Басты ақпаратРуханият

Ой мен істің темірқазығы

Замана тудырған заңғар Сәкен Сейфуллинді жарылқаушының ұлы жұртына ел қызығын көрсін деп, тіл тағдырына толғансын деп, өнер-білімді, ұлт даналығын жанашырлықпен насихаттасын деп сыйлаған миуа-жемісі. Ол – ұлт мұратын отаршылдық саясаттың, «алжыған азбандардың», қаскөй құзғындардың тұзағынан қалайша құтқарудың тәсілдерін терең, түбегейлі ойластырған, қара құйынға қарсы ұшқан көсем пікірлі жаңалыққа ұмтылғыш көшбасшы, мемлекетті көркею жолына бастаған стратег.

С.Сейфуллиннің ақындық даусында бабалардың тілі, тілегі, дәстүрі, рухы, мұсылмандық-дүниетаным, философия­лық ұстаным бар.

Қу заман басқа салды

мұндай шақты,

Қайтейін, медет қылдым

жалғыз Хақты.

Ұрпағың өсіп-өнген

рулы ел бол,

Деуші еді бабам

Тоқа аруақты!

Ескене, Байбек, Жәнібек –

бергі атам,

Қайырлы деуші еді ғой

берген батаң.

Мехнат, қиыншылық

басқа түсті,

Жоқ еді, істерімде ешбір қатам! («Бабаларыма», 1919 жыл)

 

Тағдыр талқысына, сұм жалғанның соққысына түскен қайраткердің сыры – көңіл парағында жазылған бабалардың қасиетті ғазиз рухы. Өзінің 1928 жылы жазған «Көркем әдебиетті білуге тиіс 3 нәрсе» дейтін мақаласында «Сөз – құс» дейтін асыл түйін бар. Мұнда сөздің киесі, күйі, әуезі, әсері, қанатты болмысы көрсетілген. Ендеше, Сәкеннің мүбәрәк лебізі өміршең.

Дауылпаз дабысты Сәкен лидерлік, патриоттық алапат болмысымен ұлт тілінің, ұлы Даланың рухын тірілткені мына бір кемел толғамында келісті кес­теленген:

…Жаңғыртып кең даланы,

Салдым күшті дауыспен ән!

Әніме қосылды: кең дала,

Аққулы – қазды шалқар көл,

Қамысты – құрақты

көк өзен,

Қосылды бәрі шуласып,

Қосылды бәрі шаттанып.

Сендерге, қарындастар,

Сендерге, інілер,

Сендерге арналды бұл әндер!

 

Дүниенің құлдық

шынжырын қиратып,

Әділдік, теңдік іздеген,

Тұрмыстың таршылық

зынданын бұзып,

Еркіндік, кеңдік іздеген,

Көкіректері жанып

бақыт іздеген, жастар,

Сендерге арналды бұл әндер!

Лидер Сәкен осылайша «әділдік, теңдік, еркіндік, кеңдік» хақында құмарпаздықпен лапылдап, құрыш қайратпен жалындап, Ұлы Дала аспанын күндей күркіретіп сөйлейді.

Руханият шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлылығы ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды» деп жазған-ды. Осы орайда ұлт тілінің қоғам өміріндегі тағдырын ойлаған Сәкен Сейфуллин 1923 жылдың өзінде «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» (15-ақпан), «Кеңсе істерін де қазақ тілінде жүргізу керек» (9-маусым), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25-маусым), «Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына» (3-тамыз), «Не қылдыңдар» (15-тамыз), «Қазақстанның Заң комиссариатына теңеліңдер?» (19-қыркүйек), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (22-желтоқсан) дейтін көкейкесті мақалалары түйдек-түйдегімен жария­ланды, тағдыранықтағыштық ой-тұжырымдары тізбек-тізбегімен меруерттей тізілді. «Қазақ тілін мекемелерде жүргізу турасындағы сегізінші мақаласы «Ашық хат» деген атаумен 1924 жылғы «Еңбекші қазақтың» 17 наурызындағы нөмірінде жарық көрді. С.Сейфуллиннің лек-легімен толғаныспен жазылған жарияланымдарындағы келелі кеңестер, мағыналы, тұрлаулы кесек-кесек ұсыныс-пікірлер мейлінше жанартаудай қуатты, дертке дәрмен еді. Өйткені ол – қайраткерліктің, көшбасшылықтың абыройын шыншылдықпен, сыншылдықпен жоғары ұстаған дегдар Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесін Төрағасы әрі «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, Оқу-ағарту Халық комиссарының орынбасары. Ақиқатында, жоғары лауазымы да, маздаған ойы да, ұлтжандылық алапат айдынды болмысы да, берекелі харекеті де бір-біріне сайма-сай дүлей қара құйынға қарсы ұшатын үздік жаралған сайыпқыран еді. Сондықтан Сәкеннің орасан отты сөзі, өткір орынды ойлы пікірі – қара қылды қақ жаратын айқын ақиқат сөз деуге лайық.

