Өңірлік кеңеске дауыс беру басталды
Астана қаласы «Atameken» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелігінің үміткерлеріне дауыс беру басталды.
Сайлау науқаны өткен жылдың соңында үміткерлерді Өңірлік кеңеске тіркеу кезінен басталды. Бүгінгі таңда Өңірлік кеңес мүшелігіне 44 өтініш қабылданды, бұл кәсіпкерлердің шешім қабылдау процесіне және кәсіпкерлік ортаны дамытуға белсенді қатысып отырғанын көрсетеді. Қабылданған ережелерге сәйкес 20 қаңтардан басталған дауыс беру 22 қаңтарға дейін жалғасады. 44 кандидаттың арасынан Өңірлік кеңеске 30 кәсіпкер таңдалып, өңірдің бизнесі мен кәсіпкерлік ортасы үшін жұмыс істейтін болады.
Дауыс беру процесі Өңірлік сайлау комиссиясы тарапынан бақыланып, сайлаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді. Осылайша кәсіпкерлер мен қоғам арасында сенімділікті нығайтуға бағытталған қадам жасалмақ.
Өңірлік кеңес – Палата құрамында өңірлік деңгейде кәсіпкерлерді дамыту мен қолдаудағы маңызды орган. Кеңес консультациялық, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетіп, бизнесті жақсартуға бағытталған ұсыныстар мен бастамаларды әзірлейді. Салалық кеңестердің өкілдері – әр саланың білікті әрі тәжірибелі кәсіпкерлері. Жекелеген салалар бойынша тиімді шешімдер ұсыну арқылы әртүрлі кәсіпкерлік қауымдастықтарының проблемалары мен қажеттіліктерін жақсырақ түсінудің ықпалы артады. Әрі бұл қадам шешім қабылдаудың теңгерімді болуын қамтамасыз етеді. Мәселен, «Іскер әйелдер» кеңесі әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау бойынша белсенді жұмыс істейді. Кеңес бұл кәсіпкерлерге жаңа нарыққа шығуға, өз бизнесін дамытуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Өңірлік кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру – кәсіпкерлікті дамытудың бірден-бір тиімді жолы. Сайланған кеңес өкілдері бизнес жүргізу шарттарын жақсарту, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу және өңір экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын болады.
Индира БЕРЖАНОВА