 728-інде ­дипломы жоқ. Егер ауыл спортын көтереміз десек, білікті, білімді мамандарды ауылды жерлерге тарту маңызды. Спорт нұсқаушыларының алатын жалақысы әр өңірде әркелкі. Бүгінгі нарық бағамымен тым төмен жалақы алатындары да бар. Осы мәселені шешу маңызды деп санаймыз, – деді орталық басшысы.

Алдағы уақытта орталық ауыл бапкері мен нұсқаушыларының кәсіби деңгейін сараптап, олардың біліктілігін арттыру жолында семинарлар ұйымдастырады. Кадрлардың біліктілігін арттыру – маңызды міндет. Бұл бағытта бірінші олардың жалақысын жүйелеу керек-ақ.

– Ақтөбе облысында нұс­қаушылардың жалақысы аудандық спорт бөлімі мен спорт мектептері арқылы беріледі. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, т. б. облыста спорт нұсқаушылары үшін спорттық-бұқаралық іс-шара орталығы жұмыс істейді. Бұл өңірлерде спорт мамандарының жалақысы бапкерлер мен әдіскерлер тәрізді тұрақты беріледі. Қызылорда облысында бұл жұмысты спорт бөлімі мемлекеттік тапсырыс негізінде шешеді. Жылда ақпан айында конкурс ұйымдастырылып, наурыздың соңына қарай жеңімпаз атанған қоғамдық бірлестік анықталады. Яғни спорт нұсқаушысы бірінші тоқсанда жалақы алмай жұмыс істейді. Қысқасы, нұсқау­шылардың жалақысын рес­публика бойынша бір жүйеге келтіру керек, – деп негізгі мәселенің бірін көтерді Қыдырбек Рысбек.

Конференция барысында ауыл спортын көтеруде бірқатар олқылық айтылды. Соның бірі – ауыл спортшыларының жарысқа баруына қаржы қаралмайды. Нұсқаушыларға тұрғындармен бірге жылына 10-20 іс-шара ұйымдастыру және қатысу жүктелсе, ең қиыны көп жерлерде ауыл спортшылары турнирге баратын қаражаты қаралмайды. Соның салдарынан нұсқаушылар өз жалақысының есебінен ауылдастарын жарысқа апарады. Бұл спорттың жаппай бұқаралық сипат алуына кедергі келтіреді. Өз кезегінде, жарыс көріп, өзінің бабын тексермеген спортшы өсе алмайтыны белгілі.

Сосын нұсқаушылар спорт мектебінің жаттықтырушылары тәрізді жеңімпаз шәкірт баптағаны үшін үстемеақы ала алмайды. Жоғары атқарушы орган бекіткен немесе конкурстағы қаражат көлеміне қарай бөлінген еңбекақыны қанағат тұтады. Ал олардың жалақысы аз болған сайын жұмыс сапасы да төмен болатыны ақиқат.

Міне, конференцияда осындай ауқымды мәселелер көтеріліп, олардың шешілу жолы талқыланды. Алдағы уақытта ауыл спортын көтеру бағытында қажеттіліктер өз шешімін табатынына сенеміз.

Алқалы басқосудың аяғы үздіктерді марапаттаумен жалғасып, Жаңақорған ауданы спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов пен Жетісу облысы Тұрпан ауылының кәсіпкері Жалғас Алтынбековке салалық министрліктің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі табысталды. Түркістан облысы Шардара ауданы қол күресі клубы директорының орынбасары Мағжан Шәмиев министрліктің «Құрмет грамотасымен», Ақтөбе облысы Байғанин ауданының жүзу бапкері Астам Бағандықов «Алғыс хатпен» марапатталды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button