Тағзым

ОЙ МЕН СЕЗIМ НАҚЫШТАРЫ

Fariza apai 15

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың екінші ғұмыры басталғанына қырық күнге таяды. Біз бүгін ақын қырық жасқа тақаған шақта шығармашылығы сараланып жазылған «Ой мен сезім нақыштары» атты мақаланы оқырман назарына қайталап ұсынып отырмыз. 1978 жылы басылым бетін көрген жазбаның авторы – қазақ жырының алыбы Әбділда Тәжібаев. Отызыншы жылдары-ақ өз қатарластарынан оқ бойы озық көрінген қаламгер «Ой мен сезім нақыштарына» жетпіске шығар жасында қалам тартыпты. Халық жазушысы сонда «…Кейін өлеңші ұмытқа айналады да, болашақпен беттесу және тілдесу үшін өмірде ақын қалады… Менің Фариза өлеңдерінен бірінші алған әсерім: өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де, шексіз қуандым» деп ағынан жарылады. Ағынан жарылады да, ақын өлеңдеріндегі інжу-маржандарға тамсана береді.
Сөз иесі – Әбділда, кейіпкері – Фариза, жарияланған газеті «Лениншіл жас» болған мақала басы артық жарнамаға зәру саналмас деген ойдамыз.

Өлең жазғанның бәрі ақын емес екені қашаннан мәлім. Өлеңші мен ақын қатар тірлік құрып, бірге жер басып жүргенде ғана біріне-бірі ұқсайды. Екеуі бірдей өлең жазған соң бір одаққа мүше, бір литфондының наны мен майын да тең жеулері (өлеңшінің артығырақ жеуі де) мүмкін. Бірақ, бұл «теңестік» – уақытша нәрсе. Кейін өлеңші ұмытқа айналады да, болашақпен беттесу және тілдесу үшін өмірде ақын қалады. Өйткені, ақын әлеуметтік өмірдегі көрнекті тұлға. Ол – қауымға жаңа пікірлер естіртіп, ойлы сөздер айтқан адам, ол – өзі өскен ортаға қуаныш-шаттық әкелген, қайғының қандай түріне жылап, қандай түріне қарсы шабуды үйреткен ұстаз. Ол – өмірді ұғындырған, оны сүюді үйреткен, жалған сөйлемеген, қара басының қамын арттыру үшін ешкімге жалпақтамаған, оңай ұйқас, жеңіл ырғақтар қумаған жан. Менің Фариза өлеңдерінен бірінші алған әсерім: өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де шексіз қуандым. Тұлға болып туған ақын барлық жазғандарында да түрлі қырларымен өзін көрсетіп отыруы хақ. Әйтсе де, бірегей бір жырмен өзін халқына, замандастарына ұсынуы,  «Бұл менмін, менің болмысым осы, ұстаған бағдарым мынау» деп мәлімдеуі керек қой (әрине, өзіне өзі сенсе). Сонда бізге – оқушы қауымға ақынның қозғалыс-қимылын бағу, оның ишараттарына дейін жедел аңғару жеңілдей бермек. Фаризада мұндай мәлімдеме бар.

Мен революцияны жасамадым,

мезгіл деген межеден аса алар кім?

Бірақ, бірақ, жасқанып, жалтақтамай,

болашақтардың есігін аша аламын.

Соғысты да көргем жоқ, өкінбедім,

(мүмкін, онда мен жайлы оқыр да едің…)

Бірақ, сол бір жылдардың жарақаты

көкірегімді сыздатып отыр менің.

Мен жез едім,

өмір өзі шыңдады алмас қылып,

отыра алмаймын қаперсіз малдас құрып,

мен осынау беймаза планетада

революцияны келемін жалғастырып.

Соңғы екі жол:

Мен өзімнің мазасыз жастығымды

ұрпақтарға мұра қып қалдырамын.