Мыңжылдық тарихы бар қазақ тілі, Сәкенше айтқанда, «отаршылдық арам ойлылықтың», қитұрқы сайқал саясаттың кесапатынан нәуетек күйге, мүсәпір халге түсті. 1923 жылы ұлт тілінің кеңсе іс қағаздарында қолдануға қатысты мемлекет қайраткері С.Сейфуллин билерше толғанып, сұңқарша шүйіліп, дабыл қақты. Осындайда тағы бір керемет жайт еске оралады. 1863 жылдың 7-сәуірінде Петербург университеті Шығыс тілдері факультетінің оқытушысы, тіл маманы Хұсайн Файзханов (1823-1866) мұраттасы Шоқан Уәлихановқа былай деп жазған: «Қазақтың бұрынғы замандағы судопроизводствосыны, һам ханларының, билерінің праволарыны, һам мирас хақындағы заңларыны, қарындашылық құқықларыны, той, байрам ғибадатларыны, бек ару қазақ тілінде язсаңыз еді, мен мұны хрестоматияға язар едім. Андан екі түрлі файда болұр еді: һам тіл үшін, һам этнография үшін». Тіл – ұлт жүрегі! Тіл – ұлт рухының айнасы! Тіл – тәлім, білім, даналықтың негізі!

Асылы, С.Сейфуллин ұлттың сана-сезімін, дүниетанымын оятудың ең бір тиімді жолы – ой қозғау, ойыңды жанды пікірлеріңмен, жалынды істеріңмен тұжырымдау, дәлелдеу екенін түсінген.

«Оқу-білім майданында» (1924) тіл қолдану мәдениетіндегі «даулы, теріс қолданып жүрген сөздер», емле (жазу) мәселесіндегі «шатақтар» сөз болады. «Қазір тіл сөз қолданудан шатақ болып барады», «бір мағынаға әркім әртүрлі сөз қолданып жүр» деп жөнсіздіктерді көрсетеді.

Жазу мәдениетімен қатар сөйлеу мәдениетінің жайын былайша әңгімелейді: «Қазақша сөйлегенде мұздан жүрген тайынша құсап тұғжыңдап сөйлей алмайды». («Орал қаласы», 1923 ж.)

Елді сергітіп ояту, дабыл қағып, жалынды сөз айту, «тура түзу тәрбие», «түзу білім» беру, білім жүйесін жетілдіру жолында еңбектену – ұлт қайраткері, қазақ тілінің қызғыш құсы – Сәкен Сейфуллиннің гуманистік қағидаты, патриоттық ойы мен ісінің темірқазығы.

Әсіресе, баспасөз майданында «айлалы тәсілдерімен» халықтың ой-санасын улайтын, ар-намысын, рухын теріс пікірлерімен шырмауықша шыр­майтын арамзалардың жолын кесу, қара нардай шөккен қырсықтардан арылу, тазару шарт. Тәрбие-білім, баспасөз – ұлы идеяларға жүгінгені жөн. Сондықтан да С.Сейфуллинше пайымдағанда, «Ашық, қан майданында қару-жарақпен қарама-қарсы шыққан жаудан да, ішіне кіріп алып, бір шатырдың астында, өзіңмен бір көрпе, бір тон жамылған жау жүз есе қауіпті, жүз есе сұм, жүз есе жауыз болмақ һәм бұлармен күресуге білімді, ыңғайлы, зейінді азаматтар өте көп керек». («Баспасөз майданында» (05.04.1924) Яғни, баспасөз – тәрбие мен білімнің құралы. Ендеше, өнегелі өнер, терең білім, жоғары көзқарас, жаңаша таным-пайыммен мұздай қаруланған тәжірибелі көшбасшы тұлғалар болса, әлеумет те әлеуетті, келешегі кемел, заманы сәулетті болар еді.

