Басты ақпаратМәселе

Өзің шеккен шылымдай, өмірің де қысқарар

Шылым шегу – бүкіл әлемде миллиондаған адамның өмірін қысқартатын, денсаулыққа ең көп зиян келтіретін залалды әдеттің бірі. Темекі құрамында никотин, көміртек тотығы сияқты жүздеген зиянды химиялық заттар бар, олардың көпшілігі улы және канцерогенді. Темекі шегу – өкпе қатерлі ісігін тудыратын негізгі себептің бірі. Әлемдегі өкпе қатерлі ісігі жағдайларының 90 пайызы темекімен байланысты.

Мамандар темекі шегуді өкпе, жүрек ауруларының пайда болуын жеделдететін, сондай-ақ қатерлі ісікке шалдығу қаупін арттыратын, иммундық жүйені әлсірететін әдеттердің бірі ретінде қарас­тырады. Мәселен, темекі қан тамырларын тарылтып, жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін арттырады. Жүрек инфаркті мен инсульт шылым шегушілер арасында жиі кездеседі. Шылым шегу ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, бауыр, бүйрек және қуық ісіктерінің дамуына ықпал етеді. Шылым шегетіндер демікпе, пневмония және басқа да тыныс жолы ауруларына жиі шалдығады. Осылай тізіп жаза берсеңіз, темекімен қатысты талай ауруды атауға болады. Бірақ соған қарамастан шылым шегушілердің қатары азаяр емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде шамамен 1,3 миллиард адам шылым шегеді. Жыл сайын шамамен 8 миллион адам шылым шегудің салдарынан қайтыс болады.

«Егер қазіргі үрдіс сақталса, ХХІ ғасырда шылым шегудің салдарынан 1 миллиард адам қайтыс болуы мүмкін» дейді мамандар.

2023 жылдағы деректер бойынша Қазақстандағы ересек адамдардың шамамен 23 пайызы (шамамен 4 миллион адам) шылым шегеді. Мұның 10 пайызға жуығы – әйелдер. Темекі өнімдерін пайдалану мен сатуды реттеу үшін Қазақстанда бірнеше заң мен нормативтік акті қабылданды. Олардың мақсаты – халықтың денсаулығын қорғау, темекі шегушілердің санын азайту және шылым шегудің алдын алу.

Еліміздің бас қаласында шылым шегудің денсаулыққа зиянын ескере отырып, бұл зиянды әдетті азайту үшін бірқатар заң мен шектеу енгізіліп келеді. Мәселен, сауда орталықтары, қоғамдық көлік, саябақтар, мектептер, ауруханалар сияқты орындарда темекі шегуге толық тыйым салынған. Сондай-ақ арнайы белгіленген шылым шегу орындарында ғана темекі шегуге рұқсат етіледі. Белгіленбеген орындарда шылым шегушілерге әкімшілік айыппұл салынады. 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі өнімдерін сатуға; балабақшалар мен мектептердің 100 метр радиусында темекі өнімдерін сатуға тыйым салынады. Балалардың қатысуымен өтетін іс-шараларда темекі жарнамалауға шектеу қойыл­ған. Электронды темекі мен вейптерді шектеу шаралары да қарастырылған. Яғни бұл өнімдер дәстүрлі темекімен теңестірілген.

Астанада шылым шегуге қарсы күрес мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Қатаң шектеулер мен айыппұлдар шылым шегушілердің санын азайтуға бағытталған. Қоғамдық денсаулықты қорғау, экологияны жақсарту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау – Астананың денсаулық сақтауды қамтамасыз етудегі маңызды қадамы.

Шылым шегуді азайту тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсер етеді. Астана тұрғындарының арасында тыныс алу жолдары ауруларының өсуі байқалады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдары шылым шегудің зиянын түсіндіру үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, мектептер мен университеттерде темекіге қарсы үгіт-насихат жүргізеді.

Астанадағы бірқатар емханада темекі шегудің алдын алу, темекінің зиянын түсіндіру мақсатында «Денсаулық мектебі» жұмыс істейді. Темекіні қоя алмай жүргендердің осы орталықтан кеңес алуына мүмкіндік бар. Тәуелділердің көбеюі және олардың қатарының жасарып бара жатқаны қазір бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Астана осы бір залалды әдетпен күресті күшейту үшін өткен жылы қаладағы 3 емханадан «Темекіден бас тарту кабинетін» ашқан болатын. «Темекіден бас тарту кабинеті» – шылым шегушілерге зиянды әдеттен арылуға көмектесуге арналған арнайы медициналық және психологиялық орталық. Олар – халық денсаулығын қорғау мақсатында жұмыс істейді және темекіге тәуелділікті емдеудің тиімді жолдарының бірі. Сол кабинеттердің бірі Есіл ауданындағы №9 қалалық емханада ашылып, жұмыс істегеніне бір жылдан асты. Емханадағы аталған кабинеттің жұмысын жүргізетін салауатты өмір салты бөлімінің дәрігері Майра Рыспаеваның айтуынша, кабинет өткен жылдың маусым айынан бастап жұмыс істегелі мұнда 213 адам тіркеліп, ем мен кеңес алған.