Мінеки, ақын «Менінің» ойындағы биік арман қуған қуаттылық. Осыны оқығанда мен кәдімгідей масаттанып, мақтанғым келді. Бұл ақын поэзиясының даңғыл жолы, идеясының айқын сипаты екен деп білдім. Өзінің ақындық декларациясын мәлімдеген талай үлгілі ақындарды білеміз. Ойы жоғары, дауысы зор ақындар мұндай сөздерін мақтан үшін емес, өз заманы, өз замандастарының алдында анты сияқты айтқан. Мына Фариза өлеңінде де сондай дауыс бар. Фариза бір кітабында: «Лирикалық кейіпкерлерім – әйелдер, олардың тағдыры, жан-дүниесі, күлкісі мен көз жасы – өлендерімнің арқауы» депті. Осы рас, Фаризаның өзгешелігі де осында. Бірақ, соған қарап ақын жырының негізгі тақырыбы адам, адамға деген үлкен махаббат екенін кішірейтіп, тарылтып алмауымыз керек. Адамды сүю керек, адамның сұлулығын жырлау керек деген өлеңдер Фаризада да аз емес. Ол адам туралы патетикалық қуатты сөздерді өте күшті, жалынды жазады. Ақынның ең тамашасы – адам сұлулығын қалауынша айта білетін суретшілдігінде:

Қос жанарда тұрады арай кілкіп,

қадалмайды, жалт етіп қарайды үркіп.

Сұқтанады сан көздер сұлулыққа,

талықсиды қағылмай талай кірпік…

Тағы бір шумағын келтірейін:

Жұмыр кеуде жарасып иықпен тік,

тұр талдырмаш денесін биіктетіп,

Жалғыз жатыр жотада қара бұрым

нәзік белге кей-кейде тиіп кетіп.

Қандай әсем мүсін! Мүсін өнерінсіз ұлттық көркем өнер жетістім, толдым дей алмайды. Поэзиядағы табиғат көріктерін жеткізетін сөз бояуы сияқты поэзияда мәрмар, граниттермен жарыса алатын сөз керек. Фариза жасаған мүсінде бояу арқылы жететін қасиеттер де бар. Қос жанары қандай нұрлы, әлі көздерін жалтылдатуы жетпей жатқан, оқтаулы қаруын жұмсай бере алмайтын нәуетек, сәби жан ғой бұл тұрған! Әйтпесе, жұртты өзі қалтыратудың орнына, өзгелерге үркіп қарар ма еді?! Екінші шумақта біз ғажайып сұлу жанды нәзік қимыл үстінде көреміз. Ақынның қырағы көзі талдырмаш денені биіктетіп тұрған келісімдерді де дәл аңғарған. Тағы да қайталаймын: адамның бойынан сұлулық таппай тұрып, оның ойынан сұлулық табу қиын. Сондықтан шығар, Фариза «адам атты құдіретті күшке» үнемі бас иіп отырады. Ол құдіретті адам қолымен жасалған қалалардан, қайта жаңғырған далалардан, аспанды, мұхитты билеушілерден көреді:

Қанатты найза корабльдерге

қызыға қарап қалам мен,

аспан болмағаныма мұңданып, – дейді ақын. Осы арада біз адамның аспан болмағанына мұңаюы арқылы оның аспан болғанын көргендей әсерленеміз. Бүгінгі талантты интеллектінің айырмашылығының өзі осында болу керек. Әбден жетіккен құбылыстардың барлық ғаламатын таныған, шексіз биіктік пен тереңдіктерге сай сезім байлығын тапқан адамда тоят жоқ қой. Ол барлық әлемдік гармонияға қызығады, ол барлық кеңістік пен жарықтарға ғашық. Ол барлық құдіретті, көрікті жандарға ғашық. Сондықтан, ондай жандардың қуаныштары да, қайғысы да өзгешерек, дәлірек айтқанда, көлемдірек, тереңірек болуы мүмкін.

Сен маған бақыттасың, қайғыдасың,

өмірсің, таусылмайтын бай мұрасың.

Өлермін сол сезіммен маған десе,

аспаннан қара жерге ай құласын,

әйтеуір, анық менің айнымасым.

Неге бұлай дейді ақын? Осы өлеңнің соңғы екі жолын оқиықшы:

Ырзамын тағдырыма сен арқылы

махаббат деген күшті сезіндірген.

Мен Фариза жазған ғашықтық жырларға оның барлық жанымен ынтығып, барлық ынтасымен құлай, құмарлана айтқан лирикаларына осы тұрғыдан қараймын. Алғашқы рет махаббат күшін сезіндірген адамға осылай табынбаса, біз ақынды танымас едік, оған сенбес те едік. Ақынға бұл жерде аспан қандай шексіз болса, ғашықтық құдіретті сезіндірген адам да сондай шексіз. Екеуі де поэзия тәңірімен тең. Екеуі де поэзияның арман дүниесі, шектелмейтін, шегерілмейтін арман. Осындай армандарды аңсаған ақындыққа біздер махаббат көзімен қарай білуіміз керек. Егіліп-төгіліп айтқан ыстық құмарлықтардан ең алдымен ақынның қуатын, ағынан жарылар сыршылдығы мен шыншылдығын көруіміз керек.

