Айтпайын-ақ деп едім!

Өзбекстанға ем іздеп баратындар неге көп?

Соңғы жылдары қазақстандықтардың Өзбекстан астанасы Ташкентке барып емделуі жиіледі. Бұған өткен жылы 7 мыңнан астам қазақстандықтың көрші елге емделуге барғаны айғақ. Сапасы жоғары, бағасы арзан шипажайларға баратындар да аз емес.

Өзбекстан денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары қарқынды дамып, шетелдік емделушілерге қолайлы жағдай жасауда. Әсіресе, стоматология, кардиохирургия, офтальмология және пластикалық хирургия салаларында Өзбекстан дәрігерлерінің тәжірибесі мен қызмет көрсету деңгейіне сенім артатын қазақстандықтар көбеюде. Сондай-ақ медициналық туризмді дамыту мақсатында ала кепешті ағайындар емделушілерге шекаралық бақылау жүйесін оңтайландырып, қызмет көрсету сапасын арттырды. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғаса бермек. Себебі Ташкент медицинасы заманауи технологияларды енгізу және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Медицина саласына инвестицияны арттырып, жеке клиникаларына да озық технологияларды енгізуде.

Ал ішкі себепке келсек, кейбір қазақстандықтар отандық медициналық қызметке көңілі толмайды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі күту мерзімінің ұзақтығы, қағазбастылық пен анализ нәтижелерінің кешігіп шығуы, қызмет көрсету саласындағы олқылықтар, сондай-ақ бағаның қымбаттығы жаны қиналып, шұғыл ем іздеген жандардың өзге елдерге барып емделуіне себеп болып отыр. Кеңес заманынан қалған ескі емдеу жүйесінен айырыла алмай, хаттама деп қатып қалуы, аурухана мен емханалардың алдындағы ұзын-сонар кезек те көптің көңілін күпті етті.
Екі елді салыстырып айтсақ, біріншіден, Ташкенттегі медициналық қыз­мет бағасы жағынан Қазақстандағы жекеменшік клиникалармен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Қазақстанда мемлекеттік және жеке клиникалар заманауи жабдықтармен қамтылғанымен, мемлекеттік секторда кейде қызмет көрсету сапасы төмендеу. Оның үстіне күту уақыты ұзақ, ұзын-сонар кезек көп. Кейде жаны қиналып барған азаматтар анализ тапсырып, жолдама алып болғанша не жазылып кетеді, не ауруы асқынып, төсекке таңылады. Өйткені Қазақстанда шетелде 20 минутта шығарып беретін жалпы қан талдауының өзін бір күнде шығарып беретін емхана аз. Астананың өзінде кейбір анализдерді Алматыға жіберіп анықтататынына осыдан бірнеше жыл бұрын біз де куә болғанбыз. Ал Өзбекстан жекеменшік клиникалар арқылы жылдам қызмет көрсетуге көшкен.

Қысқасы, Қазақстанның денсау­лық сақтау жүйесі технологиялық жағынан Өзбекстаннан озық болғанымен, Өзбекстандағы медициналық көмек кейбір салаларда Қазақстаннан әлдеқайда қолжетімді әрі жылдам қыз­мет көрсетеді. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесіне жаңаша өзгерістер жасап, қызмет көрсету сапасын жақсартып, науқастардың кедергісіз әрі тез ем алуына жағдай жасамасақ, ем іздеген отандастарымыздың Қытай мен Өзбекстанға шұбауы ешқашан тоқтамайды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button