С.Сейфуллиннің тұлғасында «халық ағасы» мәртебесіне орайлас кемелдік, тереңдік, көсемдік бар. Мұндай қасиеттердің түп-төркіні неде дегенде «Адамның мінезіндегі кемелдік дегеніміз деп түсіндіреді әл-Фараби – оның жаратылыс болмысындағы кемелдік». «Көркем мінез бар болса», оны қорғай-сақтай білу құнттылығында. Сондай-ақ теориялық, интеллектуалдық, этикалық ізгіліктерінің, тәжірибелік машық- істерінің молдығынан. Және де әрбір нәрсеге ой жүгірте білу, зер салу, ақыл қуатын жұмсау, болмысты тану, ұядан не көргені, естіп-тоқығаны, көңілге түйгені және үйренген білімді қызметінде қолдана білгені. Бұл ретте Сәкеннің естелігіндегі сырларына ортақтасайық: «Біздің өзіміздің ауылда да, отбасында да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді.

…Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам кешке отбасында отырғанда әңгімешіл, ертекші болады, кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады…

Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және отбасынан алынған «сабақтар» құлақа сіңген, көңілге тоқылған әңгіме, ертек өлең суреттері менің қиялымда тізбектеле беретін еді». (1931 жыл, 10 май. «Жаңа әдебиет» журналы, 1932 жыл, №7)

«Білімнің түбірі, негізі» отбасы өмірінен өріледі екен. С.Сейфулиннің рухани жетілуінің басты себепкері – халық әдебиеті, елдің әңгімешілдік өнері, даналық өнегесі, естілердің тәжірибесі.

Ар-намыстан жаралғандықтан, бойына ұлт тілінің рухын, асыл қасиеттерін терең ұялатқандықтан, өмір-тіршілік, тұрмыс, тағдыр, әлеумет жайы жөніндегі жайттерға философиялық көзқарас танытатындықтан, себеп пен салдарын қыран көрегендікпен саралайтындықтан, адам өмірінің мән-мағынасын жіті танығандықтан, өсіп-өнген ортасының тілегін түбегейлі барлағандықтан жанды суреттерге бай сап таза толғаулар туындатады.

Ойыншықпен жазғам жоқ

ешбір өлең,

Жеңіл қарап жүрмесін,

қылмай елең.

Қараңғы мен жарықты

өлең қылдым,

Махаббат пен қасірет

түбі терең.

(«Автомобиль», 1923 жыл, 14 қазан, Орал, Теке)

Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов былайша ой бөліседі: «Сәкен – қазақтың тілі дегенге қатты қарайтын кісі еді. Ол: «Елдің Конституциясының бірінші пунктінде «Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі» деп жазылуы керек» деп сөйлейтін.

«Тілдің өзі көп көп салалы. Жалғыз әдебиет тілі ғана емес, 1) мемлекеттік яғни кәдуілгі кеңселік тіл, 2) заң тілі, 3) әскер тілі, сонымен бірге 4) ауылшаруашылық, 5) өндірістік дүние жағындағы тілі болуы керек»  дейтін.

С.Сейфуллиннің тарихи бағасы қандай дегенде академик-жазушы Ғабит Мүсірепов 1975 жылдың 28 ақпанында М.О.Әуезов музей-үйіндегі Халық университетіндегі лекция­сында: «Сәкен, Бейімбет, ­Ілияс, Сәбит – алыптар тобы. Мен осылардың шәкіртімін. Қазақ әдебиетінің ұлы атасы – Абай, әкелері – Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит» дегеніне жүгінсек жеткілікті.

Заманынан озып туған маңдайы күндей балқыған саңлақ отаншылдық, елшілдік, мемлекетшілдік істерде де бар болмысымен тұтас беріліп, кісілік, ірілік, тұйғындық танытып, тарих алдында қазақтың қайғысын қабырғасын қайыс­қанша көтерген қара нар ұятқа қалмайтындай тамаша із қалдырды.

СЕРІК НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халық­аралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы,профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button