Өзекті мәселелер талқыланды
Астана қаласы мәслихатының салалық комиссиясы отырысында алдағы 4 жылға арналған елорданың экологиялық сапасының нысаналы көрсеткіштері талқыланды.
«Талқылау барысында 2020 жылдан бері мәслихат шешімімен бекітіліп, қолданыстағы тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) шығару тарифі мәселесі қозғалды. Биыл бір тұрғынға шаққандағы қалдықтардың түзілу және жиналу нормалары қайта есептелді, бұл көрсеткіш 12 жыл бойы қайта қаралмаған еді. Бұрын бұл норма 2,16 м³/жыл болса, қазір ол 3,13 м³/жылға дейін өсті.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына нақты негіздемелермен талдау дайындауды тапсырдым. Талдау материалдарында келесі аспектілер қамтылуы тиіс: көлік құралдарының жағдайы мен техникалық жарақтылығы; қоқыс полигонының жұмысы; мемлекеттік органдар, жеке компаниялар және азаматтар арасындағы міндеттердің функционалдық бөлінісі; қалдықтарды бөлек жинау бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру; қалдықтарды басқару саласын цифрландыру. Барлық ұсыныстардың экологиялық жағдайды жақсарту мақсаттарымен өзара байланысын нақты негіздеумен көрсету қажеттілігіне ерекше назар аудардым» деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Сондай-ақ салалық комиссия отырысында Сарыарқа ауданының абаттандыру және даму мәселелері бойынша негізгі сұрақтар талқыланды. Биыл 255 аула аумағында, сондай-ақ «Көктал» саябағында және оған іргелес орналасқан скверлерде жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Ауданның көше желісінің жалпы ұзындығы – 314 шақырым. Оның 268 көшесінде (284 км, 93%) асфальт жабыны бар, ал 47 көшесінде (18 км, 7%) асфальт төселмеген.
«Аудандағы жедел шешуді қажет ететін келесі мәселелерді атап өттім: су құбырлары желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы; кәріз жүйесінің тозуы; электр беру желілерінің ескіруі; кабельдік желілердің жұмысына қатысты ақаулар; қоқыс шығаруды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын шығару жүйесін оңтайландыру қажеттілігі; контейнерлік алаңдарды жаңғырту; ауданның сәндік жарықтандыруы үшін бірыңғай формат пен жарық түс гаммасын әзірлеу. Барлық аталған мәселелерді жан-жақты зерделеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына енгізу қажет» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Астана қаласы мәслихатының төрағасы.