Қала мен Сала

Өрт қауіпсіздігін сақтау – өзекті мәселе

Елордада өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаменті бірлесіп өткізген арнаулы тексеру жұмысына «Аманат» партиясының «Жастар рухы» қанатының еріктілері де қатысты. Олар 4 топқа бөлініп Алматы ауданындағы қонақ үйлердің, жатақханалардың өрт қауіпсіздігін, тосын жағдайларға төтеп беру дайындықтарын тексерді.

Тексеру барысында өрт қауіпсіздігіне немқұрайды қараған кәсіпкерлерге ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өрттен сақтану жайлы жадынамалар таратылды, тосын жағдайлардың алдын алу шаралары түсіндірілді.

Астанада өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Биыл тамыз айынан бері өрт қауіпсіздігін сақтау қызметкерлері 31 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, тілсіз жаудың алдын алуға қатысты сауаттық білімдерді түсіндірген. «Биыл жыл басынан бері Астанада 549 өрт кету уақиғасы тіркелді. Өткен жылдармен салыстырғанда өрт кету уақиғалары азайғаны байқалады. Дегенмен тұрғындар да, кәсіпкерлер де барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауы, адамдардың өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмеуі керек. Биыл бас қаламыздағы тұрғын үй аумақтарында болған 223 өрттен 12 адам қаза тауып, 27 адам жараланған, 38 адам ыс-түтектен зардап шеккен. Сондықтан жатақханалар, шағын қонақ үйлер болсын, ең алдымен, өрт қауіпсіздігін сақтау­ға ерекше көңіл бөлуі керек. Өрт бола қалған жағдайда белгі беретін дабыл жүйесінің болуы айырықша маңызды, – деді Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мадияр Айдосұлы Мырзакелдиев.

Рейд барысында Алматы ауданындағы 20 шағын қонақ үйге тексеру жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегі бойынша, бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша ресми түрде 229 қонақ үй мен 80 хостел жұмыс істейді. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаменті алдағы уақытта осы орындарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Аула аралау кезінде полиция өкілдері мен төтенше жағдай қызметінің мамандары жатақхана және басқа да коммерциялық қызмет үшін пайдаланылатын тұрғын үйлерге ерекше назар аударды.

Сонымен бірге, ТЖ мамандары 15 тамыздан бастап, әлеуметтік осал топтардың тұрғын үйлерін аралап, профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы басталудан бұрын пешті тексеріп, жөндеп, мұржа жолдарын тазарту қажет. Сондай-ақ олар жылыту кезеңін қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретін төмендегі ұсыныстарды көпшілік назарына ұсынып отыр.

– Мұржаларды және пештерді күйеден тазарту, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде оны кемінде үш айда бір рет тазалау қажет;

– электр сымдарына тексеру жүргізу, тозған және уақытша схема бойынша тартылған электр сымдарын ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау;

– электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз, жылыту үшін қолдан жасалған стандартты емес электр жылыту құралдарын пайдаланбаңыз;

– пештерді теспеңіз, жанғыш материалдарды, жуылған киім-
кешекті жанып жатқан пештің үстіне кептірмеңіз;

– пештегі от алдын 50х70 см көлеміндегі металл табақпен жабдықтау;

– пештің жанатын конструкциялардан өртке қарсы шегінісі кемінде 26 см болуы тиіс;

– түтін мұржасының ішкі қабырғасынан кемінде 50 см өртке қарсы қашықтық болуы керек;

– су қосылған пештерді қараусыз қалдырмаңыз;

– пеш жаққанда жанғыш және тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға болмайды.

Алайда тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталғанмен, оған тексерушілер айыппұл салып, қатаң шара қолдана алмайды. Өйткені 2020 жылғы  1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын деп анық белгіленген. Кейбір кәсіпкерлер осы мораторий кезеңінде әртүрлі қауіпсіздік қызметтеріне көңіл бөлу жағынан босаңси бастағаны байқалады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button