Елорда тынысы

Ой-пікірлерін ортаға салды

Астана халықаралық университетінде Нұра ауданы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбаты талқыланды. Жиынға Ардагерлер кеңесінің мүшелері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Онда сұхбатта айтылған идеяларды халық арасында ілгерілету мәселелері айтылды. Аға буын өкілдері атом электр станциясының құрылысы, Қазақстандағы гендерлік теңдік, азаматтардың әлеуметтік мәселелері, ұлттық тарихты зерттеу және дамыту сияқты мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

Нұра ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Жеңіс Бөдешев Президент сұхбатын өткен жылдың дәстүрлі қорытындысы деп санайтынын айтты.

«Бұл кездесудің маңызы жоғары деп ойлаймын. Өйткені Президент сұхбат барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және халықаралық жағдайына тоқталып өтті. Сұхбатта өткен 2023 жылды қорытындылап, алдағы уақытта іске асатын басым бағыттар мен саяси өзгерістер туралы жан-жақты айтты. Міне, сондықтан бұл кездесудің жастарға маңызы зор деп есептеймін. Иә, қазір жастар газет оқымайтыны белгілі. Сондықтан да осындай маңызды әрі салмақты сұхбаттарды аға буын өкілдері жастармен бірлесіп талқылауы қажет. Сонымен қатар Президент Қаңтар оқиғасын тудырған себептерді, олардың кейбір салдарын атап көрсетті. Шын мәнінде, Президент елімізде демократияландыру процесі жоғары екенін және ол дамып келе жатқанын атап өтті» деді Ж.Бөдешев.

Профессор Серік Джалмаканов өз сөзінде Президент Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында осы күнге дейінгі халықты толғандырып отырған қоғамдық мәселелерге ашық жауап бергенін атап өтті.

«Президенттің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатын оқып, біраз керекті дүние­лерді өзіме түртіп алдым. Ең әуелі, бұл сұхбаттың басты ерекшелігі – Президент осы күнге дейінгі саяси оқиғаларға, халықты толғандырып отырған қоғамдық мәселелерге ашық жауап беріпті. Дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан атом станциясы мәселесіне жауап берді. Мұны енді халық шешетін болды. Сонымен қатар еліміз биыл бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық етеді. Атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымдары. Жалпы бұл сұхбат үлкендерге де, жастарға да ой салды деп пайымдаймын. Сондықтан да студенттерді осы сұхбатты толық оқуға шақырамын» деді профессор.

Жиын барысында Нұра ауданы Ардагерлер кеңесінің өзге мүшелері де ой-пікірін ортаға салып, жастармен бірге сұхбатта айтылған мәселелерді талқылады.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button