Басты ақпаратҚала мен Сала

Өрт сөндіру – өжеттер ісі

Өрт сөндіру қызметі туралы аз жазылмайды. Бұл мамандықтың ыждаһаттылық пен шеберлікті, ұқыптылық пен шапшаңдықты қажет ететіні де үнемі айтылып жатады. Тәуліктің кез келген уақытында «бес қаруы» әзір отыратын қызмет иелері басын үнемі қатерге тігіп жүретін ержүректілігін де ұмытуға болмайды. Ержүректілік дегенде ойыма ­өткен жылы елордада өртке оранған пәтерден бес адамды аман алып шығып, өзі мерт болған қаһарман өрт сөндіруші Асқар Забикулин оралды. Тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, бейкүнә адамдардың өмірін құтқарып қалу бейбіт күндегі нағыз ерлік емес пе?!

Бас қаланың Қабанбай батыр даңғылындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне келгенімізде, бізді бөлімше командирі Манас Арыстанбаев қарсы алды.

«Біздің жұмысымызға тілшілердің назар аударып, еңбегімізді ескергені қуанышты ғой. Күніміз жақсы жаңалықпен басталды. Енді күні бойы көңілді жүретін болармыз» деп әзілдеді.

Штатында 96 адам қызмет атқаратын аталған өрт сөндіру бөлімшесі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда 6 негізгі, 4 арнаулы, 2 қосымша өрт сөндіру машинасы мен мамандандырылған техника күні-түні түрлі жағдайға сақадай сай әзір тұрады.

Біз барғанда жұмыс күні жаңа қызып жатқан таңертеңгі мезгіл болатын. Ғимаратты аралап, өрт сөндіру техникаларын көріп, қызметкерлермен таныстық. Сол сәтте қарауыл бастығы Дархан Тайбасар мен бөлімше командирі Манас Арыстанбаев ауысым кезекшілігіндегі жүргізуші Нұрсұлтан Әлімжанов пен аға өрт сөндірушілер Арман Айтбаев, Әділ Бұсырманов, Данияр Кертаймен бірге бүгінгі жұмыстың жай-жапсарын талқылап жатты.

Бір кезде диспетчерлік орталықтан «Тыңдаңыздар, дабыл! Айнакөл көшесі, 149 мекенжайындағы техникалық қызмет көрсету стансасы мен жанындағы жекеменшік үйден өрт шықты» деген хабарлама келіп түсті.

Қарауыл бастығы Дархан Тайбасар әріптестеріне киініп, жолға шығуға бір минут қана уақыт беріп, өзі соны жіті бақылап тұрды.

Жігіттер өте шапшаң қимылдап, белгіленген уақытта оқиға орнына аттанып кетті.

«Біздің жұмысымызда өте тез қимыл керек. Өрттің ішінде адамдар қалып қоюы мүмкін, бірінші кезекте соларды құтқару міндеті тұрады» деді бізге бөлімше командирі.

Оқиға орнына екі «АЦ 5-40» өрт сөндіру машинасы бар-жоғы 7 минутта келіп жетті. Абырой болғанда, адамдар аман. Төніп тұрған қауіп жоқ. Өрт техникалық қызмет көрсету стансасының төбесінде тұтанып, жапсарлас тұрған тұрғын үйге жалғасқан екен. Жігіттер өрт орны мен таралу аумағын анықтап, бірден тілсіз жауды ауыздықтауға кірісіп кетті. Шлангілер су құбырына қосылып, әп-сәтте шарпыған жалынның бетін қайтаруға бағытталды. Сөйтіп, бас-аяғы 6-7 минуттың ішінде өрттің қаупі сейіліп, жарты сағатта ол тұтастай өшірілді.

– Мұндай аумағы 100-150 текше метр жалын ошағын бірнеше минутта сөндіруге болады. Бізге ең қиыны – көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатында тұтанған от. Оның үстіне қазір адамдар, қанша ескертсек те, алдын ала үгіт-насихат жұмысын жүргізсек те, нәтиже шығармай, үйдің жанына машиналарын қаз-қатар самсатып қаңтарып кетеді. Міне, осындай сәтте жанып жатқан жерге бірден жете алмай, уақыт өткізіп аламыз. Соның салдарынан кей кезде өрт сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай, өзгелерді құтқару барысында өрт сөндірушінің өз өміріне де қауіп төніп жатады. Мойындау керек, біздің жігіттердің да­йындығы мықты. Баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, түтіннен қорғану құралдарын қолдануды, жанып жатқан бөлмеге кірген кезде қалай іс-қимыл жасауды шебер меңгерген. Міне, біз таңдаған мамандық осындай қиыншылықпен күнделікті бетпе-бет келіп, оқыс оқиғалардың алдын алу мен болдырмауды мақсат етеді, – дейді Астана қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, подполковник Данияр Мағдеев.

Мұнда әскердегі сияқты тәртіп қатал. Командирдің әр сөзі – заң. Бұлжытпай орындалады. Төтенше оқиға болмаса да, өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жұмыс кестесі тығыз. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай сай болуы керек. Спортпен күнделікті айналысады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен қағидаларын қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады.

Өрт сөндірушілердің басты міндетінің  бірі – оқиға орнындағы  адамдарды қауіпсіз жерге көшіру. Барлау жасауға және адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-­түтіннен қорғау қызметі атта­­нады. Өрт сөндірушілер қою түтін оранған аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп кіреді. Ең алдында және соңында тәжірибелі адам­­дар жүреді. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына қарай бір­­неше минуттан бірнеше сағатқа дейін созылуы мүмкін.

Әрине, өрт сөндірушілердің жұмысы өртті сөндірумен ғана шектелмейді. Олар өртке қарсы мамандандырылған қызмет бөліміне оралғаннан кейін, жалынның қалай өршігені, кімнің қай жерде қателік жібергені, қабылдаған шешімдерінің қайсысы дұрыс болғаны жөнінде кеңінен кеңес өткізеді. Мұндағы мақсат – жіберген қателіктерден қорытынды шығарып, шеберлікті одан әрі шыңдай түсу.

Бөлімше қызметкерлері өрт сөндірушінің арнаулы киімімен толық жабдықталған. Яғни өрт сөндіру бекетінің құрамы да, техникасы да талапқа сай деген сөз. Олар тек өртті сөндіріп қана қоймайды, өздерінің жауапкершілік аймағында болып жатқан қыста адамдарды қар құрсауынан құтқару, көктемде су басу сияқты басқа да төтенше жағдайларды жоюға қатысады. Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеді, халыққа қол ұшын созады.

Сөйтіп, біз бір жұмыс күнінде қиын да жауапкершілігі орасан мамандық иелерінің жұмысымен танысып, олардың басын қатерге тіге жүріп атқаратын ержүрек еңбектерінің бір сәтін көзбен көрдік. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, ел үшін аянбай тер төгіп жүрген ұжым мүшелерінің іс-әрекеті қандай құрметке де лайық екенін түсіндік.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button