Қоғам

Ойнай білмеген ойлай да білмейді

Жақында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының қабылданғаны барлығымызға белгілі. Сол жобада білім берудің негізгі 4 бағыты, 5 міндеті бекітілді. Солардың бірі – баланы ойын арқылы тәрбиелеу әдісі. Жалпы қазақ халқының дәстүрлік танымында адамның балалық шағы ойын баласы деп аталады. Бұл – заңды құбылыс. Өйткені баланың өсіп-өркендеуі, дүниені танып-білуі ойынмен байланысты.

[smartslider3 slider=1026]

Қай заманда да қай халықтың өмірінде болсын баланың мектепке дейінгі кезеңінде ойынның атқаратын қызметінің мәні орасан зор. Ойын – өмір қажетінен туған балалық шақтың ажырамас шарты. Бала үшін ойын – іс-әрекет, еңбекке бастайтын қимыл-қозғалыстың жебеуші шарты болумен қатар дүниені танып-білу, түсіну, ұғынудың кілті. Сондықтан ойын туралы ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдар да, тәлім-тәрбие ісімен шұғылданушы педагогтар да ересек адамдар үшін жұмыс, қызмет, еңбектің мәні қандай болса, бала үшін ойынның да мәні сондай деген орынды тұжырым жасайды.

Халық даналығында «ойнай білмеген ойлай да білмейді, ойында озған өмірде де озады» деген аталы сөздің сырына жүгінсек, мектепке дейінгі кезеңдегі баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы олар өсіп-өркендеп, есейгенде де өміріне жалғаса кететіндігін дәлелдерлік дәйекті деректер жетерлік. Оны біздің де күнделікті тәжірибеміз жан-жақты айқындап отыр. Біз бақылау жасап, тәжірибе жүргізген мектепке дейінгі қоғамдық мекемелердегі және бірнеше жылдар бойы жинақталған деректерге зейін аударғанда жасаған па­йымдауларымыз бала ойында қандай болса, кейін ер жетіп, есейіп еңбекке араласқанда да, оқуда да, қызмет бабында да, атқаратын жұмыс барысында да көбіне сондай болатындығына көзіміз жетуде. Өйткені бала өзінің іс-әрекетін, күш-жігерін ойын арқылы машықтандырып, өзі қарым-қатынаста болған заттар мен құбылыстардың сыр-сипатын ойын барысында ұғынады. Болашаққа тән болмыс нышандары айқындала түседі. Мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше.

Тәрбиеші бағдарламада көрсетілген сюжетті рөлдік, қимыл-қозғалысты, дидактикалық және басқа да ойын түрлерін пайдалана отырып, топтағы баланың ойын әрекетін ұйымдастыра білуі тиіс. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсенділігі артып, игерген білім – машықтары негізінде бір сюжетке орай басты ке­йіпкерлерге еліктеуі (шығармашылық белсенділік), ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, онымен шынайы қарым-қатынас орната отырып, таңдап алған рөлдеріне деген жауапкершілігі арта түседі. Ойын – балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.

Бала ойын ойнағанда өмірде көрген-білгенін өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктеп отырып бейнелейді. Бала үшін өзіне ұнаған адамнан артық ештеңе жоқ, оған барлық жағынан ұқсағысы келеді. Жалпы бала табиғаты өзін бірнеше есе үлкен ғып көрсетуге бейім. Тез есейгісі келіп, бәрін өзім істеймін деп талпынады. Баланың осы талпынысын мұқалтпай, «сен үлкенсің, мен көмектесіп жіберсем, бәрін де өзің істей аласың» деп сенім білдіре тәрбиелеу – ұтымды әдіс. Үлкен адам мен баланың айырмашылығы үлкендердің сана-сезімі мен іс-тәжірибесінің молдығында ғана.

