Білім

Өзгерістерді өзіңнен баста

Қоғам заманына қарай үздіксіз дамып отырады. Сол қоғамды дамытып, өркендетуші, алға жетелеуші күш – білім мен ғылым. Білім дамымаған жерде қоғам заман талабынан шеткері қалып қояды. Мен бүгінгі заманның адамы ретінде қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен қараймын.

Біз – бүгінгі заманның болашаққа қарыштап қадам басқан, өзге елдегі замандастарымызбен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатындай біліммен қарулануға ұмтылған қоғамның мүшелеріміз. Жас жеткіншек ретінде айналадағы болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамай, өзіңді заманға сай дамыту – ол біздің парызымыз деп түсінемін. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп қазақ атамыз даналықпен айтқан екен. Заман бір орында тұрмайды, адам да сол заманауи өзгерістерден кеш қалмай, үнемі үздіксіз даму үстінде болуы керек деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда білім аламын, өзімді жетілдіремін деген мектеп қабырғасындағы шәкіртке барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ата-аналарымыздың айтуынша, олардың бала кезінде ғаламтор, көзді ашып-жұмғанша ақпарат алмасу, қосымша білімді жетілдіру, қашықтан білім алу деген мүлдем болмағанын білеміз. Ал бүгінгі таңда бізге осының бәрі қолжетімді. Сабаққа дайындалуда біліміңді жетілдіруге арналған ақпараттарды оңай тауып алуға мүмкіндіктер жетіп артылады. Барлық бала ата-ана тарапынан ғаламторға қосыла алатын ұялы телефонмен қамтамасыз етілген. Әрине, әр бала ата-анасының үмітін ақтап, ұялы телефонды, гаджет, ноутбуктарды тек пайдалы білімге ғана қолдануы тиіс. Өйткені зиянды сайттарға қолжетімділік қазіргі кезде бала өміріне қауіп төндірері анық. Ата-аналарымыздың бізді осы жағынан бақылап, тексеріп отыратынына өз басым еш қарсы емеспін. Өйткені ата-ана өз баласына тек қамқор болу мақсатында бақылау жүргізеді. Мектепке келуге уақыты болмаса да, біздің қай пәннен қандай баға алып отырғанымызды электронды журнал арқылы білсе, кешіккен-кешікпегенімізді, сабақтан соң қай жерде екенімізді қажетті қосымшалар арқылы қашықтан бақылай алады. Бұл да бүгінгі таңдағы қоғамдағы өзгерістердің бірі және ол адамдарға тиімді.

Ғылыми жұмыстар, ізденіс жұмыстарын жазуда үй жағдайында мүмкіндік болмаса, мектепте қалып, өзіңе қажетті презентация жасау, материалдарды өңдеу, басып шығару сияқты әрекеттер бізге қолжетімді. Біліміңді жетілдіру үшін арнайы білім платформалары да бар. «Дарын онлайн», «Онлайн мектеп» т.б. қосымша білім алу көздеріне де мүмкіндіктер баршылық. Демек, бүгінгі таңда даму үшін ізденемін деген жасөспірімге мүмкіндіктер көп. Мен осының барлығын мектеп қабырғасындағы оқушы үшін қоғамдағы оңды өзгерістер деп айтар едім. Тек әр бала осы жоғарыда мен атап көрсеткен нәрселерде қолында барды пайдалы білімге жұмсауға негізделсе, ол алдағы уақытта жоғары оқу орнына барғанда, еш қиналмайды. Өйткені қоғам бір орында тұрмайды, ол заман ағымына сай дами береді. Біз қазір өмір сүруіңе, білім алуыңа қолайлы мүмкіндіктерден қалыс қалуға болмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан заман көшінен қалыс қалмай, айналада болып жатқан өзгерістерге сай өзгеріп отырумыз қажет деп ойлаймын. Сабақ барысында да тапсырмаларды орындауда мұғалім тарапынан берілетін тиімді әдістер арқылы тапсырма орындау бізге жеңіл әрі қызықты.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» шығарар болсам, заман өзгереді, қоғам да заман ағымына сай бір орында тұрмайды. Сол заманауи көштің соңынан қалмай, өзгерістерге тола қоғамда барды бағалап, әр мүмкіндіктің қадірін біліп, үйренетінін үйреніп, жетіліп отыруға тиіспіз, себебі біз – болашақтың иесіміз, еліміздің ертеңіне жауапты тұлғалармыз. Сондықтан заман көшінен қалмайық!

Кәусар ӨТЕГЕНОВА,

Астана қаласының Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button