Дара күндерімнің,

нала түндерімнің,

серігі болғаның үшін,

сенімі болғаның үшін,

мен сені аялаймын.

Фаризаның барлық махаббат жырлары осы адамға арналған. Бұл – ардақтылық, қымбаттылық жағынан ақ сүтін берген, ақ бесігін тербеткен қасиетті анамен қатар тұра алатын Адам. Бұл адам үшін сүйініп жырлауға да, күйініп жырлауға да болады. Мен өз басым соның бәріне сенемін. Кейде адамды сүю мен оған ғашықтық асқақтай түсе отырып, дерексіздікке де ауысып кетеді ғой. Осындай күйге ұшырамайыншы деген Фариза өз жүрегі жаратқан геройға реальдық әрекет, сезімдер береді: оған кәдімгі өзімізге мәлім атмосфера жасайды. «Көгалды алаң. Сүт сәуле қырды басқан. Біз отырмыз жанардан арман ұшып» деп басталатын өлеңде бәрі бар: қуанышты екі жастың көздерінен перде сыпырылып, көңілдеріндегі тұман әбден серпілгендей, олар бақытты. Сондықтан, олар бұрын еленбей жүрген аспанға, жұлдыздарға қарап таңданысады. Осындай кең, тамаша түннің шындығын айқындай түсіп, біздің түйсігімізбен әбден жарастыру үшін ақын өмірге лайық бояуды қалыңдата береді. Қасыңдағы досынан батылдық көруді аңсағанын да жасырмайды. «Кеткім келген кісідей асыққанмен, жібермей қалса дедім». «Әйелдің монологында»:

Жанарымды толтырдың жылылыққа,

жан жылуын балар ем ұлылыққа, – деген егіз жол бар. Демек, еркек пен әйелдің өзара сезінісулері де ақын үшін ұлылық. Олар неғұрлым жақын болған сайын, соғұрлым адам ойы мен сезімінің асыл қасиеттері толыға түседі.

Сондықтан болар деймін, маған:

Сонда мен жайсаң көлдің жағасымын,

өзіңдік сонда менің бар асылым, – деген жолдар да қатты ұнады. Мен бүкіл әлемдегі ұлы құбылыстардың келісім тапқандарын көргендей сезіндім. Мен Фаризаның махаббат жырларынан бәрімізге ұқсамайтын өзгешелік көремін. Бұл – қайсымызды болса да ойландыратын өзгешелік. Адамның шартты түрдегі ережелерге, канондарға, ескірген әдет, дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын, өз сезімін ұрламай, жасырмай, бүкпей сөйлеуін қазақ поэзиясында батыл жырлаған осы Фариза. Ақынның лирикалық геройы адамға тән айқын, күшті сезімдерін адам сөзімен адамға жарастық дәрежеде айтуға міндетті.

Жалған сөйлесе, ол поэзия емес.

Жастық шақтағы адам басынан өтетін күйлерде шек бар ма? Санаға сүйенген сабыр-ұстамдылықты біз егде тартқан соң табамыз. Кілең ұстамдымыз. Әр күннің, әр түннің сағатын үнемдеп жұмсап, өлшеп пайдаланамыз. Сондықтан, біздің (егделердің) сезімдеріміз де тежеулі, шідерлеулі. Сондықтан, кенеттен килігер оқиғаларымыз бола бермейді. Кенеттен бұрқырап, быт-шыт жарыла, шашылып-төгіліп жатпайтынымыз да сол үшін. Ал, жастық шақта ше? Солай ма едік? Қайнаған қан, жолбарысша жұлқынған жүрек, темірдей дене жасқа дамыл берген бе! Әрбір минут сайын жаңалықтар іздеген, жақсы үміт, жарық армандарға талпынған жастық «сабыр», «саябыр» деген сөздерге түсінген бе? Олардың бір күні біздің жылымызға татымай ма (бастан өткерер оқиға жағынан айтамын)?

