Қала мен Сала

Өңірлер жәрмеңкесі өтті

Демалыс күндері елордадағы Тұран даңғылы, 48 мекенжайындағы «Астана Арена» стадионының жанында Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатысуымен өңірлік жәрмеңке өтті. Оған Аршалы, Астрахан, Ерейментау, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Қосшы, Степногорск және Көкшетау қалаларының кәсіпкерлері қатысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жолы жәрмеңкеге осы өңірдің 100-ге жуық тауар өндірушісі жалпы көлемі 300 тоннадан аса 50 түрлі өнім жеткізді. Олардың қатарында 100 тонна ет және шұжық өнімдері, 2 тонна жаңа ауланған балық, 400 мыңнан астам жұмыртқа, 20 тоннаға жуық сүт және сүт өнімдері, 25 тоннадан астам ұн, 50 тонна картоп, көкөніс және басқа да өнімдер мол болды.

– Ақмола облысы еліміздің басты қаласына тікелей жақын болғандықтан өңір тұрғындарын ғана емес, елордалықтарды да азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп, сол арқылы азық-түлік белдеуінің рөлін атқарып келеді. Біздің шаруалар Астана жұртшылығын тауарларымыздың жартысынан астамымен қамтамасыз етуде. Бұл бағытта біз еңбек өнімін арттырып, өнімді өзектендіруді, дайын өнімді даладан Астана сөрелеріне делдалсыз тікелей жеткізуді ұйымдастыру арқылы сапаны жақсартуға және бағаны төмендетуге басымдық беріп келеміз, – деді Марат Ахметжанов.

Бұл жәрмеңке облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік берді, нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы нарықтағы бағадан төмен болды. Мәселен, Көкшетау қаласынан «Гормолзавод», «Бижан», «Sinegor Grain» ЖШС-пен бірге «Қазделикатес», «Внуковский», «Смагулова Ш.М.», «Қожасбаев А.К.» және «Құрманғалиев А.Ж.» жеке кәсіпкерліктері қатысты. Олар ұсынған сүт және сүт өнімдері, ет өнімдері, балық, картоп, ұн және жарма, күнбағыс майы және басқа да азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 10-20 пайызға арзан болды.

– Астанада өңірлік жәрмеңкелер жыл сайын өткізіліп келеді. Оның қайтадан «Астана Арена» ста­дионы маңына көшірілуі бізді ерекше ­қуантты. Алысқа бармай-ақ, үйіміздің маңынан күнделікті тұрмысқа аса қажетті барлық азық-түлік өнімдерін осы жерден сатып алуға мүмкіндік алып отырмыз. Бастысы, бағасы дүкендегіден әлдеқайда арзан. Сол себепті осындай іс-шаралар Астанада жиірек ұйымдастырылып тұрса, қарапайым халыққа қолдау болар еді, – деді елорда тұрғыны Бәтима Тұрсынқызы.

Бұл жәрмеңкеге алғаш рет жастар қоғамдық ұйымдарының арасынан еріктілер қатысты. Қарт адамдарға көмек көрсету үшін өңірдің 40-қа жуық еріктілері жұмылдырылды. Жәрмеңкеге үлкен кісілердің көптеп келетіні белгілі. Жас жігіттер болса олардың ауыр сөмкелерін көлігіне дейін және аялдамаға жеткізуге көмектесіп, зыр жүгіріп жүрді. Елордалық Асқар Нұржанұлы еріктілерге ерекше ықыласын білдірді.

«Балаларымыз басқа қалаларда тұрады, кемпірім екеуміз жәрмеңкеге жиі келеміз. Еріктілерді бірінші рет көріп тұрмыз, біз секілді жалғыз­ілікті жандарға көмек қолын созып, қызмет етіп жүр. Аялдамаға дейін сөмкемізді жеткізіп берген жігіттерге дән ризамын. Іс-шараны ұйымдастырушыларға да алғысым шексіз» деді Асқар Нұржанұлы.

Биыл жәрмеңке 2 қыркүйекте басталды, оған 14 өңірден аграршылар қатысты. Осы күндері 10 мың тоннаға жуық өнім сатылды. Жалпы Астанада өтетін жәрмеңкеге жыл сайын әр облыстан 50-70 фермер келеді. Соңғы уақытта олардың саны артуда.

Алғашқы болып елордаға өз өнімдерін ала келген Түркістан облысының 70-ке жуық ауыл шаруашылығы өндірушілері 556 тонна өнім әкелсе, Атырау мен Жамбыл облыстарының аграршылары бұл жолы жәрмеңкеде 300 тоннаға жуық өнім ұсынды. Олардың арасында жылқы, сиыр, қой және тауық еттерімен бірге шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, балық, көкөністер мен жемістер мол болды. Одан соң Батыс Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының тауар өндірушілері елордалықтарға азық-түліктің кеңейтілген ассортиментін ала келді. Алматы облысының тауар өндірушілері Қонаев қаласы мен облыстың 9 ауданының атынан қатысып, жалпы сомасы 205,7 млн теңгеге 186,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімін, Жетісу облысының Талдықорған және Текелі қалаларынан, сондай-ақ 8 ауданнан келген шаруалар 500 млн теңгеге 214 тоннадан астам тауар ұсынды. Павлодар мен Абай облыстарының шаруалары жалпы көлемі 700 тоннаға жуық 40 түрлі өнім әкелген болатын.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, келесі демалыс, 4-5 қараша күндері Қарағанды және Ұлытау облыстары жәрмеңке маусымын аяқтайды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button