Елорда тынысы

Өңірлік кадрлар іріктеледі

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, 1 наурыз­дан өңірлерде кадрлық резервке іріктеу басталады. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың аймақтық пулдарын қалыптастыру және дарынды жастарды өңірлерді дамытуға тарту. Өңірлік резервке іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар азаматтар қатысуға жіберіледі. Құжаттар 31 наурызға дейін қабылданады.

«Өңірлік кадр резервіне алынған адамдар, сайланатын лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның аумақтық бөлімшесінің келісімі бойынша конкурс өткізбей, астананың жергілікті атқарушы органдарында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Сондай-ақ өңірлік резервке алынған адамның келісімімен оны басқа өңірлерге тағайындауға жол беріледі. Бүгінде елорда әкімдігінің алдында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту міндеттері тұр. Сондай-ақ үлкен қаланың дамуы халықпен өзара іс-қимыл процестерін цифрландыруды, ақпараттық-талдамалық жүйелерді дамытуды талап етеді. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де маңызды бөлігі болып саналады» деді Нұрлан Нұркенов.

Іріктеу әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, экология, цифрландыру салалық бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

«Қала өмірін жақсартуға белсенді қатысуға дайын жас әрі бастамашыл адамдарды іріктеуге қатысуға шақырамыз» деді спикер.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button