Біз жердің қай күні сілкініп, жанар таулардың қай күні жарыларын, айналасын алай-түлейге түсірерін білеміз бе? Жастық та солай ғой. Жастық өмір – романтика ғана емес, оның өз реализмі де жетіп артылады. Осы реализмге үңілсек талай шаттыққа, талай қайғыға кенеттен кездесе береміз.

Сенің от құшағыңда дүниені ұмытып талықсыдым.

Жүрегімді өртеді жан ыстығың… тағы-тағылар.

Арманын тапқан жанның қуанышында, ләззатында шек жоқ. Ол күннің шықпауын, таңның атпауын, құшағының жазылмауын тілейтіндей. Ол мәңгі жасайтын ләззат дүниесінің аясында…

Біз қуанышымызды сезіп үлгерген жоқпыз. Ақын енді:

Бірақ, өзің айныдың,

ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,

сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.

Өмір деген бұрқанған дарияға

бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.

Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда

бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім,–дейді.

Ашынған, асылынан айрылған күйікті қыз монологын: «Мен күнәкар емеспін ар алдында, құдайың да кешеді тап мұнымды» деп аяқтайды. Шап-шағын өлеңде адам аузынан шығатын лептердің бәрі де бар. Шадымандық үшін шаншыған жүректің жан дауысы жуып-шайып кеткендей.

Бұл не – драма ма? – Иә, драма!

Бұл не – трагедия ма? – Иә, трагедия!

Біз бұрын мұндай қыздар жайын қалың романдардан оқитынбыз, театр сахналарынан көретінбіз. Сонда кілең көзіміз құрғамайтын. Ал, бүгін қыздың өзі жырлап отыр. Бұл – әйелдер өмірінде үнемі кездесетін, оқушылардың үнемі күрсінетін оқиғалардың бірі. Бұл монологтағы қыз бәрін өзі сөйлеп тұр. Бұл қыз бұл сөздерін қандай қауымның талқысына болса да салуға, қандай билердің алдында болса да сөйлеп кетуге, пәктігін қалай жоғалтқанын, не үшін жоғалтқанын дәлелдеп, ақталып шығуға әзір. Сондықтан, ол оқушылардан да қымсынбай, ағынан жарылған. Әңгіме тек мұндай жырды кімнің, қалай қабылдауында. Қыз сырын ата-ана болып тыңдасақ, көкірегіміз қарс айрылып күрсінеміз. Өйткені, баламызды бақытсыздыққа ұшыратып алғанымызға өкінеміз. Жастың мұндай күйіне оның адал құрбы-құрдастары мен жан достары да өксиді. Ал, тоғышар болып отырып оқысақ ше? Онда әңгіме басқаша. Тоғышардың өз философиясы бар: «қойды Құдай қасапқа арнап, қызды еркекке арнап жаратқан. Апанда жатқан бөріге қозы неге барады? Жапанда жортқан бөріге қозы неге барады? Жапанда жортқан жігітке қыздың өзі неге соғады? Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде. Татымайтын, бір жылаған соң ұмыт боп кететін нәрседен қандай трагедия шықпақ?! Мұндай қыздың әдет пен дағдыдан ұшқары әңгімесін тыңдаудың, өйтпесе оқудың өзі ұят». Тоғышарлар философиясын осылай тыңдай берсек, біз махаббат, гуманизм дегендерге қайта соқпастай алыстаймыз. Поэзия оятатын сезімдерден жұрдай тазарамыз. Мен өзімше махаббаттағы сезім шынайылығы мен адалдығы жетіспей тұрып суретші болу мүмкін емес деп білемін. Жанның сан алуан толқындары мен ағымдарын аңғара алмаушыға бояу, дыбыстардың да алуан құбылыстары мен ағымдарын аңғару қиын. Махаббатқа және махаббаттан туатын сезімдерге жетік еместер сол сезімдер туралы ақын боп терең жырлай алмайды, прозашы болып терең көрсете алмайды. Поэзияда кейде Ләйлі, кейде Мәжнүн болу бізді қатты қызықтырады және қуантады ғой, неге олай? Өйткені, біз адамдардың бүтіндігі мен ірілігін, биіктегі жарық мұраттарға құлаш сермегендерін, амал-айласыз, есеп-қисапсыз, адал өмір сүрушілерді көреміз. «Барыңды түгел бер, барымды түгел ал. Алаңсыз сүй мені, алаңсыз сүйдір өзіңді» деген сезімдер қашан да қымбат болған. Бүгін де қымбат. Мұндай кесек сезімдерсіз махаббат пафосы тумайды, махаббат іріленбейді, ұсақтап кетеді. Осы қасиеттер біздің Фариза лирикасынан түгел табылады.