Ойын – баланың жан серігі іспеттес. Қай бала болмасын ойнап өседі. Әрбір елдің ойыны сол елдің қоғамдық идеологиясына, тұрмыс-тіршілігіне, айналысатын кәсіп-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты. Ойын сырттай қарағанда қиындығы жоқ, оп-оңай көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойын­ға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Мәселен, рөлдерге бөлгенде балаға өзіне ұнамсыз рөл тиюінің өзі-ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті – балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі. Айталық, тәрбиешінің ұжымдық ойынды тартымды ұйымдастырып өткізуі балалардың бір-бірімен достық қатынастарының дұрыс қалыптасуының нышаны екені сөзсіз. Ойын кезінде жолдасының айтқанымен келісіп, оны құрмет тұтудың өзі – адамгершілікке бастайтын жол. Тәрбие­ші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез-құлқын қалыптастырады.

Қазақтың ұлттық ойындары халықтың еңбек, шаруашылық үрдісіне байланысты туғандықтан, оның түрі мен мазмұны төзімділікке, батылдыққа, ұстамдылыққа, тапқырлыққа және мейірімділікке баулитын сипатта болады. Мұның өзі көңілге кеңдік пен дархандық ұялатады. «Сайыс», «Аударыспақ», «Бәйге», «Көкпар тарту», т. б. ойындары үлкен адамдарға тән дегенімізбен, оның көріністері мен мәні бала ойынының репертуарынан да тиянақты орын алған. Балабақшадағы топта ойналып жүрген «Ақсерек пен көксерек», «Қазан доп», «Күшің жетсе, үзіп кет», «Арқан тарт», «Алақан соқпақ», «Жаңылма», «Байқап қал», т. б. ойындар баланың белсенділігін жебеп, жігерін қайрап, қапияда жол табатын тапқырлыққа, аңғарымпаздыққа баулиды. Ойындағы ұтқырлық – екінші жағынан өнер. Халықтың аңсаған арман-тілектеріндегі, іс-әрекеттеріндегі атрибуттар бала ойынынан көрінісін табумен қатар тікелей әрекетіне айналады. Халық ойындарына тән сипат өмірге үйлесімділік шындықтан туындайды. Онда қойылған талаптарды орындау барысында дене ширап, көңіл көтеріліп, дербестік дамып, баланы ұғымталдыққа ұмтылдырады. Балалықтың базарлы шағындағы ойынның қайсысында болмасын, ойынның мазмұнына қарай, өлең, тақпақ, ән араласа жүреді. Ал олар ойынның тікелей мазмұнында болмаған күннің өзінде жеңіліс тапқан топ немесе ән, болмаса би билеп, күлдіргі әңгіме айтып айыбын өтеуге тиіс. Бұл – қазақтың ұлттық ойынындағы басты ерекшелік.

