ӘлеуметБасты ақпарат

Өрт сөндірушінің өз жағдайы қалай?

Қаһарлы қыс басталып, жылыту маусымына жеткенде өрт қауіпсіздігі өзекті бола түседі. Қандай жағдай болмасын өрт тұтанған аумаққа алғаш болып жетіп, тілсіз жауды ауыздықтай отыра өмірін қауіп пен қатерге тігетін құтқарушылардың қызметіне баға жетпейді. Сондықтан олардың еңбек жағдайы толық жасалуы керек. Осы орайда елордалық мәслихат депутаттары төтенше жағдайлар қызметінің үш жылдық кешенді даму жоспарының жүзеге асырылу барысына тексеру жүргізді.

Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, атал­ған жоспар қала әкімдігі мен мәслихат депутаттарының келісімімен 2 жыл бұрын қабылданған. Бағдарламалық құжат өрт сөндіру деполары мен бөлімшелерін салу және жөндеуге, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және құтқарушыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Соның аясында 2025 жылы 1970-1980 жылдары салынған 6 өрт сөндіру бөлімшесін жаңғырту жоспарланып отыр.

– Осы жылы алғаш рет құтқарушылар мен өрт сөндірушілер заманауи жабдықтармен және еуропалық стандарттарға сай арнайы костюмдермен қамтамасыз етілді, бұл олардың еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттырады. Соңғы үш жылда 60-қа жуық жаңа арнайы техника мен қалтарысы көп қиын жерлерге кіре алатын 19 мобильді заманауи автокөліктер сатып алынды. Келесі жылы Үркер тұрғын алабында заманауи өрт сөндіру бөлімшесі ашылады және тағы жаңа 3 өрт сөндіру бөлімінің жобалық құрылысы басталады. Олардың көбі құрастырмалы модульдік ғимараттар ретінде тұрғызылатындықтан әрі кетсе 1 жылдан асырмай пайдалануға беру көзделуде. Сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметінің 2 мың қызметкері мен олардың отбасыларының әлеуметтік қорғалуына ерекше көңіл бөлінуде. Әлеуметтік қорғау шараларына балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балабақшамен, уақытылы медициналық қызметпен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жасау сияқты жұмыстар кіреді. Әсіресе, құтқарушыларды да арнайы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне қол жеткізу мәселесі қаралуда. Тексеру барысында департаменттің қосымша қажеттіліктерімен танысып, оларды елорда мәслихатының салалық комиссиясының алдағы отырысында қарастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Е.Каналимов.

Депутаттар алдымен қалада биыл жылдам құрастырылатын модульдік құрылыс материалдарымен қысқа мерзімде салынған №23 өрт сөндіру бөліміне келді. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марат Күлдіков делегацияны құтқару бөлімшелерінің қыз­метімен таныстырды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың техникалық жарақтары мен жабдықтары, оқу-жаттығу кешені, диспетчерлік қызметтердің жұмысы көрсетілді, депутаттар құтқару қызметінің қалай жасақталғанын көріп атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді, азаматтық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Жақында жаңа ғимаратқа көшірілген №23 өрт сөндіру бөлімінің іші де, ішіндегі көліктері мен өрт сөндіретін жабдықтары да су жаңа. 50 қызметкерден тұратын жеке құрамдағы құтқарушылар үшін модульдің ішінде барлық жағдай жасалған. 96 мыңнан астам тұрғыны бар Алматы ауданындағы өрт жағдайын бақылауда ұстап отырған өрт сөндіру депосының ғимаратында жұмыс, диспетчерлік, демалыс бөлмелері, оқу сыныбы және ас үй бар. Жабық тұраққа алты арнайы техника сыяды. Биыл осы депоға өзі арнайы келіп кеткен Мемлекет басшысы осындай заманауи модульді өрт сөндіру деполары еліміздің барлық өңіріне қажет екенін және аталған жобаның аясы кеңейтілетінін айтқан еді. Ол сонымен қатар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әлеуметтік мәселелерін шешу және баспанамен қамту жұмыстары жалғаса беретінін де жеткізген болатын.

Одан әрі депутаттар биыл күрделі жөндеу жүргізілген Асқар Забикулин атындағы №6 және №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің жұмысы және мамандарының еңбек жағдайымен танысты. Бұл ғимараттарда да жөндеу, жаңарту жұмыстары жақсы жүргізіліп, құтқарушылардың ішке келгенде дұрыс тамақтануы, демалуы, жуынып-шайынып алуына арнайы бөлмелер дайындалған. Жөндеу жұмыстары соңғы үлгіде жасалып, бөлмелер заманауи жиһаздармен толықтырылған. Тексеру кезінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қызметкерлер мәслихат төрағасының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

– Құтқарушы болу – ерекше ержүректіліктің белгісі. Бұл қызмет адамнан батылдықты, ең қиын жағдайда тез шешім қабылдауды және әрине, жоғары кәсібилікті талап етеді. Жұмыс үнемі тәуекел етумен, қауіп-қатермен және үлкен жауапкершілікпен байланыс­ты атқарылады. Мемлекет пен қоғам құтқарушылардың қажырлы еңбегін, өз парызына адалдығын және адамдарға көмектесуге дайын екендігін жоғары бағалайды, – деп атап өтті мәслихат төрағасы.

Сонымен қатар Е.Каналимов қалада жабық шлагбаумы бар тұрғын үйлердің көптегі өртті сөндіру кезінде арнайы техникалардың қозғалысына кедергі келтіретінін айтты. Жылдан жылға Астана қаласы халқының саны өсіп, бір жылда 90 мыңға адамға көбейіп отыр. Қарқынды дамып келе жатқан елорда үшін 30 өрт сөндіру бөлімі қажет. Келесі жылы 1970 жылдары салынған бірқатар ескі өрт сөндіру бөлімдері де бүгінгі ғимараттар сияқты жаңартылып, жөнделеді. Бірінші кезекте өрт сөндіру саласы арнайы техникамен жабдықталды, екінші құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің бас амандығы мен еңбек өнімділігі үшін олардың жұмыс киімін, өрт кезінде иіс тиюден сақтайтын тыныс алу аппараттарын, қатты жалыннан қорғайтын, бұрынғы түрлерінен анағұрлым қауіпсіз, мықтырақ, зияны аздау және отқа төзімді заманауи арнайы жұмыс костюмдерін алуға баса назар аударылады. Себебі ең алдымен, құтқарушы қызметіндегі мамандардың денсаулығы, тыныс алу жолдарының бүлінбеуі, өмірі өте маңызды.

Райхан Рахметова 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button