Басты ақпаратБілім

Ойынмен ойға жетелеген балабақша

Ұлттық құндылықтарға негізделген саналы тәрбие Астана қаласының барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жүйелі жүргізілуде. Соның бірі – елордада №44 «Үркер» балабақшасындағы сапалы білімді дәріптеген жобалар туралы ерекше айтуға болады.

Балабақшадағы авторлық ойындар

«Үркер» балабақшасында жас жеткіншектерге өзгелерге үлгі бола алатын авторлық ойындар арқылы тәлімді тәрбие беріледі. Бұл жобаның шығуына білім беру ұйымындағы бүлдіршіндердің тілінің кеш шығуы, сөздерді анық айта алмауы және өз ойларын еркін жеткізе алмауына байланысты туындады. Балабақша меңгерушісі Жанерке Сарсебаеваның бастамасымен білікті тәрбиешілер мен педагогтар бірлесе отырып, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ойындарды құрастырған «Ең үздік авторлық ойындар» атты байқау ұйымдастырды.

Байқау шарты бойынша ойындар мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес және білім беру саласының 5 бағытын қамтуы тиіс, сондай-ақ бір авторлық ойын бірнеше ойын түрлерін ойнауға мүмкіндік беруі тиіс. Байқаудың ерекшелігі сонда – тәрбиешілермен құрастырылған ойындардың шартын балабақша әдіскері таныстырады, яғни әр ойынның авторларын тек әдіскер ғана біледі, ал жеңімпаздарды тәрбиешілер мен педагогтар дауыс беру арқылы өздері анықтайды.

Ойындарды дамыту және дәріптеу мақсатында авторлық «Балабақшадағы ойындар кейсі» атты әдістемелік құрал дайындалды, жоба Астана қаласы әкімдігіне қарасты Әдістемелік орталығының кезекті хаттамасымен қалалық деңгейде қорғалды. Ойындарды жетілдіру мақсатында авторлық ойындармен жабдықталған арнайы «шығармашылық кабинет» жасақталды.

Үздік жобаны жасауға қатысқандардың бірі – тәрбиеші Айнұр Отызбекова. Ол 2022-2023 оқу жылында әдістемелік құрал, авторлық ойын жинағының авторының бірі болды. 2023-2024 оқу жылында, қалалық «Үздік педагог» байқауына қатысып, «Гран при» иегері атанып, рес­публика деңгейіндегі байқауға қатысқан тәжірибелі педагог. Оның айтуынша, ойын – ол оқыту, тәрбиелеу формасының ең қолайлы түрі. Ойын кезінде балалардың ақыл-ойы дамиды. Өзара достасып, қарым-­қатынастары нығайып, жақсы қабілеттері қалыптасады. Сөздік қорлары көбейіп, дүниетанымы кеңейеді.

– Ойын жинағындағы бірнеше ойындарды қолданып, оқу іс-әрекетінде көрсеттім. Қазіргі кезде балалардың тәрбиесіне ойынды ойната отырып қолданған өте ұтымды, пайдалы тәсілдің бірі деген сенімдемін, – дейді Айнұр Мухаммедкаримқызы.

Танымды кеңейтеді

– Авторлық ойындар – балалардың дамуындағы ең маңызды құралдардың бірі. Олар балалардың танымдық, физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық қабілеттерін қалыптастыруға көп мүмкіндік береді. Бұл ойындар ойын-сауық үшін емес, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған ойын түрлері, – дейді тәрбиеші Назира Казбекова.

– Жалпы жобаның міндеті – танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы балалар жаңа білімдерді игереді, әлемді зерттейді және заттардың қасиеттерін таниды. Ойын баланың шығармашылығы мен қиялын дамытады, өз ойларын еркін жеткізуге және шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталған. Олар осы арқылы әлеуметтік дағдыларын қалыптастырып топпен жұмыс істеу, қарым-қатынас жасау, өзара сыйластықты үйренеді, – дейді балабақша меңгерушісі Жанерке Абылайханқызы.

Білікті педагог, жоба жетекшісі Жанерке Сарсебаеваның айтуынша, педагогтың шеберлігіне байланысты бір ойынды бірнеше рет қолдануға мүмкіндік бар. Яғни, балалардың осы ойынды зор ықыласпен қабылдап, одан нәтиже болғандықтан осы сәтті жобаны бірнеше рет қайталауға әбден болады.

Онда бес дағдыны қамти отырып, жобаны  түрлі бағытта пайдалануға болады.

Жобаның ерекшелігі сонда – ойындардың барлығы инновациялық әдістерге негізделген және балалардың табиғи қызығушылықтарын оятады.

Жоба үздіктер қатарында

Балаларға ұнап, білім беру саласына оң өзгеріс әкелген ойындар қалалық деңгейдегі семинарларда өзге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына сәтті жоба ретінде іс-тәжірибемен бөлісуде.