Бүкіл әлемдік құбылыстардың бәрін сезінетін, бәрін де сездіре алатын ақын өзін барлық жаратылыстың сырласындай ұғынады. «Әйтпесе, махаббат лирикасында да бізді ол қызықтыра алмас еді» дедік қой. Сол ойымызды растайық. Фаризаның күзге арналған өлеңін оқиық:

Ерке өзендер жатпайды тасып ағып,

таулар да тұр жамылып басына бұлт.

Ақ қайыңдар жылайды, жапырағын

байқаусыз шашып алып.

Жас төгеді аспан да ашынғаннан,

жасыл көркін жаздағы жасырған маң.

Бозаң дала жатады томсырайып

баладай ашуланған.

Бау-бақшаны тұратын жеміс тұнып

жинап қойды адамдар келістіріп.

Тарсылдатып үйлердің терезесін

жүреді жел ысқырып.

Көк аспан да жойыпты от тынысын,

қоңыр бұлттар жөңкиді соқтығысып.

Балалар жүр кірбіңсіз көңілменен

шапқылап, доп қуысып.

Мен бұл өлеңді тұтас келтіргенде менің айтып жеткізе алмағанымды оқырман өз ойымен толықтырсын дедім. Күзді көңілсіздікке балау – бұлтты жылату, ағаш жапырақтарын жұтату бізге қашаннан белгілі. Кейде күз арқылы көңілдегі кірбіңді күйлер де қоса шертіліп отырады. Ал, мынау өлеңде өзгешелік – әсемдік бар сияқты. Табиғат – Фариза үшін күнәсіз сәбилік шақ. Ақ қайыңдар жапырағын байқаусызда шашып алған соң жылап тұр. Бозаң дала өкпелеген баладай томсыраяды. Маған терезелерді қағып ысқырып жүрген жел де доп қуып жүрген балалармен бірге ойнап жүрген секілді. Мезгілге сай жаратылыс дүниелерін жаңдандыру, олардың адам мінезі мен қылықтарына ұқсаған түрі, сиқы, қимылдары арқылы болмысты барлық келісімдерімен бейнелеу ақынның күшін, тапқырлығын танытады. Біз осы ұнатқан, мақтаған нәрселеріміздің, әсіресе, поэзиядағы суретшілдік өнердің қызықтығын айтқанда ақынның тіл шеберлігіне үңілмей өте алмаймыз. Ал, тіл шеберлігі дегеніміз алдымен сөз байлығына, сол бай сөздерді ұстарта білуге байланысты. Сөзің жетпей, сөздерге жан бітіріп қозғау жасарлық құдіретің жетпей жатқанда өлеңнен көріктілік іздеу – қиын нәрсе. Онда өзіңе тән жаңа жүйе табу, өлеңге жаңа әуен, интонация беретін жаңғырған ұйқас-ырғақтар, тың теңеулер әкелу тіпті мүмкін емес. Фариза сөз қалаудағы халық поэзиясындағы әсемдіктерді, ұтымдылықтарды меңгерген. Ол сөздердің бойындағы қызу, қуат-күштерге қозғау салғыш, жан бергіш, сөздердің өзара қиюласулары, өзара шарпысуы арқылы жаңа сурет, жаңа әуен туғызатындығын көрсетті. Ол тілге жетік болғандықтан жырдың ырғағын күшейткіш, ұйқасын тыңайтқыш жаңа сөздерді кеп тапқан және оларды барынша шебер қолданған. Ол эпостағы, әсіресе, Махамбет сияқты ақындардың толғауларындағы екпін, энергияларды есінен шығармайды. Сөйте тұра, ол үйреншікті ырғақтарға түсіп кетпеу үшін ағыл-тегіл ала жөнелгелі тұрған ырғақтарды әдейі қара сөздік интонацияға араластырып, асау екпінділерді шідерлегендей шенеп ұстайды. Оқушысын өлеңіне тереңірек қарауға, қабат-қабат болып жатқан мағыналарды іздеуге, образ, теңеу күрделіліктерін танытуға жетелейді.