– Олардың бәрі өз еркімен келді. Емханада терапевтке қаралуға немесе скринингтен өтуге келгенде сондағы дәрігерлер олардың темекі шегетінін және одан құтылғысы келетін ниетін білсе, бірден бізге жібереді. Бізге келетіндердің көбі – ұзақ жыл темекі шегіп, әлі қоя алмай жүрген, темекі шегуден 30, 40 жылдық тарихы бар азаматтар. Жастар көп келе бермейді, бірақ бұл жастардың арасында темекі шегетіндер аз деген сөз емес, керісінше, қазір жастар арасында темекі шегетіндердің саны артып барады. Бір байқағаным, темекі шегетін ата-анардың балалары темекіге үйір болады екен. Өйт­кені «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, бала ата-ананың әрбір әрекеті дұрыс деп ойлайды да, «мен де темекі шексем не бопты, әкем де шегіп жүр ғой» деген уәжбен темекі шегуді бастайды, – деді Майра Рысбаева.

«Темекіден бас тарту кабинеті» тек шылым шегушілерге ғана емес, темекі шегудің алдын алу бойынша да жұмыс істейді. Олар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін мектептер мен университеттерде кездесу, семинар, презентация өткізіп, оқушыларға темекінің зияны туралы түсіндіру жұмысын жүргізеді. Қаладағы саябақтар мен қоғамдық орындарда флешмобтар мен акциялар ұйымдастырылады. Темекі өнімдерінен бас тартуға шақыратын арнайы бейнероликтер мен жарнамалар көрсетіледі.

– Темекіге қарсы үгіт-насихат аясында оның зиянын түсіндірумен қатар, оның басқа да себептеріне үңілеміз, оқушылар арасында сауалнама да жүргіземіз. Вейпке тәуелділік мәселесін талқылаймыз. Себебі қазір вейп шегу жастар ғана емес, мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында да белең алып тұр. Темекіні көп шеккен адамдарда жөтел жиілейді, әсіресе ер адамдар барлық жағынан әлсірейді, өкпе, қолқа ауруларынан бөлек, кеудесі ауырады, терісі сарға­йып, өңі кетіп, бет-әлпеті қартаяды, қолы дірілдеуі мүмкін. Соны байқаған кезде өздері уайымдап, біздің көмегімізге жүгінеді. Менімен бірге бұл кабинетте терапевт, психолог, пульмонолог қызмет көрсетеді. Ұзақ жыл темекі шеккендер қоя алмай жатса, құмары ұстап, темекі шеккісі келген кезде оларға қажеттілігін басатын таблеткалар, сағыз, пластинка түріндегі заттар беріледі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, темекіден тыйылу – нәпсімен күресу. Рухы мықты адамдар оны да жеңеді, – дейді Майра Рысбаева.

Астанада насыбайға қарсы белсенді іс-шаралар да қабылдануда. Құқық қорғау органдары мен әкімдіктер бірлесіп, заңсыз насыбай сату және өндіру бойынша рейд жүргізіп келеді. 2024 жылдың наурыз айында 500-ден астам сауда орны тексеріліп, нәтижесінде 2 тоннадан астам насыбай тәркіленді. Сонымен қатар жерасты цехтары анықталып, олардың жұмысы тоқтатылды. Заң бұзғандар әкімшілік жа­уапкершілікке тартылып, оларға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Насыбайдың денсаулыққа зияны айтарлықтай және көптеген қауіпті ауруға себеп болуы мүмкін. Оның құрамында никотин, әк, темекі және әртүрлі химиялық қоспа бар. Насыбайды жиі қолданған жағдайда ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдайды, бұл жаралар мен қабынуларға әкеледі. Ұзақ мерзім қолдану ауыз қуысының, тілдің және жұтқыншақтың қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады. Сондай-ақ насыбай тіс эмалін бұзып, қызыл иек инфекцияларын тудырады. Бұл тіс түсінің өзгеруі, пародонт аурулары және тістің түсуіне әкелуі мүмкін.

«Насыбайдың құрамындағы канцерогенді заттар қатерлі ісік түрлерін, әсіресе ауыз және асқазан-ішек жолдары қатерлі ісігін тудыруы ықтимал» деген болжам да айтылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда насыбайдың зияны туралы айтып, заңдарды қатаңдату қажеттігін атап өтті. Қазір заңға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда, бұл насыбайды өндіру мен сатуға толық ты­йым салуға мүмкіндік береді.

Темекі мен насыбай – ден­саулық пен өмір сүру сапасына нұқсан келтіретін зиянды әдеттер. Өз денсаулығыңызды қорғау, ұзақ әрі сапалы өмір сүру үшін бұл зиянды заттардан бас тарту – ең дұрыс шешім. Қоғам болып зиянды әдеттермен күресіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру – әр адамның міндеті.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button