Ойын-сауық мекемелеріндегі мәселелер талқыланды
Елордада полицейлер ойын-сауық мекемелеріндегі проблемалық мәселелерді талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Елордалық полиция департаментінің қызметкерлері кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен, ойын-сауық мекемелерінің әкімшілігімен және күзет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Іс-шара ашық диалог форматында өтті, онда ойын-сауық мекемелеріндегі проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу жолдары талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – криминогендік жағдайды тұрақтандыру және тиісті құқықтық тәртіпті сақтау.
ПД КПБ бастығы Дастан Қалиев статистикалық мәліметтерді, сондай-ақ түнгі мекемелерге тән қылмыстарды айтып, қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастыққа шақырды. Спикер атап өткендей, талдау түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жасалатын қылмыстардың алдын алу және ескерту бойынша қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін айғақтайды. Осы жылы ойын-сауық орындарынан “102” арнасына қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бойынша 6 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Полицейлер күзет ұйымдарының қызметкерлерімен сындарлы өзара іс-қимыл жасауды ұсынды, жанжалды жағдайларда іс-қимылдың бірыңғай алгоритмін әзірлеуді ұсынды. Ғимараттарға суық және атыс қаруын әкелу фактілерінің жолын кесу мақсатында күзет қызметкерлерін металл іздегіш құрылғылармен қамтамасыз ету міндетті. Ойын-сауық мекемелерінің иелеріне мекемелердің ішінде де, сыртында да бейнебақылау камераларын қосымша орнату қажет.
Полицейлер, қала тұрғындары мен қонақтары өздерін қауіпсіз сезінуі үшін, бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қылмысты азайтуды қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті жақсартуға болатынын атап өтті.