Денсаулық

Өзін-өзі емдеудің зияны көп

Әдетте, суық тиіп тер қысса, парацетамолмен-ақ жазылып кетеміз. Сол үшін емханаға барып, дәрігер іздемейтініміз анық. Өз ауруымызды интернет арқылы анықтап, әрі кетсе таныс-достардан сұрап ем іздейміз.

Солардың айтқанын жасап, емделетінімізге сенімдіміз. Ал созылмалы ауруы барлар үшін өзін-өзі емдеу таңсық емес, мысалы, қант диабеті бар нау­қастарды эндокринологтар арнайы үйретіп, дозаны қалай есептеп, өзіне-өзі қалай инсулин салуды көрсетеді. Біраз уақыттан соң өзі-ақ дәрігерге айналып, өзінің денсаулығын бақылап, тексеріп отырады. Дегенмен үйде жатқан дәріні ішіп-ақ емделіп кетемін деген ойдан аулақ болу керек.

Интернеттегі түрлі кеңес, мықты деген мамандардың сұхбаты қанша жерден тартымды болса да, күнделікті кісі емдеп жүрген медициналық білімі мен білігі бар дәрігерлерге жетпейді. Кейбір аурулардың белгісі көп кеселдерге ортақ келеді. Бір ғана бас аурудың өзі әртүрлі кеселдің көрінісінде пайда болады. Оны анықтайтын тек дәрігер ғана. Асқазанның жай қыжылы инфаркттың бас­тамасы болуы да ғажап емес.

Дәрілердің нұсқауларын мұқият оқып шықсаңыз да, маман болмаған соң препаратты және оның дозасын таңдауда қателесу оңай. Ондайда аз ішсеңіз әсері болмайды, ал көп қабылдасаңыз, зардабы болуы ықтимал. Сонымен қатар кейбір препараттар бір-бірімен және тамақпен өзара әрекеттесе алады. Бір дәрі емдеуі де мүмкін немесе басқа ауруды қоздырып жіберуі де мүмкін. Нұсқаулықта жазылған жанама әсерлерінің ұзақ тізімін көбіміз оқи бермейміз, түсінбейміз де. Тек жүрек айнып, бас айналумен шектелсе жақсы. Сол себепті дәрі-дәрмекті бей-берекет, дәрігер кеңесінсіз іше беруге болмайды.

Көптеген кеселмен күрес­те өткізіп алған уақыт адам жауына айналады. Адам өзін жайсыз сезінгеннен бастап өзінің білген ем-домын жасап, әне-міне жазыламын дегенше біраз уақыт өтеді. Дерт дендейді. Ауру өршіген сайын мүлдем жазылып кетудің мүмкіндігі азайып, қалыпты өмірге оралу ұзаққа созылып немесе айықпас дерттен көз жұмуы әбден мүмкін.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button