Мәдениет

ОЙЛЫ ҚОЙЫЛЫМ ОЛЖА САЛАДЫ

ERA_7377

Өткен аптада Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық драма театры Астанаға гастрольдік сапармен келіп кетті. Өнер ұжымы елордалық көрерменнің назарына Сәкен Жүнісовтің «Абылай» тарихи толғауын, Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын және Ильгиз Зайниевтің «Люстра» лирикалық комедиясын шығарды.   

«Театр – ақыл айтатын немесе психологиялық кеңес беретін орын емес. Дегенмен, нақты өмірден алынған уақиғаларды көрсете отырып, жақсыға сүйсіндіріп, жаманнан жирендіретін миссияға ие. Біз Астанаға үш қойылым әкелдік. «Абылай» тарихи толғауын Қазақ хандығының 550 жылдығына арнадық. «Жан шырылы» – театрымыздың репертуарында өзіндік орны бар шығарма. Режиссер Мұратбек Оспанов сахналаған қойылымда бөгде ағымның шылауында кеткен, өмірі талас-тартысқа түсіп, қиыншылыққа ұшыраған қазіргі заман кейіпкерлері жөнінде баяндалады. Жалпы алғанда, әлемді алаңдатып отырған терроризм жайын қозғайды. Мақсатымыз – жас ұрпақты осындай келеңсіз жайттардан сақтандыру. Ал, «Люстра» комедиясы арқылы адамдарды күлдіре отырып, ойландыруды көздедік» дейді ақмолалық театрдың көркемдік жетекшісі Фархадбек Қанафин.
Қаллеки театрының сахнасында жүрген осы үш қойылымның арасында өзіміз тамашалаған «Жан шырылы» драмасына кеңірек тоқталайық. Ислам дінін жамылған жат ағымдардың азғыруынан талай отбасының ойран болғаны – бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Қойылымда нақты осы жөнінде айтылады. Гүлнұр есімді кейіпкер жұбайы Асқармен бірге сауда-саттық қамымен таяу шығыс елдерін жиі аралайды. Сондай бір сапарынан оралғанда ата-анасы никаб киіп, бет-аузын тұмшалап алған қыздарын танымай қалады. Ата-анасы нағыз хақ жолы бұл емес екенін қанша айтса да, Гүлнұр көнбей қояды. Туғандарына ауыр сөздер айтып, домбыраға шошына қарайды. Ата-ана мен перзенті арасындағы дауға Асқар мен қазақтарды жат ағымға кіргізумен айналысатын содырлардың жансызы Жұман атты кейіпкер араласып, Гүлнұрдың жағына шығады. Ақыры, үлкен жанжал туып, Гүлнұр мен жанындағы адамдар дәм де татпастан ата-ана шаңырағын тәрк етеді. Гүлнұр онымен қоймай мектепте оқитын қызы Жанарды да өзі сияқты киіндіріп, «ата-әже» деп шырылдағанына қарамастан алып кетеді.
Олар Сириядағы содырлардың лагеріне барғанда оңбай қателескендеріне көз жеткізеді. Лаңкестердің жетекшісі Абдурахман ибн Халид бұл жерде жиһадқа шығатын адамдарды дайындап отыр екен. Мұндағылар ізгі мақсатты көздеген адамдар емес, нағыз қарақшылар екені айқын аңғарылады. Алайда, шегінерге жол жоқ, бәрі кеш… Әйелі мен қызын қорғаймын деген Асқар оққа ұшқан соң Гүлнұр жынданып кетеді.
…Есінен айырылған Гүлнұр анасымен ауруханада жолығып қалады. Сөйтсе, қызының күйігіне шыдамаған әкесі дүниеден өтіп кеткен екен. Әпкесін іздеймін деп шыққан бауыры із-түссіз жоғалған. Өкпесін қара қазандай қылған қызын анасы қайта қабылдағысы келмейді. Бір сөзбен айтқанда, бүтін бір отбасының өмірі өкінішпен аяқталғандай…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button