– Биылғы жылы Ұстаздар күні қарсаңында балабақшамызда өткізілген «Тәрбиеші – балабақша жүрегі» атты қалалық семинарда 20 балабақшадан келген педагогтар үшін «Жұлдызды алаң», «Менің алғашқы дыбысым», «Мамандықтар әлемі», «Сиқырлы алаң», «Көңілді саяхат», «Интеллектуалды асық», «Логопедиялық тақтайша» атты ойындарды таныстырып, шеберлік сағаты өткізілді, – дейді Жанерке Абылайханқызы.

Педагогтың айтуынша, №72 «Жанарым» балабақшасында ұйымдастырылған қалалық семинар-практикумында тәжірибе алмасу мақсатында меңгеруші және тәрбиешілер  авторлық ойындарымен бөлісіп,  талқылау, пікір алмасу бағытында жұмыстар жүргізді. Атап айтсақ, «Сиқырлы алаң», «Көңілді саяхат», «Интеллектуалды асық» ойындары таныстырылды.

«Интеллектуалды асық» ерекшелігі не?

Авторлық ойындар жинағының ішінде ерекше атап өтуге лайық – «Интеллектуалды асық» ойыны. Биылғы жылы бұл ойын балабақшада бекітілген біртұтас тәрбие жобасына негізделіп енгізілді. Жоба дәстүрлі ұлттық ойынды заманауи тәсілдермен ұштастырып, балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Әртүрлі жас топтарына ыңғайлы және бірнеше мақсатта қолдануға мүмкіндік береді. Бұл ойын, әсіресе, балалардың ойлау қабілетін арттыру, зейін қою, әрі ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын дамыту үшін маңызды жоба.

Ұлттық құндылық пен сапалы білім

Алматы қаласындағы респуб­ликалық семинар-практикумда «Үркер» балабақшасының «Балабақшадағы ойындар кейсі» атты осы үздік жобасын балабақша меңгерушісі Жанерке Абылайханқызы таныстырып, өзге өңірлерден келген әріптес­терімен өзара тәжірибесімен бөлісті.

– Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген әріптестер біздің авторлық ойындарымызға зор қызығушылық танытты. Алматы қаласындағы №76 «Бөбекжай» балабақшасына авторлық «Интеллектуалды асық» ойыны мен әдістемелік жинақ  сыйға тарттық, – дейді педагог жетістіктерімен бөлісе отырып.

«Үркер» балабақшасына барғанда бір топ ата-ананы жолық­тырып, осы авторлық ойын­дар туралы пікірін сұраған едік.

– Балабақшадағы авторлық ойындар балаларымызға қатты ұнайды. Ойындардың тек көңіл көтеру үшін ғана емес, баланың логикалық ойлауына, шығармашылық қабілетіне, ортада өзін-өзі ұстауы мен ұжымдық жұмыс істеу дағдыларын дамытуға көмектесетінін байқап жүрміз. Біздің балаларымыз бұл ойындарға қызығушылықпен қатысып, жаңа нәрселерді үйреніп, өздерін еркін, әрі сенімді сезінгені қуантады. Осындай балаларымызға пайдалы, әрі дамытушы ойындарды бағдарламасына енгізіп жатқан тәрбиешілерге алғысымызды білдіреміз! – дейді балабақшадағы «Гүлдер» тобының ата-анасы Арай Жумабекова.

– Авторлық ойындар балаларымыз үшін өте тиімді. Баламыз­дың жаңа идеяларды қабылдап, өз ойын еркін жеткізіп, топта жұмыс істеу дағдыларының дамығанын байқадық. Мұндай ойындар олардың логикасын жетілдіріп, ой-өрісін кеңейтеді. Бұл – өте сәтті бастама. Жалғасы боларына сенеміз және қолдаймыз, – дейді мектепке дейінгі ұйымның «Қарлығаш» ересек тобының ата-анасы Айман Нурбаева.

Мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы үздік саналған жинақтағы ойындар тек қала көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде де танылып, жоғары бағаланды. Жоба – ав­торлық ойындар жинағы ба­ла­бақша тәрбиеленушілерінің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, педагогтардың әдістемелік базасын байытуда. Бұл тәжірибе Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әріптестер тарапынан жоғары бағаланып, сұранысқа ие болып отыр.

Елордадағы №44 «Үркер» балабақшасының педагогтары жасаған авторлық ойындар – «Балабақшадағы ойындар кейсі» жинағы балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін инновациялық құрал, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы екені қуантады. Жас ұрпаққа сапалы білімді саналы тәрбиемен ұштастырып беру – өзекті. Ұлттық құндылықтар мен инновациялық әдістерді біріктіру аз жылда көп нәтиже берері сөзсіз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button