Мәдениет

Ойлы оқырманның олжасы

Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарихшы-ғалым, белгілі публицист, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің биыл бірнеше кітабы жарық көрді. Соның ішінде «Атамұра» баспасынан оқырмандарға жол тартқан «Абыздар аманаты» атты эссе-мақалалар жинағы мен «Ғылым» баспасы ұсынған «Нүкте философиясы» кітабы қолымызға түсті.

«Көненің жұрты» және «Кісілік ғұрпы» деп аталатын, екі бөлімнен тұратын бірінші кітапта автор түбі бір түркі жұрты құрмет тұтқан, алты алаш ардақтаған тұ­ғырлы тұлғалардың біразын қамтыған. Жинақта ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет еткен қайраткерлер жайындағы толғамдар, зерделі зерттеулер топтастырылған.

Бұл жинақ бір ұлттың ғана емес, адамзаттың ақыл-ойының жетілуіне әсерін тигізген ұлы бабаларымыз Әбу Насыр әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнның таратқан ілімдерінен тамыр тартып, ұлы Абайдың дүниетаным философиясына жетелейді.

«Өткенсіз болашақ жоқ. Рухани негізсіз материалдық байлықтың да баянды болуы әсте мүмкін емес. Біз бүгін бабадан мұраға қалған ар ілімін насихаттап, әділетті, мейірбан қоғамды қалыптас­тырудың аса қажеттілігі мен шынайы мүмкіндіктерінің бар екенін нақты сезініп отыр­мыз. Бұл – бос қиял емес, бүгінгі біздің қанымызда қалыптас­қан ұлттық код, санамызда жаң­ғырған ізгі мұрат, кешегі өткен тарлан тарихымыздың асыл мирасы. Міне, бағзы бабалардан бастау алып, әл-Фараби жаңғыртып, Жүсіп Баласағұн жал­ғастырып, Абай арқылы алтын арқауы мен арнасын тапқан абыздар даналығы бізге осыны аманаттайды» деп жазады бұл кітапта Дархан Қыдырәлі. Аталмыш эссе-мақалалар жинағын шығарудың мақсатын осы жолдар айқындап тұр.

Кітапта түгел түркіге ортақ тұлға Қорқыт жайында зерттеу, Тоныкөк жазба ескерткішінің құндылығы мен қағанның елдік мұраты, «түгел сөздің түп атасы» Майқы мен Мөңке билердің өнегесі, Мысырды билеген Байбарыс баһадүрдің жорық жолдары қамтылған. Ұлық ұлыстың негізін қалаған Жошы ханнан бастап Қазақ хандығының бастауынан әртүрлі кезеңіне дейін шолу жасалған. Соның ішінде Кенесары Қасымұлының азаттық аңсары ашылған.

«Нүкте философиясы» кі­табына автордың «Егемен ­Қазақстан» газетіне басшылық еткен және одан кейінгі жылдары басылымда жарияланған ой толғаныстары мен эсселері топтастырылған. Осы кітап «Abai» телеарнасының «Үркер» бағдарламасында талданған. Оған қатысқан Дархан Қыдыр­әлінің өзі кітапта саясаттан тыс эсселер, қоғамға қатысты ойлар, тұжырымдар, әдеби сын мақалалар жинақталғанын айтқан.

Кезінде баспасөз арқылы таралған толғаныстар мен эсселер болғандықтан, бұл кітапқа кең тоқталғанды жөн көрмедік. Бір айта кетерлігі, аталмыш еңбекте автордың жазушылыққа талпынысы байқалады. Бұл кітаптың соңында берілген «Шаңырақ» атты әңгімесінен көрінеді.

Түйіндеп айтқанда, «Абыз­дар аманаты» мен «Нүкте философиясы» – ойлы оқырманның олжасына айналатын кітаптар.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button