Ұлттық ойын қазақ халық ауыз әдебиетімен біте қайнасып, бірге өрістеп, бір тамырдан нәр алғандықтан бұларға ортақ кұбылыстар көп. Бір-біріне ұтылай жалғасқан. Балалардың жүгіріп ойнайтын ойындарында айтылатын өлең, тақпақ, ән-әуен немесе отырып ойналатын ойындарда айтылатын мәнінің (мәтін) мазмұнында әзіл-қалжың, сықақ, күлдіргі сөздер мейлінше қарапайым, айтуға жеңіл, сөздері ойнақы болып келеді. Өлеңнің дыбыс­талуы, ондағы аллитерация, ассонастық қайталаулар агглютинативтік тілдің табиғатына тән. Сондықтан да ұлттық ойындар халық әдет-ғұрпын білуге, тілін меңгеруге ықпалы зор жол екенін ешбір шүбәсіз мойындаймыз. Бала ойынында жеңуші бар да, жеңілуші бар. Әрине, жеңген топ немесе бала табысын жұбаныш етсе, жеңілушінің айыбын өтеуі үшін айтатын тақпағы, биі, мақал-мәтелі, жұмбағы болу керек. Сонда бала ойынның қай түрінде болсын іс-әрекет, ән, би, өлең, жұмбақ, нақыл сөз араласа жүретіндіктен синкретті деп танимыз. Мұның педагогикалық мәні – баланы жан-жақты дамуға, тәлім-тәрбиенің арнасын кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді жол екендігінде. «Тоғызқұмалақ», «Ептілік», «Айтыс» ойындарында балаларды тапқырлыққа, математикалық ойлау заңдылықтарына баулуда, салыстыра айтсақ, бұлар шахмат, дойбы, т. б. ойындардан артпаса, кем түспейтін ұлттық ойындар қатарынан өзінің сыбағалы орын алатындығына қазіргі балабақша тәжірибелері көзімізді жеткізіп отыр. Халықаралық ойындар санатына қосылмағанмен де, асықпен ойналатын қазақтың ұлттық ойындарының балабақша үшін және жанұя үшін мәні зор. Дене ширатуда, түсті ажыратуда, дәлдікке үйретуде, ұстамдылық көрсетіп, тиісті тәртіп сақтауға баланы машықтандыратын «Хан», «Жиырма бір», «Алтын сақа», «Алшы, тәйке-хан талапай», т. б. асық ойындары – ойлау мен қимыл-әрекеттің тұтаса келіп тоғысатын тәлімдік, тәрбиелік үйлесімі басым, бала үшін қызықты, ұлттық мәні зор ойындар. Ұлттық ойын – халықпен бірге жасайтын өміршең құбылыс. Балалық шақтың қайталанбас ескерткіші – әрбір тұлғаның, әрбір ұрпақтың балауса кезінде бастан кешкен өмірі. Ойыннан бастау алып, ертеңімен сабақтасатын тәлім-тәрбиені бойға қондырып, ойға дарытудың алғашқы машығы. Қазақ халқының ұлттық ойындарына тән басты ерекшелік ойын – адамгершілік әдептеріне баулудың тиімді жолы, тәлім-тәрбие мектебі. Ойын арқылы көңіл көтеру, түйсік сезімін арттыру, күлу, айтылмақ пікірін дәл жеткізу, тапқырлық, сыйластық, мейірімділік, кешірімділік, төзімділік, сабырлық сияқты қасиеттерді баланың бойына нәресте, сәби кезден бастап сіңіруді мақсат еткен. Айтар насихат, берер үлгі – ойынға жеңіл-желпі емес, терең мән бергендіктен «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген даналық сөз – қазақ халқының бұл саладағы құқылық тұжырымы, атадан балаға мирас болған өнегелі өсиеті.

Қазақ халқының балаларға арналған ұлттық ойындарына тән сипат, жоғарыда айтқанымыздай, қарапайымдылық қасиетіне қоса, оны ұйымдастыру үшін күрделілікті тілейтін арнайы жағдай мен қиыннан қиыстырылған ойыншықтарды да керек ете бермейді. Тым кірпияздығы шамалы. Ойын кезінде бала қиратып алма­йын, бүлдіріп тастамайын деп қауіптенбейді, ешбір күдіксіз ойынға еркін кіріседі. Көңілі қалауынша еркін кіріскен ойын үстіндегі қимыл-қозғалысы, ақыл-ой жұмсауы баланың шамасына қарай әрекеттенуіне мүмкіндік берді. Сондықтан да баланың ұлттық ойынға ықыласы, белсенділігі байқалды. Балабақшадағы ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталып, балабақша топтарындағы ойынның мән-мағынасын ашуға және адамгершілікке тәрбиелеу әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолдануға бағыт-бағдар алдық. Ойын кезінде бала белсенді қарым-қатынас­тағы әсері ерік-жігеріне, эмоциясына ықпал етіп, олардың жақсы-жаманды ажыратып, адамгершілік әдептеріне жаттығады. Ойын арқылы баланың бойына сіңірген машығы – тә­уелсіздікке қолы жеткен елдің ертеңгі азаматының азаматтық келбетінің бастауы, болашақ бағыт-бағдарының қозғаушы күші.

 Елжан ЕДІЛБАЙҰЛЫ,

Әлихан Бөкейхан ­атындағы №76 мектеп-­лицейінің мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button