Нәзік гүлдер жаутаңдап, дірілімен

ғашықтың сезіміндей.

Адамдардың думанды дүбірінен

дала жатыр көзі ілінбей.

Тағы да қызық салыстыруларға кенеліп отырмыз. Нәзік гүлдер мен кең дала адам бейнесіне көшкенін қызықтаймыз. Біз осыны дәстүрлі жаңғыртудан туған жаңашылдық, ақынның өзіндік өзгешелігі, өзіндік сипаты дейміз. Ақын жырларында сөз қоры молдығын дәлелдейтін мысалдар толып жатыр. Ондағы бояу­лар байлығы да маған қатты ұнайды. Аппақ сәулелер, сағым үміттер, қап-қара тереңдер, көкпеңбек-көк биіктер ақынның кең әлемін, ішкі дүниесін де керсетеді.

«Бұла көңіл», «бұлыңғыр мұң», «бал сезім», «сүт сәуле» сияқты сөздерді біз бұрын көп қолданбағанбыз.

«Теңіз-көңіл қалайша толқымасын…».

«Мені еш нәрсе өмірде таң қылмайды…».

«Көңілім құздан құлап жүрмін ессіз…».

«Майса дала арылады гүлді өңінен…».

«Ашу, ыза кеудемде қамалған үн…».

«Жанымдағы жалаңаш жара табын…».

«Екеумізді бір арман матастырып…» – деген сияқты жеке жолдар; әйтпесе:

«Мен сені жүретінмін мақтан көріп,

Қызғыш боп, өсек айтқан жаттан қорып…»; «Ақ түтек ойлардың ақпаны сақ-сақ күледі, жалғыздығынан жынданып кеткен жесірдей…»,  «мен қашанғы ішімнен шыңғырамын, қашан-қашан басылар бұл құмарым…»; «Сезім өлген. Жүрем тек құр сүлдерім, жүрегімді, миымды таң асырып…» дегендей егіз жолдар, әйтпесе:

Қашанғы енді мен сені ұмытпаймын,

қашанғы іште жатады ұлып қайғым.

қашан, қашан ұшады сағым болып,

жүрегімде ілінген құлыптай мұң…

деп келетін төрт жолдар поэзиямыздағы мол байлықтың Фариза әкелген бір саласы емес пе? Фаризада ұйқастың неше алуан күрделі түрлері бар. Дыбыс сұлулықтары, олардың келісті үйлесім табулары өлең әуенділігін бір түрлі күмбірлетіп жібереді. Оқушысын әнге, күйге бастайды. Ал, кейде жоғарыда айтылғандай ақынның шеберлігі арқылы осы әуенді дыбыстар өзгеше қиюласып өлеңнің өзін прозаша оқуға тартады. Сонда біз әуенді сезім мен салмақты ойлардың бірлесіп Фариза поэзиясына күрделілік беріп тұрғанын аңғарамыз. Мен Фариза өлеңдерін түгел оқып шыққаннан кейін оны өзіме бір түрлі жақын сезіндім. Жас ақын менің әдемілеп айтамын деп жүріп айта алмағанымды оп-оңай жазғандай көрінді.

Ақындар бірін-бірі осылай толықтырып, көркейтіп отырмаса, поэзия қалай ілгері баспақшы! Менің бір әдетім (мүмкін, нашар әдет шығар) көңіліме қонған, сезімімді жылытқан өлеңдерді оқығанда мақтау сөздерімді тежей алмай, оқып отырған нәрселерімнің кемшіліктерін айтуға уақыт таппай қаламын. Байқаймын, бұл жолы да сөйткен сияқтымын…

Мен Фариза ақынның болашақ жырларын да үлкен үміттермен күтемін. Фариза өзі біліп түскен, қалап алған ауыр жолда, өмірлік ұзақ жолда сенімді екенін барлық еңбегінде көрсетіп келеді. Фариза – поэзияның тақырыптары, іші мен тысын тұтас ойлай алатын ақын.

1978 жыл

Хабарландыру!
Ертең, сәрсенбі күні сағат 13:00-де «Radisson Sas» қонақ үйінің мейрамханасында ақын Фариза Оңғарсынованың дүниеден озғанына қырық күн толуына орай ас беріледі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button